11:36
Бабадан қалған асыл сөз

ЕЛІМ МЕНІҢ АҢСАҒАН, ТАС БҰҒАУДАН БОСАҒАН!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ (1897-1961 ж.ж.)

Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі, ғұлама ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде дүниеге келген. Ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыстың көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің сапасын арттыруға, әдеби тілді байытуға ересен еңбек сіңірген.

Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтеріп, әлем әдебиеті мұрасына енгізген үздік туынды. «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деп бағалаған аталған роман-эпопея қазақ халқын, қала берді, бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танымал. Қазақ халқының мәдени даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің алатын орны ерекше.

* * *

Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім.

* * *

Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік.

* * *

Алтын анам Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ деп, ер қайратына мін-дағы, өрге бас.

* * *

Ел болам десең, бесігіңді түзе.

* * *

Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады.

* * *

Қазақ мектебіндегі бала келешкте қай мамандыққа барам десе де, ең алдымен, өзінің ана тілін, әдебиетін сүюі шарт. Сол сүюді орта мектеп табалдырығын аттаған соң да, мамандық, білім беретін жоғары мектепке ауысқанда да асыл қасиетіндей сақтауы керек.

* * *

Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, рухы, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?

* * *

Маңына ұрық шашпаған жақсылық, жапанда жалғыз өскен бәйтерекше, тұл болады да қалады.

* * *

Адам көркі – ақыл.

* * *

Жауға жалынба,

Досқа тарылма.

* * *

Дос таппаған ер азар,

Басшы бақпаған ел азар.

* * *

Іздесең – табарсың, алыссаң – аларсың.

* * *

Арқада жыл жақсы болса –

Арқар ауып несі бар?

* * *

Жүрген жақсы, көп дүниені көрген жақсы. Бірақ соның бәрінен де тағы бір жақсы бар: көре біліп, жүре-жүре келіп, отаныңа қайтқан сәт бәрінен де жақсы.

* * *

Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндердің бірі деп саналады.

* * *

Халық бойындағы қаиет, заман өгей болғанда кейде жер астында жатқан алтын-гауһар есепті. Алтын қазына жер бетіне шықпағанымен, қазыналық қасиетін жоя ма! Кезі жеткен сәт күнінде жарқырап шығып жалт етеді. Тарих телегейі толқығанда да сол сияқты: ел тамырындағы қасиет жамырай шығып, шарқ ұрады.

* * *

Абай атамыз: «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп бекер айтпаған шығар, өмірдегі қай-қай ситуацияны болсын, сөз білген қазақ мөлдіретіп, төгілдіріп, кестелі сөзбен бейнелеп бере білген ғой...

* * *

Дүниеде, тарихтарда ер елден артық ел бар ма?! Ер жолымен өткен елдердің тарихынан сұлу тарих бар ма?! Елін «ел екен!» дегізіп өткен ұлдарға өлім бар ма, сірә да?! Елдің белін көтеретін ер ұл туған аталық пен аналық қандай бпқытты! Ер серігі болған жар жарастық қандай сұлу! Қорлық өмірге көнгенше, қадірлі өлім таңдармын дейтін жас жалын қандай биік мағыналы!

* * *

Ең әуелі «ер» атану, «ерлік» атанудың өзі адамның жалғыз аяқ жеке жолынан ұшыраспайды. Үйелменді елінің өзегін жарған мұрат-мүддесінің жолында ғана ұшырасады. Және, сол ерліктің егізінің сыңарындай, алып ұшар қос қанатындай асыл тірек діңгегі бар. Ол – өзгеше бір сүю емес, жанынан артық көріп жұртын сүю, халқын сүю сезімі. Бұл сүюден қасиетті сезім жоқ. Ол сана, ол сезімнің алдында барлық басқа тірлік, бөгде тілек бас иеді.

* * *

Қол жетпес шыңыраудағы су болғанша, пайдасы көпке тиетін жайдақ су болған жақсы.

* * *

...Көрген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!» - десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 240 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: