12:31
Бабадан қалған асыл сөз

ЕЛІМ МЕНІҢ АҢСАҒАН, ТАС БҰҒАУДАН БОСАҒАН!

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ (1889-1931 ж.ж.)

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі. Қазіргі Павлодар облысы Баянауыл аймағында дүниеге келген. Жазушы, ақын, драматург, публицист, аудармашы, қазақ топырағындағы тұңғыш педагог, психолог-ғалым. Бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Әлем әдебиетіндегі танымал да іргелі туындылардың, ғылыми ізденістердің біразын қазақ тіліне аударған. Қазақ әдебиетіне «ақ өлең» үлгісін енгізген. Өз шығармаларында қазақ даласындағы әйел теңдігі мәселелеріне назар аударған. «Сегіз қырлы, бір сырлы» есіл азамат өткен ғасырдың отызыншы жылдары жазықсыз жапа шеккен қазақ зиялыларының бірі.

* * *

Көркем өлеңге құлағы үйреніп қалған қазақ су татыған өлеңді оқымайды. Ондай өлеңге мейірі қанбайды... Өлең еместі өлең деп, жұрттың алдына тартуымыз ұят.

* * *

Төңкерістен кейін қазақ өлеңшілері, жазушылары көркем сөздің не екенін білмегендіктен, әйтпесе өнері жетпегендіктен не болса соны жазып, баспаға түсіріп, көркем әдебиеттің құнын түсіріп барады. Дәмсіз, кенеусіз сөзбен қандай әдебиет болса да туғыза алмаймыз.

* * *

Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына.

* * *

Оқу, білім – жанған шырақ, ойласаң,

Үйренерсің, іздеп көрсең, қоймасаң.

Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,

Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң.

* * *

Басшы түзу болса, басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық аз, қазан бұзар, ар соққан біреулер болмаса. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны... Оқыған – қара халықтың шырағы (идеалы), бұқарасы сонша қадірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған – оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.

* * *

Замандастар, тұстастар әділ болуы қиын, өйткені не заманнан қаймығады, не ақынды заман өлшеуішімен өлшейді, сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мініп алып, әбүйір-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуы мүмкін.

* * *

Өнегелі ел аяулы ақындарына өшпес белгі орнатады, сөзін жинайды, басады, қадірлейді. Өмірін жазады, үлгі қылады. Ақын атына мектеп, білім жұртын, кітапханаларын ашады. Ақынның өмірін, сөзін іздеуге, зерттеуге қауым ұйымдар ашады. Ақынның қай жерде не сөйлегені, қандай ат мінгені, киім кигені, тамақ жегеніне шейін, жатып-тұрғанына шейін қалдырмай тереді. Ақынды қадірлейді, қастерлейді, аспанға шығарады. Неге десеңіз, ақын – елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жанынан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемекші.

* * *

Жалынды сөз – жалынды жүректен шығады.

* * *

...Тозған асылдарымыз жаңартылып, жас тарихымыздың мәдениет табағына олжа салуымызбен келешекте дардиып мақтануымыз анық... Ауыз әдебиетінің жүзден бірі баспаға түсірілген жоқ. Ауыз әдебиетіміз қаймағы туырылған күйінде ел аузында қалып отыр. Бірақ бұл күйінде ел аузында ұзақ сақталып, көп жасай алмайды, қанатын алдырады, мертігеді. Бұның түбі бара-бара біразда жоғалу болады.

* * *

Адамның денесі қандай мысқылдап өсіп, жетілетін болса, сезімі де, пікірі де сондай, бірте-бірте жетіілп өркендемек: адам туа ұлтшыл, туа адамшыл бола бермейді, ұлтшылдық сезім де сол сықылды әуелі үй ішінен, одан қала берсе, туған ауыл, туған жерден бастап, жоғары өрлейді.

* * *

Қазағым, қақтықпа, қамалма!

Ел болар қамыңды амалды!

...Ұйымдас, ұрандас, жағалас!

Сен де мін бабаңның тағына!

* * *

Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды.

* * *

Ынсап, ұят, адалдық, тұрақтылық,

Адамдыққа ұласар көрік қылық.

* * *

«Алаштың» талабы зор, мақсұты мол,

Әртүрлі кемшілікке созып тұр қол.

Бір мақсұт – әйелдің халін аяп,

Азаттық, адамдыққа іздемек жол,

Бұл талап сәті болса – таудай талап,

Ниеті қабыл болғай құдай қалап.

* * *

Түрленіп мынау заман ағып жатыр,

Жай өтпей әркімге сын тағып жатыр,

Жайынан замананың хабардар ма,

Осы біздің қазақтар неғып жатыр?

Шүкір, қазақ ұйқыдан тұрып жатыр,

Өз әлінше өрмегін құрып жатыр.

Жіліктің майлы басын бері тартып,

Икемдеп өз алдына бұрып жатыр.

* * *

...Ұраным, қорғаным, сен Алаш!

Жолыңа құрмалдық мал мен бас!

Өнер тап, өрге шап, қару ат,

Аллалап алға бас, ал Алаш!!!

* * *

Ал, балалар, малдарың аман болсын,

Қызыр жар бол, бәлекет шабан болын.

Жел тынып, бұлт ыдырап, күн айығып,

Жолығар амандықпен заман болсын.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 163 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: