11:06
Бабадан қалған асыл сөз

БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ ТАЛАПТЫҒА БОЛСЫН КЕЗ...

ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ (1858-1931 ж.ж.)

ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. алғашқы ширегінде өмір сүрген ұлтымыздың көрнекті ақыны. Абайдың Құдайберді деген ағасынан туған немере інісі. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. Шәкәрім – ақын ғана емес, ол – жазушы, тарихшы, композитор әрі философ. Арнайы оқу орындарында білім алмаса да, өз бетінше ізденіп, Абайдың жетекшілігімен ғылымға ден қойған өз заманындабілімдар адамдардың бірі болған. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгеріп, бұл тілдерден аударма жасаған.

* * *

Қазаққа сыншылық керек.

* * *

Ей, көп халық, көп халық – көп те болса, шөп халық.

* * *

Ұры, қары, қу, сұмның жан жолдасы,

Қазақ қайтіп ел болар, қарағым-ау.

* * *

Бағасы бір халқыма

Жабағы мен мамықтың,

Нанбайды рас антыма,

Қадірі мол тантықтың.

Айырмайды арасын

Бұлдыр менен анықтың.

Енді қайда барасың,

Түрі мынау халықтың.

* * *

Халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай арыңды сақта.

* * *

Атадан қалған ақ сауыт

Арамға әбден былғанды.

Өнер қылды «жақсылар»

Қасқырша елді жұлғанды,

Жала жауып жалмайды

Жазасыз қарап тұрғанды,

Еліріп, еріп көп ел жүр,

Білмейді құдай ұрғанды.

Түпсіз жауға санайды

Түзу жолға бұрғанды.

* * *

Ел жеген жуанды сүйеген басшы оңбайды.

* * *

Отаршы елдер ағызар әскер қанын, алмақ болып аз елдің жер мен малын.

* * *

Түзелер кезі жоқ,

Түзетер тезі жоқ.

Жер жүзі халқының

Қазақтан езі жоқ.

* * *

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,

Қазақ жүр құмарланып құр атаққа.

* * *

Ел жеген әкімдерді ақтарым жоқ.

* * *

Өнері жоқ өсекші ел жамандар,

Өтірік пе, рас па – көрмей ішін.

* * *

Көрінгенге көз үзбей күнін көріп,

Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай.

* * *

Менің елден басқа қайғым жоқ.

* * *

Бұл елдің күн көргені – өтірік ант,

Қазаққа алдау деген болды ғой салт.

* * *

Қазақтың жаманы болмас,

Жаманнан аманы болмас.

Бірігіп іс қылатұғын,

Түзелер заманы болмас.

...Жуаны қылады зорлық,

Момынның көргені қорлық.

Теп-тегіс қулық пен ұрлық,

Ал енді қайтып ел болдық?

* * *

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып «Көппен көрген ұлы той» деп,

Береді бұл надандық кімге пайда?

* * *

Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,

Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.

Надандықтан еліріп босқа жүрсек,

Мына заман көрсетер бізге тарлық...

* * *

Қазақтың жайнар даласы,

Жетілер оқып баласы.

Шошытатын мені сол –

Олардың күндес, таласы.

Дағдысы сіңген бойына,

Тастаңдар күндес, мақтанын,

Көрген соң таңның атқанын,

Ел бастайтын жастарым,

Жөн емес жай жатқаның.

* * *

Адал еңбек еткен ел-жұрттың – көңілі шат.

* * *

...Еңбекпенен, өрнекпенен

Өнер ойға тоқылса.

Жайнар көңіл, қайнар өмір,

Ар білімі оқылса.

* * *

Еріншектен салақтық,

Салақтықтан надандық

Бірінен-бірі туады,

Жоғалар сөйтіп адамдық.

* * *

Мал да аяулы, жан да аяулы болса егер,

Малды аяма, жаның үшін малыңды сат!

Жан да аяулы, жар да аяулы болса егер,

Жанды аяма, жарың үшін жанды сат!

* * *

Еңбекке шыда, ебін тап та,

«Сабырдың түбі – сары алтын».

Өзімшіл болма, көпті ардақта,

Адамның бәрі – өз халқың.

* * *

Адамның адал ұлы болам десең,

Алдымен өзіңнің нәпсіңді жең.

* * *

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан!

* * *

Адалдың әділ жолына,

Ақырын басып жет, халық.

* * *

«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген,

Ел бұзылса, момын бол қоңыр қойдан.

* * *

Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,

Арсыз сол – арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол – таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды.

* * *

Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі.

Өзіне келер ұятын,

Өзі біліп тұрса игі.

Жаудан бұққан немені

Ортасынан қуса игі...

* * *

Мен қайғы жедім ғой,

Қапы өттім дедім ғой,

Қазағым, қам ойла,

Сен де адам едің ғой!

* * *

Арамдық, аразды түбімен жойыңдар,

Өтірік, өсекті біржола қойыңдар!

Намыс, жігер, бойыңа жиып қайрат,

Қажымай адалдық жағында болыңдар!

Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар.

Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.

Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,

Ұмтылып ерікті ел болып қалыңдар!

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 173 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: