10:11
Ғажайып ми

МИДЫҢ ҚЫЗМЕТІ және ОЛ НЕГЕ БАҒЫНАДЫ?

Егер адам тұтастай материядан ғана тұрады, сана-сезім, ой сияқты бүкіл рухани әрекеттерді ми реттейді деп санасақ, онда зейнеткерлікке шығу құқыңыздан айырыласыз. Оның үстіне алты ай немесе бір жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыға алмайсыз. 25 жыл жұмыс істеген адам 25 немесе 50 дене ауыстырса, онда зейнетақыны 50 есе көп беруге ешкім келіспейтін шығар. Мейлі, зейнетке шықтыңыз делік. Онда бір жыл өткеннен кейін зейнетақы ала алмаймыз. Өйткені тер төгіп, зейнеткерлікке шығарған клеткаларыңыз түгелдей бір жылдан кейін жаңарады.

Ендеше, пәтуасы жоқ таласты қойып, бір ымыраға келіп, дене қанша өзгерсе де, өзгермейтін рухқа сол тозған денелері үшін зейнетақы беріледі деп түйіндеген жөн болар.

Адамды тек тәннен тұратын болмыс деп есептесек, онда оның мінез-құлқы мен қабілеттері сол өзгермелі клеткаларымен бірге өгеретін еді.

Біздің ағзамыздағы клеткалар сәт сайын өзгеріп жатыр, бірақ мінез-құлық, қабілетіміз, ұстаным, ой-пікірі, сана-сезім, сондай-ақ абырой-беделіміз өзгеріссіз қалуда. Егер бұлардың барлығы тәнге тәуелді болғанда, онда тән өзгеріске ұшыраған кезде, олар да үздіксіз өзгеріп жатқан клеткаларымызбен бірге өзгеруі керек емес пе?

Кейде көп жылдан кейін жолыққан жолдасымызға: «Мүлдем өзгермепсің», - деп жатамыз. Алайда оның тәні алты ай сайын толығымен жаңалануда. Сонда оның қай жері өзгермеген? Бәлкім, мінез-құлқы өзгермеген болар. Өзгерсе де, бірте-бірте не жақсы жағына, не жаман жағына қарай бейімделген болар. Жалпы алғанда, әбден қалыптасқан жайлы-жайсыз мінез-құлықтың өзгеруі өте қиын. Ауру қалса да, әдет қалмайды емес пе? Егер адам тәннен ғана тұрғанда, онда жыл сайын бір мәрте мінез-құлқы ауысар еді. Солай емес пе? Жылдар бойы жалғасып келе жатқан әдет-дағдыларымыз бен бойымызға сіңірген қабілеттеріміз клеткаларымызбен бірге неге ауыспайды? Қабілетімізді жетілдіру үшін неліктен көп жыл тер төгеміз? Көп еңбектің нәтижесінде қол жеткізілген ұсталық, тігіншілік, суретшілік т.б. өнерлер неліктен ұмытылмайды?..

Адамның жеке басына қатысты ой-пікірлері жасушаларының өзгерісіне тәуелді болмастан, уақыт те келе, өзгеруі немесе жетілуі мүмкін. Алайда ақиқатқа негізделген ой-пікірлер ешқашан өзгермейді. Осы секілді әр адамның табиғатына сіңіп кеткен ұстанымдары да оңайлықпен өзгермейді. Сонда ұстанымдарды анықтап, ойды реттеп тұрған қандай күш?

Оқу-біліммен жинақталған мәліметтер уақыт өте келе ұмытылса да, жыл сайын маусымға қарай өзгермейді. Елге танымал дәрігер немесе профессор болған адамға: «Клеткаларың өзгеріп кеті. Баяғы ілімің мен атағыңнан жұрдай болдың. Енді орныңды босат», - деп айта аласыз ба?

Әлде үйренгенімізді, қалыптасқан мінезімізді жаңа жасушаларымызға ескілері үйретуде ме? Ескірген жасушалар өлетін кезде «Менің өсиеттерім» деп химиялық формулаларды, ғарыштың тылсым күштерін, медицинаның ақылға сыймас ғажайыптарын, жаңадан дүниеге келген жасушаларға үйретіп кетіп жатыр ғой дейсіз бе?

Барлық адамның жасуша және ми қызметі бір-біріне ұқсас. Алайда әр адамның ақыл, ниет, сезім сияқты қасиеттері әртүрлі. Сонда адамдар арасындағы ой-пікірдің ала-құлалығын, білімі мен біліктілігіндегі үлкен айырмашылықтарды мидағы молекулалар мен үздіксіз өзгеріс үстіндегі клеткалардан көруге бола ма?

Жұмыс істеу дағдысы бірдей, аппараттары бір, шикізаты ортақ зауыттан бірдей заттар өндіріледі. Мата шығаратын фабрика цемент өндірмейді; химия зертханасында нан пісірілмейді. Ендеше, ми зауытынан да әртүрлі нәтижелер шықпауы керек. Дегенмен адамдар мен олардың арасындағы айырмашылықтар бәрімізге белгілі. Демек, әр адамды ерекшелендіріп тұрған олардың рухы екеніне көзіміз жетеді. Ми мен оның қызметі бір, оларды басқарушылар ғана әртүрлі. Жалпыға тән заңдылық бойынша, барлық адамның клеткалары өзгеріп яки жаңаланып отыратындығына қарамастан, әркімнің көзқарасы мен қабілеті түрліше болып келуі жасушаға емес, тек рухқа ғана негізделгендіктен, әр адамның басқалардан ерекше болатын себебі де сол. Сондықтан мидың адам организмдегі барлық процесті басқармайтынын, тек солардың орындалуына ат салысатын дәнекер екенін айтқымыз келеді. Өйткені мидың әміршісі рух, ол рухтың айтқанына бағынады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 14 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: