21:20
Қазақы құрмет

ЕГДЕЛЕР ЕҢСЕСІМЕН ЕЛ ЕЛЕУЛІ

Үлкенді құрметтеу ұлтымызға сіңген қассиеттің төресі екеніне әңгіме жоқ шығар. Қазақы тәлім-тәрбиенің озық үлгі-өнегесімен тербетіле өсіп келе жатқан қазіргі ұрпақ айналасындағы егде тартқан азаматтарды елеп жүр ғой қашанда. Күз көркі қазан айының алғашқы күні әлдеқашан ата-әжелерді құрметтеуге арналған.

Игі дәстүр ізімен Бесқарағай жалпы орта білім беретін асханасында Қызылағаш ауылдық округі әкімшілік аппараты және мектеп ұжымы бірлесе отырып ауылдың егде тартқан жандарына арналған әрі ән-сазды, әрі дәм-тұзды шарасын ұйымдастырды.

Неше түрлі тағам түрі табылатын қазақы дастархандар айналасы өткеннің тарихи куәсі болып жүрген аталар мен әжелермен толды. Жарасымды әңгіме, сыңғырлаған күлкі ойнаған жүздерде бір-біріне деген риясыз сыйластықтың нұры байқалды. Терезеден күлімдеген күзгі Күннің сәулесі ажарлы егде жандарды одан сайын шырайландыра түсті.

Қызылағаш ауылдық округі әкімі міндетін атқарып жүрген Ж.Ш.Байтілеуова өз құттықтау сөзінде шақырылған асыл жандардың қоғам үшін салмақты бедел-маңызын айта келе, баянды болашақтарына жалғаның шексіз жақсылығын тіледі. Көңілді отырыс барысында сөз алған ардагер ұстаз Д.А.Ақатаев та, құрметті зейнеткерлер Н.А.Гроздюк және Д.К.Дөненбаева да ұйымдастырушыларға деген шексіз алғыстарын шын жүректен білдірді.

Концерттік бағдарламада бастауыш буын оқушылары көз тіге, құлақ түре отырған ата-әжелерге өмірлік мазмұны асқақтаған шағын өлең шумақтарын нақышына келтіре жатқа оқыды. 5 сынып оқушысы Ерсайын Аяулым, 1 сынып оқушысы Ахметова Ділназ, 3 сынып оқушысы Серікпай Айдана, 4 сынып оқушысы Зейнуллинова Ділназ үш дауысқа салып, мектеп мұғалім-тәрбиешілері Л.Қ.Сейітова, Б.Т.Мазанова, Б.К.Ибраһим жан-жүрекке жылу беретін әсем әндерін шырқаса, бастауыш буынның оқушы қыздары келісті билерін ұсынды.

Асылында, егде жандарды құрметтеу ишараты биыл да өзінің жоғары деңгейінде көрініп, ұзағынан айта жүретін ұмытылмас сәттер қатарында төрден өз орнын алды.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 973 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: