22:58
Қазақтық

АСАУ МӘСТЕК

Асау мәстек – жазық алаңда ойналады.

Ойынға қатысушы жастар жиылып келіп, асау мәстем құрады. Ол үшін 4-5 қадамдай қашықтықтан екі мықты қазық (діңгек) қағады. Кейде бұған өсіп тұрған екі ағашты да пайдалануға болады. Екі қазықтың арасына жерден 50-70 см биікте арқан байлайды да, оның үстіне ескі көрпеше (шапан, тон) салады. Ойын жүргізуші балаларды ойынға тақпақ айтып шақырады:

Әй, ер екенің білейін,

Ешкі сойып берейін.

Тақия алсаң еңкейіп,

Құламасаң теңкейіп,

Ерлігіңе сенейін!

Осы сәтте өзінің ептілігін сынағысы келген ойыншы:

Асау мәстек бұл болса,

Үйретейін, көріңіз,

Маған таяқ беріңіз! – деп, ортаға шығады. Ойын жүргізуші таяқты беріп тұрып санай бастайды:

Міне, саған таяқ,

Үшке дейін санақ.

Бір...

Екі...

Үш...

Ойынға шыққан жас санақ біткенше таяқтың көмегімен арқанның үстіне атша мініп алуы тиіс те, жерден еңкейіп тақия алады. Жеңіп шықса ойын жүргізуші айыпты болады да, жығылса өзі айыпты.

Айып өлең айту, ән салу немесе қораз болып шақыру, түйеше боздау, ешкі сияқты маңырау түрінде болады.

 

Психологиялық мәні:

Халқымыздың ойындарынан «дайын асқа, тік қасық» қағидасын көрмейсіз. Балалар ойынға қатысты барлық дайындықты өздері жасайды. Яғни бала өз тұрмыс-тіршілігін өзі кешуге ерте бастан машықтанады. Бұл қағида «Асау мәстек» ойынына да тән. Ойынға қажетті дүниелер адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданылып жүрген жанды-жансыз заттар: тақия, қазық, «мәстек», шапан, тон, көрпеше.

Ойын барысында бала жастайынан суырыпсалмалыққа бой үйретеді: ойынға өлең арқылы шақырылып, ойын барысында шығармашылық, суырыпсалмалық көрсетілуі керек.

Сонымен бірге, ойында ересектер қатысатын ұлттық ойын – көкпардың келбеті бар. Бұл арқылы балалар ересек болудан үміттенгенін байқауға болады.

Ойын арқылы балалар бойын ептілікке баулиды, жүргізуші санап болғанша жердегіні іліп әкету – баладан шапшаңдық, ептілік, алдына мақсат қойып, оған жету, уақытты үнемдеу сияқты дағдыларды талап етіп, шымырлыққа әкеледі.

Ойыннан жығылып жеңілген балаға тағылатын айыптың бір түрі қораз болып шақыру, түйеше боздау, ешкі сияқты маңырау – баланы кемсіту емес. Тіршілігінің іргетасы болған бес түлікті баланың танып білуін талап еткендігі. Бұл жерде жеңілген бала бойындағы ашуын ызамен емес, қатты дауыстап шығару арқылы арылуын қамтамасыз еткен болуы да мүмкін. Себебі қазіргі кезде ата-ана мен бала арасындағы психологиялық мәселелерді, оның ішінде ыза, ашулану сияқты деструктивті күйлерді тарқату үшін ата-ана мен бала арасында бір-біріне тікелей ұрысып, жеку емес, ит пен күшік, мысық пен марғау, барыс пен алан болып бір-біріне ырылдау, мияулау, тағы басқа жануарлар болып мейірім мен ызаны ойын арқылы көрсету, арылу, тарқату, сездіру кеңес ретінде көп ұсынылады.

Халқымыздың әрбір ойынынан көерітінімз – жауапкершілік ұғымы баланың бойына ойын арқылы сіңірілгендігі. Адам бар жерде, оның әрекеті бар жерде жауапкершілік бар. Ал бұл жауапкершілікті ойын барысында жүргізушінің немесе жеңілгеннің алуы – әрбір әрекет үшін салдар мен жауапкершіліктің болатындығын баланың ұғынуын қамтамасыз етеді.

Адам өмірінің ажырамас бөлігі болып саналатын жауапкершілікті дана халқымыз балаға жастайынан ауыр жүк, «әзірейіл» ретінде танытпаған. Оны өмірмен қосақтасып жүретін, адамның адамшылығыны ашатын тазалық пен шынайылықтың көрінісі ретінде ұғындырған. Ойын барысында балаға артылған кез келген жауапкершілік пен жазаның нысаны ретінде өлең айту, ән салу, т.б. бойындағы өнерін көрсетуі – баланы кемсіту арқылы емес, шыңдау, еңсесін биік ұстау арқылы жауапкершілікті өз мойнына алуы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: