10:33
Қазақтық

АҚ САНДЫҚ, КӨК САНДЫҚ

Ақ сандық, көк сандық – бұл ойын көгалды алаңда, мектеп ауласында, дене шынықтыру, спорт залдарында, мәдениет үйлерінде, мектептің кең дәліздерінде ойналады.

Ойынға қатынасушылар екі ойыншыны ортаға шығарады. Ортаға шыққан екі ойыншы бір-біріне арқаларын беріп, қолдарын айқастыра ұстап отырады. Сол кезде ойын жүргізуші тақпақтап:

«Ертең ауылым көшеді,

Уық бауын шешеді.

Көк биеге мінеді,

Көтені жерге тиеді.

Қара атанға артады,

Қайыс арқанын тартады.

Қара қойым қашады,

Құмалағын шашады...

Ақ сандық, көк сандық

Арқан тарт, кілем арт!» - дейді.

Соңғы «арт» деген сөз қолдасып ұстасып отырған екі ойыншыға берілген белгі. Соңғы сөз айтылғанда екеуі тез тұрып кетуі керек. Қайсысы қарсыласын арқалап кетсе, арқадағы ойыншы қашан ұтқыр (тапқыр) жауап бергенше түспейді. Ойын жүргуші:

«Ақ сандық, көк сандық

Аспаннан не көрдің?» - деп сұрақ қояды. Ал арқадағы ойыншы:

«Жұлдыз көрдім, ай көрдім», - деп жауап береді.

Одан кейін: «Жерден не көрдің?» - деген сияқты сұрақтар беріледі.

Егер ойыншы осы сұрақтарға жауап бере алмаса, онда жеңіледі. Арқалап тұрған ойыншы оны біраз сілкілеп, есін шығарады. Ойын жалғаса береді, ойыншылар кезек-кезек ортаға шығып, ойынды жалғастырады.

Соңында жеңімпаз атанған екі ойыншы күш сынасады. Жеңген ойыншы мақтау алады немесе сыйлықпен сыйланады.

Ойын жастарды мықтылыққа, төзімділікке, жылдамдыққа, амал-айла, әдіс қолдана білуге баулиды. Тілін дамытып, есте сақтау қабілетін де шыңдай түседі.

 

Психологиялық мәні:

Халқымыздың түсінігі бойынша, тіршілік – адам мен оның сыртқы әлемі арасындағы «тыныс аудың» біте қайнасқан тұсы. Адам тіршілік ету үшін сыртқы әлеммен байланысқа түседі. Бұның негізі, яғни, адамның қоршаған ортаны ішкі психологиялық шынайылығы арқылы танып білуі, түйсінуі адам психикасы арқылы жүзеге асады.

Адам психикасы – кең мағынада – орталық нерв жүйесі ретінде, тар мағынада – адам миының әлемнің бейнесін көруін; өзін сыртқы әлеммен байланыстыруын; тіршілік ету барысында психикалық тұрғыдан өзін-өзі реттеуін; іс-әрекеті мен қызметін жүзеге асыруын басқарады. Психика қатып қалған дүние емес, қозғалыстық үрдіс. Сондықтан психиканы тану психикалық танымдық процесстер арқылы жүзеге асады.

Психикалық-танымдық процесстер адам психикасының іргетастық компоненттері болып саналады. Ол 4 түрге бөлінеді:

  • танымдық (түйсіну, қабылдау, назар салу, ес, қиял, ойлау, тіл);
  • эмоционалдық (эмоциялар, сезімдер және аффектілер);
  • ерік (жігер, ерік процесі және ерік актісі);
  • ынта (уәж, түрткі).

Соның ішінде адамның сыртқы әлемі мен ішкі әлемін байланыстырушы ең маңызды негіз ретінде адамның танымдық процестері аталады. Психологияда жеті түрлі танымдық процесс бар: түйсіну, қабылдау, назар салу, ес, қиял, ойлау, тіл. Аталған процесстер адамның дүние есігін ашқаннан бастап, еңкейген кәрілікке дейін жалғасады. Яғни адамның толыққанды өмір сүруінің алғышарты.

Халқымыздың тіршілігінде де «ес білу», «таныс-білістік», «маңдайдағы көз бен көкірек көзімен қатар көру», «түйсіну», «назар салу», «ұғыну», «жетесіне жету» және т.б. танымдық үрдістерге баса назар аударылған. Сондықтан да ұлттық ойындардың кәсібі танымдық мәселелерді шешуге бейімделген.

Мысалы, «Ақ сандық, көк сандық» ойыны – адамның айналасын толық танып-біліп, болып-толғанын тексеретін құрал. Ойынға қатысушы көк аспан мен қара жердің арасын, яғни өзін қоршаған әлемді толық танып білуі қажет. Сондықтан да ойын аты «Ақ сандық, көк сандық» аталса керек.

Аспандағы көк пен жарық дүниедегі біте қайнасқан дүниелерді ойыншы жай отырмай, біреудің арқасына жабысып, яғни «жапа шегіп» жүріп те жаңылыспай білуі керек.

Бұдан бөлек, ойынның феноменологиялық мәні бар. Бір ойыншы екінші ойыншыны арқасына көтеріп тұрады, яғни ауыртпалық арқалайды. Ауыртпалық көтеріп тұрған ойыншы жарық дүние мен көк аспанда, яғни, айналасында тіршілік барын ұмытпауы керек. Ұмытпау үшін арқасындағы ойыншыны сілкілеп мына дүниеде не бар екендігін сұрай бастайды.

Арқадағы сілкіленіп жатқан ойыншының мүдірмей жауап қатуының да өз астары бар. Аяғы жерге тимей тұрған шағында бұл ойыншы да өзін көтеріп тұрған дүниенің бар екендігін, сол дүниемен байланысын үзбей қажеттігін түсінген.

Сондықтан аталған ойын адамның дүниетанымы тек жайбарақат кезде ғана емес, бүкіл жаны, тәні, санасы арқылы қалыптасып, сіңісуіне ықпал етеді.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 9 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: