22:00
Қазақтық

ҚАСҚЫРҚАҚПАН

Қасқырқақпан – халықтың ежелгі ойындарының бірі.

Ойын жазық көгалды алаңда, мектеп ауласында, спорт, мәдениет үйлерінің кең залдарында өткізіледі. Ойнаушылар ойын болатын эерге жиналады да, екі топқа бөлінеді.

Үлкен тобы – «Қақпан», кіші тобы – «Қасқырлар». Ойынға басқарушы тағайындалады. Басқарушы ойнаушылардың арасынан дауысы ашық, тақпақты жақсы білетін біреуіне бастауды міндеттейді, қалғандары оған қосылады.

Қасқыр түссе қақпанға,

Жортып келе жатқанда.

Ол түседі қораға,

Ұстамасқа бола ма.

Қол ұстасып тұрайық,

Қасқырқақпан құрайық.

Біздің қақпан болаттай,

Қасқырды тұр жолатпай.

Қасқыр, қасқыр, келіп көр,

Қақпан, қақпан, берік бол!

Ойынға қатысушылар әбден бір-бірімен қол ұстасып, дөңгеленіп, шеңбер құрып тұрып болғанша:

Кәне, кәне, тұрайық,

Қақсырқақпан құрайық, - деген өлең жолдарын қайталап айта береді. Сонан соң өлеңнің соңғы шумағы:

Кәне, қақпан, берік бол,

Қасқыр, қасқыр, келіп көр! – деген жолдарды айтып болысымен, «қақпан» болып тұрғандар бір-бірінің ұстаған қолдарын жоғары көтереді. Ал «қасқыр» тобындағылар арғы беттегі «қораға» көтерілген қолдардың астымен жүгіріп өтіп кетуге тырысады.

Қасқырлар осылай өтіп жатқан кезде бастаушының «а-ап!» деген белгісімен көтерілген қолдар төмен түсіріледі. Ойнаушылар жүрелерінен отыра қалады. Сөйтіп, «қақпан» жабылады. Іште қалғандар «қақпан» тобына қосылады да, «қасқырлар» азая береді. Ойын қайталанып жалғаса береді. Ойынға қатынасушылар кезектесіп орын ауыстырып отырады.

 

Психологиялық мәні:

«Қасқырқақпан» ойыны – топтық психотерапиялық мазмұнға ие ойындардың бірі. «Айгөлек» ойынында жанға «жау шапса», «Қасқырқақпан» ойынында малға «жау шабады».

Бұл ойын арқылы халқымыздың адал дүниесі – малын қызғыштай қорып, ыждағаттылықпен қарағанын көреміз. Қазақ адамға «жау шапса» да, малға «жау шапса» да бірге болып, бірлік танытады.

Қасқырқақпан ойынынан халқымыздың психологиялық феномені – табиғаттың адамнан бөлек бір «перзенті» - қасқырдан жастардың қанпезерлік арқылы емес, алдымен, өз іргесінің берік болуы, сақтық шараларын жасауы арқылы қорғануын мақұл көріп, түйсіндірген. «Көршіңді ұры тұтпа, өз-өзіңе бекем бол» қағидасын ұғындырған. Іргенің беріктігінен басқа, қасқырды қақпан арқылы аулап, бүтіндігін қамтамасыз етіп, бүтін терісін өз қажетіне жарата білген.

Сонымен бірге, қарапо тырсаңыз, ойын барысында қақпанға ілінген қасқыр тобының ойыншылары қақпан тобына қосылып, қақпан тобы көбейе береді. Бұл жерден халқымыздың бөрі мен жұтанқ орғанудың бір жолы ретінде мал санын көбейту арқылы сақтанғанын да көруге болады. Бұл қағида, яғни, «мал санының үнемі көбейіп отыруы» - экономика мен бизнес саласындағы психологияның негізгі қағидаларының бірі.

Жалпы, халқымыздың топтық психологиялық маңызға ие кез келген ойынынан әр адамның топ құрамында өзін-өзі танып, әл-ауқатын арттыруы, қауіпке төтеп беру қабілетін арттыруы, біріне-бірінің жанашырлығы мен үлкен қауіптер төнгенде адамды жалғыз тастамай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды» талап еткен стратегиясын көреміз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 13 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: