10:20
Қазақтық

АЙГӨЛЕК

Айгөлек – айлы кеште, далада өтеді.

Ойнаушылар екі топқа бөлінеді. Олардың сандары да, жас шамалары да бірдей болулары керек. Екі топтың да бастаушысы болады. Аралары 10-15 метрдей жерде қол ұстасып қатарласа тұрған екі топ біріне-бірі сөз тастап, күш көрсетіп, өнер жарыстыра бастайды. Екі жақтың ойын бастаушылары орталарынан бір қыз, бір жігітті шығарып, олардың қолына бір ақ тас, бір қара тас береді. Олар екі тасты ешкімге көрсетпей, уысына қысып тұрады да, ойын басынан:

- Сен қай қолдағы тасты қалайсың? – деп сұрайды. Бастаушылардың біреуі: «Мен оң қолдағы тасты қалаймын», - дейді, екіншісі сол жақ қолдағы тасты алады. Қайсысында ақ тас болса, сол ойын бастайды.

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Күші мығым, қуатты,

Екпіні желдей өршіген

Шепті бұзар ер керек.

Екінші топ:

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Күші мығым, қуатты,

Екпіні желдей өршіген

Саған қандай ер керек? – дейді.

Ол тобынан шығып, бір-екі адым ілгері басып:

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Сайысқанда саспайтын,

Самала күнге бастайтын,

Пәлен деген ер шыққан,

Топ бұзуға мен шыққам, -

деп сол жүгірген бойы қарсы топты жарып өтпек болады. Ол екпінді, күшті болса, топты жарып өтіп, өзі қалаған бір қызды, не бір жігітті жетектеп өз тобына алып келеді. Егер ол топты жарып өте алмаса, сол топта қалады.

Ендігі шақыруды екінші топ бастайды. Сөйтіп, ойын созыла береді. Ойында дөрекілік көрсетуге, жұптасқан жұдырықты жүгіріп келе жатқан ойыншыға қарсы қоюға болмайды. Жүгірген ойыншы да ойын ережесін сақтауға тиіс.

 

Психологиялық мәні:

Адамзат дамуының ежелден келе жатқан ерекшеліктерінің бірі – олардың топтасып өмір сүруі, сол арқылы дамуы. Жалпы алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, қазіргі кезге дейін адам баласының сақталуының өзі сол топ болып өмір сүрудің нәтижесі десек артық айтқандық емес. Сондықтан қуаныш пен қайғы, маңызды әрекеттер, құбылыстар жалғыздың әрекеті арқылы емес, тпо арқылы тарқатылып, шешіліп, топ арқылы тойланады, мәресіне жетеді.

«Бөлінгенді бөрі жейді», «жалғыздың үні шықпас» - қазақ халқының басты ұстанымдары. Бірігіп өмір сүру – қазақ қоғамына тән дүние. Бұл, әсіресе, ұлтық ойындарында көп көрініс алған. Атадан балаға берілетін әрбір ұлттық ойынның астарында халыққа тән ұстаным мен ерекшелік, тәрбиенің негіздері бар екенін ескерсек, қазақ ойындарының көбі топ арқылы ойналатындығы – халқымыз үшін ынтымақ пен ауызбіршіліктің бірінші орында тұрғанын көрсетеді. Ауызбіршілік – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, халқымыздың мамыражай күй кешіп, өмір сүруінің алғышарты.

Десек те топтасып өмір сүру – адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрал ғана емес. жалпы кез келген адам – адамдар арасында, яғни топта өмір сүреді. Сондықтан қазіргі таңда әлеуметтік психологияның басты мәселелерінің бірі – топтық психология тармағы. Адамзат пен әлеуметтің қазіргі дамуы барысында топтық психология топтың бірнеше түрін қарастырады: үлкен топ (партиялар, митингілер, тобыр, халық және т.б.) және кішігірім топ (формальді және формальді емес топ).

Адам неге топқа ұмтылады? Өйткені ол үнемі жандымен де, жансызбен де қарым-қатынаста болады. Сондықтан құндылықтары мен ниеттері, мақсаттары бір адамдар топ құруға бейім. Белгілі бір құндылықтың төңірегінде топтасып өмір сүру адам үшін нығмет. Бұндай құндылықтарын біріктіріп, топ, ру, ауыл, әулет, ағайын болып өмір сүру – қазақтың табиғатын мойындап, бірін-бірі сыйлағанын көрсетеді. Жалғыз ойнамауы, ойынның көбі топтық қағидаларға негізделуі – халқымыздың жастарды ортақ құндылықтарға баулығандығының айғағы. Топтасып ойнайтын ойындарда жастар ортақ құндылықтардан өзге, қарым-қатынастарын түзеп, уақытты көңілді, мағыналы, мазмұнды өткізуге тырысқан.

Қазақтың еті үйренген топтық ойындар қазіргі таңда топтық психотерапияның мазмұнына сәйкес келеді. Тек әлеуметтік психологияда ғана емес, психологиялық коррекция, психотерапия салаларында да адамның психологиялық мәселелерін топ арқылы шешу үрдісі кеңінен тараған. Психотерапия саласындағы сәтті және берері көп, нәтижелі әдістердің бірі деп саналған. Бұл салада к.Роджерс, К.Рудестам, И.Ялом сынды шетелдік ғалымдардың еңбектері жарық көріп, топтық терапия психологиялық әдістердің ең негізгісіне айналып отыр.

Топтық психотерапия туралы еңбектердің авторы К.Рудестам әр адамды жеке «сындыру» оңай болғанымен, әр адамды жеке өзгерту қиын екендігін, ал топта кез келген адамның өзгеретіндігін айтқан. Оның бірден-бір себебі ретінде, адам тіршілігінде біреумен жақындасуға, қарым-қатынасқа түсуге бейім тұратындығымен түсіндірген.

Сол сияқты «Айгөлек» ойынында да жастар топқа бөлініп, топтың ішінде қарым-қатынасын түзеу, бір бүтін болу, «басқаның» осы топтың «мұртын балта шаппай», бірлігіне қауіп төндірмеудің амалын жасаудың көрінісі. «Өзге» бар екпінімен келіп, топты бұзып-жарып өтетін болса, онда осыт оптың ыдырауы басталады. Сондықтан топтың мақсаты – екпіндінің екпінін қайтаруға барынша әрекет ету және топтың беріктігін қамтамасыз ету.

Айгөлек ойынының психологиялық-тәлімдік мәні – ел шетіне тиген жаудың ел ішіндегі әр адамға қауіптілігін, ымырамен өмір сүрудің маңызын көрсетеді. Екпінмен келгенге «иммунитет» болғанда жау шаппайтындығын ұқтырады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: