08:46
Қазақтық

АЛТЫБАҚАН

Алтыбақан – қазақ халқының ең ежелгі ұлттық ойындарының бірі.

Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш-үштен біріктіріп, басын буып, аралығын үш-төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да жоғары жағы сырықпен жалғастырылады.

Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп үш арқан керіледі. Жоғарғы екеуі отыруға немесе белді тіреуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі.

Қыз бен жігіт қарама-қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да оған тамашалаушылар қосылып, думандатып әкетеді.

Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар қолданылып жүр. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдің бәріне кең таралған. Отырықшы халықтарда ол әткеншек деп те аталады. Алтыбақаннан айырмасы ол тұрақты орнатылады және жалғыз адамға арналады.

Алтыбақанның ерекшелігі – тез құрастырылып, тез жиналатын, күнделікті тұрмыста қолданылатын мүліктер. Ойын көпшілікке арналған. Жастарды әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерпаздыққа бейімдейді. Сонымен қатар, алтыбақан ойыны екі жастың бір-бірімен танысып, сырласуына, бұрын бірін-бірі көрмеген жастардың аралас-құралас болуына мүмкіндік беретін бірден-бір орын.

Алтыбақан көріністері театр өнерінде халықтың ұлттық тұрмыс ерекшеліктерін көрсету, сахнаны әсерлендіру тұрғысында да лайықты орын алады.

 

Психологиялық мәні:

Алтыбақан – адамның өмірмен, өзімен, өзгемен қарым-қатынас орнатуға, олардың құндылығын түсіндіруге бағытталған психокоррекциялық терең мағынаға ие психологиялық ойын деп айтуға болады.

Алтыбақан арқылы бірнеше мәселе шешіледі:

Алдымен, фундаменталды сенім мәселесі. Халқымыздың тіршілігінде кеңінен қолданылатын заттар (бақан, арқан) арқылы алтыбақан тебетін адам белі және табаны жерге тимесе де, оны көтеріп тұратын бақан мен ала жіпке сенім артады. Бұл адамның тек қана тіріге емес, сонымен қатар тұрмыс-тіршілікте қолданылатын кез келген заттың адам нығметі үшін жаратылғандығын, оған «табан тіреп», «арқа сүйей» алатындығын ұғындырады.

Сонымен бірге, алты қанат ақ үйде болатын қарым-қатынас алты сырықтан жасалған конструкция ішінде, яғни алтыбақанда қыз бен жігіт арасында көрініс береді. Ақ үй – көбіне үй иесінің мәртебелі қонақты қабылдайтын үйі ретінде танылса, сол сияқты, алтыбақанда сезімге құрмет көрсетіледі.

Психологиялық диагностика саласында қарым-қатынастағы мәселелерді шешуге бағытталған, қазір көп қолданылатын техникалардың қатарында мамзұны жағынан алтыбақан принципіне сәйкес, «Әткеншек» техникасы көп қолданылып жүр. Ьұл техника барыында адамдар бір-біріне қарама-қарсы тұрады да, жүргізуші ойынды бастағанда қатысушы көңілі қалаған адамды топ арасынан тауып, әңгімеге тартады. Содан кейін екеуі бірінің басындағы мәселені талқылап, оған, қажет болса, жанашырлық пен қолдау көрсетіп, мәселесін шешуге ат салысады. Сондықтан, алтыбақанды сыр шертісу құралы деп те айтуға болады.

Алтыбақан тебудің неврологиялық тұрғыда денсаулыққа әсері, оның ішінде адамның өмір сүруі үшін қажетті статокинетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі орны, вестибулярлық аппараты қызметіне әсері туралы зерттеулер медицина ғылымының үлесінде деп санаймыз. Жалпы, организмдегі статокинетикалық тұрақтылық деңгейі төмен бойжеткендердің денсаулық жағдайы, әл-ауқаты төмен болатындығын дәледеніп отыр.

Алтыбақан тепкенде бозбала мен бойжеткен тек қарым-қатынас құрып қана қоймайды, вестибулярлық тітіркендіргіштер арқылы адам организмі шыңдалады (мысалы, жоғарыда шайқалу, тепе-теңдік сақтау, қимыл-қозғалысын бақылау, т.б.). сондықтан, алтыбақанның адам денсаулығына медициналық маңызы терең зерттеуді қажет етеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 19 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: