09:24
Қазақтық

ҚАҺАРЛЫ-БАНУ

Қаһарлы-Бану ойыны қазақ халық ертегісінің мазмұнында қалыптасып, ұлт ойынына айналған.

Ойынға жиылғандар жайғасып отырған соң, ойын жүргізуші ойынның мазмұнын баяндайды.

«Баяғыда анасынан жастай жетім қалған Қаһарлы деген жігіт бір байдың қолында жалшылықта жүреді. Өмір бойына қарны тойып ас ішпеген, иығы жылтырап киім кимеген Қаһарлы байдың Бану деген қызына ғашық болады. Қыз да өзінің Қаһарлыны сүйетіндігін білдіреді. Қоғамдық жағдай қоспайтындығына көздері жеткен екі ғашық бір күні түнде Қаһарлының әкесінен қалған жалғыз атына мінгесіп, Бетбақтың шөлін аралап кете барыпты. Содан шөл далада қол ұстасып жүрген уақытта жалғыз атын сойып жеп, күн кешіпті-міс – деген ойын жүргізуші сөзін тамамдай келіп, ойыншыларға – енді мен аяқтамаған махаббат әңгімесін сендер өздерің жалғастырасыңдар, қазір Қаһарлы мен Банудың жылқы етін қалай мүшелеп жеп күнелткендеріне тоқталайық», - деп ойыншылардың көңілін аударады.

Содан соң ойын жүргізуші:

«Ал ойыншы қауым, сіздерді жаңағы Қаһарлы мен Банудың жіліктеген мүшелері бойынша әр мүшенің атымен атап, қастарыңызға барып, әртүрлі сұрақ сұраймын, сонда күлмей, барлық сұраққа өзіңізге тиесілі мүше атынан ғана жауап бересіздер», - дейді.

Мысалы, бірінші ойыншы «мұрын», екінші ойыншы – «сирақ», үшінші – «құйрық», төртінші – «өкпе», бесінші..., т.б. осылайша барлық ойыншы бір-бір мүшеге айналады. Енді жүргізуші бірінші ойыншыдан бастап сұрай бастайды:

- Атың кім?

- Мұрын.

- Не жедің?

- Мұрын.

- Кімді көрдің?

- Мұрын.

- Сүйгенің кім?

- Мұрын.

Осылайша не күліп, не жаңылғанға дейін сұрай береді. Егер кімде-кім күліп, не жаңылысып, басқаша жауап беріп қойса, қаламы ма, тарағы ма, қол орамалы ма, әйтеуір кез келген белгілі бір затын береді.

Барлық ойыншыдан сұрап, бәрінен бір-бір белгілі зат алып, ойын жүргізуші топтың ортасына келеді. Содан өзінің жаңағы затты жинап жүрген көмекшісін теріс қаратып қойып, ойыншылардан жиналған заттарын бір-бірден алып, не істейтіндігі жөнінде билік айтқызады. Әдетте өнердің барлық түрін көрсетеді. Ойын осылай жалғаса береді.

Ойын ертегінің негізінде құрылғандықтан уақытты көп алады да, оны бір отырыста бір-ақ рет ойнауға тура келеді.

 

Психологиялық мәні:

Психологияда адам психикасының маңызды механизмдерінің бірі ретінде ерік-жігері, қайраты танылады.

Адамның ерік-жігері мен қайраты ғылым дамуына өз ықпалын тигізді. Неміс философы А.Шопенгауэр бұл механизмді адамның барлық психикалық көріністері бастау алатын бейсаналы алғашқы қағида ретінде танып, сана мен интеллектіні оның көріністері ретінде түсінген. Дж.Локк ерік-жігерді бостандық емес, қажеттілікке бағынатын дүние ретінде таныған. Оның бостандықтан ерекшелігін мойындаған.

Бертін келе, кеңестік психология білімінде ерік-жігер екі процесстен құралатындығы айтылды: шешім шығару және сол шешімді орындау.

Ж.Пиаженің ізімен Л.С.Выготский ерік-жігермен жасалған әрекеттің құрылымына қажетті әрекетті жасауға бағытталған уәжді қосты.

Қазіргі таңда психологияда ерік-жігер адамның өз әрекетін саналы түрде реттеп отыратын қабілет ретінде қабылданған. В.И.Селивановтың пікірінше, ерік – адам миының қабілеті мен функциясы. Бұл функция арқылы адам белгілі бір мақсаттар мен міндеттерге сүйеніп, өзін, өзінің іс-әрекетін толық басқаруды қамтамасыз етеді.

Сонымен, ерік-жігер арқылы адам өзін басқарады, әрекетін түзеді, өмірмен байланысын орнықтырады.

Ерік-жігердің, қайраттың адам өмірінде алатын орнын халқымыз ертеден білген. Оны қатайтуға барын салған. «Қаһарлы-Бану» ойыны соның дәлелі. Ерік-жігерді дамытудың бірден-бір құралы.

Әр ойыншы жылқының әр мүшесімен аталып, сол атты «сақтап қалу», атына «кір келтірмеу» - ойынның басты шарты. Қандай сұрақ қойылса да, сол атқа ие болып қалу керек. Бұл шыдамдылық пен табандылықты, бірбеткейлікті талап етеді. «Атын» сақтап қалмаса, затынан айрылады.

Қазіргі психологияда ерік-жігер адам алдында тұрған бөгет пен қиыншылықтардан сүрінбей өтуді қамтамасыз ететін қабілет ретінде мойындалып, оны күшейтетін көптеген психотехнологиялар жасауға тырысуда. Адамның ерік-жігері мен қайраты іргетас болатын көптеген қабілеттері мен қасиеттерін (мысалы, батырлық, бірбеткейлік, шыдамдылық, өзін-өзі бақылау, мінездің ұстамдылығы, табандылық) зерттеу және дамыту толық жолға қойылған. Осы жолда шетелдік психотехникаларға құлдық ұра бермей, өз «сандығымызды» да ақтарып, құнды дүниелерді табуымызға болатындығын айтқымыз келеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 18 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: