21:17
Қазақтық

АҚСҮЙЕК

Ақсүйек – жігіттер мен қыздар жиналып, жаздың айлы түнінде ашық далада ойнайтын ойын.

Ақсүйек ойынында лақтырылатын сүйектің өзі «ақсүйек» деп аталады. Бұл ойынды ай жарық түндері, көбінесе жаздыгүні қыз бен жігіт, бозбалалар ауыл сыртында ойнайды. Мал келіп, қораланып болғаннан кейін күзет түнінде ауыл шетінде ойын басталады. Ойынға ертеде ірі қараның жілігі пайдаланылған.

Ақсүйек ойнына малдың ақсөңкелеп қураған жілігі немесе қабығы аршылған, ұзындығы екі қарыстай жұмыр ақ таяқша пайдаланылады. Жиналғандар екі топқа бөлінеді. Ойынды бастау жеребе тастау арқылы анықталады. Содан кейін ойын бастаушы ақсүйекті бар пәрменімен алысқа лақтырады. Жастар таяқты іздеуге кіріседі. Оны тапқан ойыншы өз серіктеріне дыбыс беріп, сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Серіктері оның тосқауылға тап болмауына көмектеседі. Қарсыластары қалайда ақсүйекті тартып алудың амалын жасайды. Ақсүйекті тартып алса, өздері де біріне-бірі қол жалғап, сөреге жетуге ұмтылады. Бұл тартыста ақсүйекті сөреге жеткізген топ жеңген саналады.

Ойын шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды.

Ақсүйек ойыны бірін-бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне де дәнекер болған. Ертеде «Ақсүйек» ойынын той-томалақ жасаған үй иелері ұйымдастыратын. Ондай кезде алдымен айтыс, ән-жырға кезек тиеді. Үлкендер жағы жастарға тәлім айтып, қисса-дастандар оқитын болған. Соңында тықыршып тұрған жастардың ойынына кезек тиеді.

 

Психологиялық мәні:

Қазақтың кез келген ойынының мән-мағынасына назар салып қарағанда, бала мен жастың ойын қуғандығын, бос уақыт өткізгендігін, мағынасыздықты көрмейсіз. Әрбір ойынның астарында аксиологиялық (құндылықты), танымдық, тәрбиелік, болмысты ашу мен жетілдіруге бағытталған ниет пен бағдарды көруге болады.

Солардың бірі және бірегейі – ақсүйек. Бұл тек қана қуарған сүйектің ақтығына байланысты атау деп айта алмаймыз. Бұл ойын үшін «малдың ақсөңкелеп қураған жілігі» ғана емес, «қабығы аршылған, ұзындығы екі қарыстай жұмыр ақ таяқша» да қолданылуы мүмкін. Яғни қатты, лақтырғанда сынбайтын берік, бірақ тірі дүние қолданылады. Тас қолданылмайды, тірліктің белгісі сүйек немесе ағаш қолданылады. Бұл тірлік ақсүйек ойынының мақсаты мен міндетімен тікелей байланысты.

Ақсүйек ойынының басты мақсаты мен міндеті – қарым-қатынасқа берік болу, оған бар құрметпен қарау, адам арақатынасы жып-жылы, тірі болғанын қалау. Бір-біріне серік болуды, достық ниетті, жанпидалықты үйрету көзделген.

Бұл ойында екі топқа бөлінген қарсылас бар. Топ ішінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару басты міндет. Топ жай құралмайды, көңілі жақын адамдар өздігінен топқа бірікпейді, жеребе арқылы анықталады. Ал енді қараңыз, тұла бойы күш пен жігерге толы жастар арасында кірбің, келіспеушілік болды екен делік. Егер де ақсүйекте бір топқа түссе, олар бір-біріне деген араздықты ұмытуға міндетті. Яғни ақсүйектегі ең маңызды міндет – ауыл жастарының арасындағы қарым-қатынастың беріктігі мен серіктестікті сақтау. Ақсүйекті тапқан серік үшін, барын салып, оның алдына «даңғыл жол» салу. «Бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін», яғни елдің үміті мен болашағы – жастардың арасында ауызбіршілік пен берік қарым-қатынасты сақтау.

Ақсүйектің қарым-қатынас деңгейінде жастарға беретін дүниесі мол. Қазіргі таңда, психологияда, осындай арақатынастардың болмауынан, әсіресе, қала жастарының арасында ортамен арақатынастың үзілуі, әлеуметтен ажырауы, отбасылық құндылықтардың төмендеуі, өзімшілдік және импульсивтілік сияқты құбылыстардың белең алып бара жатқандығы алаңдатады. Бұл құбылыс біздің қазақ жастарына да қатысты орын алып отыр.

Ақсүйектің келесі міндеті – жастардың бойындағы алапат және булығып тұрған күш-қуатты жағымды, дұрыс бағытқа бұру, үйде отырмай, таза ауада дене шынықтырып, тек күйбең тіршілікке байланбай, көңіл көтеріп жүруін қамтамасыз ету. Ақсүйек жай ғана серуендеу емес, алысу, тартысу, кедергілерден өту арқылы жеңіске жетуді көздейді. Сондықтан психолоогиялық әл-ауқаттың негізі физиологиялық шымырлықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.

Ақсүйек ойынында жоғарыда аталған ашық міндеттерден басқа ыммен жеткізілген имплицитті және интимді, алайда өте маңызды міндет бар. Ол – бозбала мен бойжеткеннің көңіл жарастыруына мүмкіндік беру. Алайда бұл мүмкіндікті жастар асыра сілтеп пайдаланбауы керек. Олардың ай астында көңілдері мен ниеттері ақсүйек сияқты (сүйегіне дейін) аппақ болуы талап етіледі.

Халқымыздағы бозбала мен бойжеткеннің бір-біріне деген көңілі ақсүйектей берік, ақ болуы, қараңғы түндей интимді, бірақ, тас қараңғы түнде де көзге көрінер ақсүйектей айқын, білініп тұруы – қазіргі кезде қат дүниеге айналған. Психология ғылымында материалдық емес, осындай бір-бірінің ыстық ықыласы мен берік арақатынасына, көңіл мен сезім деңгейіндегі құндылықтарға негізделген қарым-қатынас арқылы болатындығы дәлелденген дүние.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 43 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: