09:40
Қазақтық

ТӨРКІНДЕУ

Төркіндеу – қазақ халқының келінге қатысты ұлттық дәстүрі.

Мұның негізі «төркін» сөзінен шыққан. Ұзатылған қыздың төркініне, яғни өзінің туған шаңырағына арнайы баруы «төркіндеу» деп аталады.

Мұндай жағдайда қыздың барлық туған-туысы оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп риза етіп аттандыруға тиіс. Төркіндеу – әр қыздың парызы. Әрине, ол үйлене сала төркінге бармайды. Төркіндеудің халықтық, дәстүрлік маңызы зор. Ол әйелдерге ғана тән ғұрып.

Халқымызда «Жеткен қыз жеті жылда, асыққан қыз алты жылда төркіндейді» деген қалжың қағида бар.

Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне барып қайтады. Жыл өтпей төркіндеуді жаман ырымға балайды. Төркініне бармаса болмайтындай ерекше өлім-жітім, той-томалақ, ас бергенде болмаса, жыл толмай төркініне бармайды. Ондай жағдайда да тек сол ерекше жағдай болған үйден басқа үйге кірмейді.

Ұзатылған қыздың жыл аунап төркіндеуінің өзіндік жолы, сыры, мәні мағынасы бар. Төркініне күйеу баланы ғана сопитып ертіп баруды ерсі көрген. Қайта сәбиді көтеріп, төркіндесе, әдемі жарастық, жақсы жол болады. Үшеулеп келген күйеу, қыз, жиенге арнап ақ сарыбас сойып, кішігірім той жасап береді. Күйеу мен қызға, балаға төс, асық жілік арнап асады. Кетерінде нағашы жұрты жиенге қырық шұбар тай (кей жерде қырық серкеш деп те аталады), қызына бұзаулы сиыр, күйеуге шапан жауып, ат мінгізеді.

Әке-шешесі төркіндеп келген қызына әсте сыңар мал бермейді. Жағдайына қарай құлынды бие, қозылы қой, боталы түйе, лақты ешкі береді. Онысы – «қуыс үйден құры шықпасын», «бала жолы – бал» десе, енді бір жағынан сыңар мал бермеуі – қызымыз сыңар қалмасын, дәні арылмасын, жан жарынан айырылмасын, ылғи жұп жүріп, ұрпақты болсын дегені.

Ал жыл өтпей, уақыт жетпей төркіндетпеуі – ұзатылған қыз жат жерге бауыр бассын, үйіне қайта берсе, төсегінен суып қалмасын, отбасына сүйіспеншілігі артсын дегені. Осыған орай қазақта «төркіні жақынның төсегі жиналмас», «қыз төркініне келсе, босағадағы сыпыртқы дірілдейді» деген секілді сөз қалған.

 

Психологиялық мәні:

Халқымызда қыз бала жат жұрттық дегенде, оның темірдей немесе тастай «жансыздығын», әйтпесе, қызды енді келмеске кеткендей шығарып салуды меңземеген.

Қыз ұзатылып, сыңсу айтқанда өз елімен бет жыртысып қоштаспайды. Қыз ғұмырымен қош айтысады. Сондықтан қыздың төркіндеуі – өзінің шыққан жерімен байланысын үзбеудің амалы деп қарастырылған.

Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне баруының астарынан бір жыл бойы жаңа түтеткен ошағына барынша назар аударуына, босағасының берік болуына қам жасауына талап қылғанын байқаймыз. Қыз бала ұзатылып, өз ошағын түтеткен шақта, бір жыл бойы өлім-жітім болмаса, төркіндеуге рұқсат берілмейтінін білу арқылы өз тіршілігін өзі жасауға бейімделеді. Жап-жаңа отбасыға өзінің туған шаңырағындағы үрдістерді тасымай, өзімен-өзі болып, ысылуына мүмкіндік беріледі. Бұл салттың өлім-жітім, той-томалақ, асқа қатысты болмағандығы өте маңызды.

Сонымен бірге, жыл асып төркіндеудің астарында ақ тілек пен үмітті көруге болады: өз отбасы мен өз тіршілігін ғана емес, өмірді жалғастырушы келбеті ашылып, екеу емес, үшеу боп келгенін қазақ бар ниетімен қалаған. Бұл жерден де қазақтың өмірге келісімін көруге болады.

Төркіндеу кезінде қызды барлық туған-туысы қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп риза етіп аттандыруының астарында да үлкен мән бар. Төркіндеу барысында қыз өзінің туғандарымен қарым-қатынасын үзбегендігін, олар үшін құндылық ретінде жойылмағандығын, сонымен қатар, өзінің ерекше орны бар екендігіне көз жеткізеді.

Төркіндеп келген қызға берілетін сыйлықтардың астарын қарастырсақ: төс – сезім мен махаббаттың тілекшісі болса, күйеуге жабылған шапан мен ат құрметтің белгісі.

Қызына бұзаулы сиыр сыйлау арқылы талай өмірді дүниеге әкелуіне тілекшісі екендігін, енді қызын тек баласы ретінде ғана емес, ана ретінде мойындайтынын, сәбиге бес түліктің бірін сыйлау арқылы оның несібесінің мол болуын қалайтынын жеткізген.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 32 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: