21:49
Қазақтық

ҚАЛЫҢ МАЛ

Қалың мал – қазақтың бұрыннан келе жатқан салты.

«Теңін тапса – тегін бер» деген халқымыз «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмас» дейді. Олай болса, күйеу кәделерінің бірі – қалың мал.

Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл – қазақ қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақтың келісімімен белгіленеді. Негізінен, қыз туыстары жігіттің әке-шешесін қинамайды. Жігіт жақ қалың мал берсе, қыз жақ киіт кидіреді, қыз жасауын береді. Осылайша екі жастың отауын тігіп, шаңырағына керекті заттарды толықтап беретін болған. Қалың малға «сүт ақы» да кіреді.

Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес-алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз» (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той малы, сүт ақы, ілу, өлі-тірі, тағы басқа көптеген бағалы кәде, сый, тарту-таралғы да болады.

Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген.

Әрине «қалың мал» да, киіт те құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама-шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы – қара малы, жүз жылқы – үйге кіргізер, жүз жылқы – той малына кетіпті.

Қазақ осыдан-ақ «Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді; Кедей мен кедей құда болса, араларында дорба жүреді» дегенді айтқан.   

 

Психологиялық мәні:

Халқымыздың жазылмаған психологиясы оның тұрмысы, тіршілігі, ұрпағы төңірегінде. Осы «киіттер» қазақи қарым-қатынастың басты негіздері.

Қазақылығының мұрты бұзылмаған өңірлерде жаңа туған нәрестенің адам болуы, жетілуі халқымыздың тұрмысының негізі – бес түлікпен байланыста сипатталған. Мысалы, бала «ет алады», «ет жамайды», әр баланың несібесі – «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», оның жанары «ботадай», еркелеткені – қозысы мен құлыны, лағы мен ботасы, т.с.с.

Бір қарағанда жақсы құбылыс сияқты көрінгенімен, іштен шыққан, аузына бар жылы-жұмсағын тосқан қыздың жат жұрттық болуы – ата-ана үшін ғана емес, бүкіл отбасы үшін адамды жоғалту, адамнан айрылу. Оның орнын «жамау», «қалыңдату», қыз берген жақтың көңілін аулау – қыз алып отырған жақтың міндеті. Сондықтан қалың малдың бет пердесі қызды сату сияқты көрінгенімен, астарында жоқтың орнын толтыруға деген қазақтың таза ниеті мен тілегі жатыр.

Қалың мал қыздың бағасын анықтап, оны міндетті түрде төлеу сияқты таяз түсінік қалыптастырмауы керек. Қалың мал – құн мен құндылық мәселесін анықтайды. Еркелетіп, аялап өсірген қыздың «жерде жатпағанын» құны мен құндылығы «көкте» екендігін, қыздың сұрау барын, орны толмас асыл екенін болашақ құдаларға түйсіндіруге бағытталған ізгі ниетті көрсетеді.

Сонымен бірге, қалың мал бір-бірін жаңа танып келе жатқан адамдардың қарым-қатынасын жоралғы арқылы түзеу ниетін танытады. «Көңілдің бір атым насыбайдан қалатынын» түйген халық үшін көзінің қарашығын жат жұртқа тапсыруы – оңай шешім де, оңай құбылыс та емес. сондықтан кәде мен сый арқылы қыздың ата-анасының көңілін аулаған.

Қазіргі психологияда сыйлық беру астарында сыйлық берушінің жан-дүниесін ашып көрсетуі, ниетін білдіруі, көңілін көтеретін сезімдер сыйлауға, көңілінен шығуға ұмтылысы жатады. Сыйлық адамдарды жақындасатырады деп түсіндіріледі.

Қалың малдың осындай терең астарына кеңестік дәуірдің жаңашыл дәстүрлері ғана емес, шаш ал десе бас алатын асырасілтеушілігі де ықпал етті. Астарлы дүниені сауда-саттыққа айналдырып, «қызды малға сатты» деген сияқты түсінік қалыптастыру арқылы ұлттың көне салтына кір келтірді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 48 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: