11:54
Қазақтық

ТЕҢІН ТАПСА – ТЕГІН БЕР

Қазақ халқы «теңін тапса – тегін бер» дейді. Яғни құдалық ісінде «қыздан аламын дегеннің кісілігі жоқ», «қыздан алғанды қынға жақ» деп қарап, ұл-қыздары өз теңін тапса, әрі екі жақтың ата-аналары да қуанысып, «балаларымыздың көңілі жарасып, бір-бірін ұнатып қалыпты» десіп, әрі екі жақ шамалары келгенінше жасау-жабықтарын беріп, балаларының басын тезірек құрауға күш салған. Ешқашан «мен пәлен қалыңмал аламын, маған пәленбай дүние бересің» деп емініп, сұранып атақ-абыройын төкпеген. Дәлірек айтқанда, балалары «теңін тапса – тегін берген».

Ертеден қазақ халқы құдаларынан «пәлен аламын, маған түген дүние бер» деуді өте арсыздық, тексіздік, көргенсіздік санаған. Сол себепті «теңін тапса – тегін бер» деп, ұл-қыздарын өз сүйгендерімен үйлендіруді өте игілікті іс деп қараған. Олай болатыны – қазақ халқы ата-ана болған барша адам баласының алдында мынадай төрт түрлі борышы бар деп біледі:

- баласын ержеткенше бағып-қағу;

- ұл болса сүндеттеліп, қыз болса сырға тағып, есейген соң, сүйген адамдарымен үйлендіру;

- оқытып, өнер-білім үйрету;

- жеті атасын ұғындырып, туған халқының арғы-бергі тарихынан хабардар ету.

Қазақ халқының қыздарын «теңін тапса – тегін беру» салты адамдарды бауырмалдыққа, жанашырлыққа баулиды. Дүниеқорлықтан, өзімшілдіктен, тойымсыздықтан аулақ болуға дағдыландырады. Адамдар арасындағы достық, сүйіспеншілікті арттырып, адамдарды береке-бірлікке, татулыққа жетелейді. Қоғамдық қарым-қатынастарын нығайтып, өрістерін кеңейтіп, достарын көбейтеді.

 

Психологиялық мәні:

Бұл жөн-жоралғы арқылы халқымыздың қарым-қатынастағы құндылықтарын айқын көреміз.

Алдымен, сезім, сүйіспеншілік, махаббаттың құндылығы. Екі жастыңкөңіл жарастыруы, бір-бірімен түсінісуі, байланыстың махаббат пен пәк сезімге негізделуі – шаңырақ құруға жеткілікті болған.

Халқымызда ұл-қыздары теңін тапқан жағдайда екі жақтың ата-аналары өзара қуанысып, екі жасты үй етіп жіберуге асығуы арқылы қарым-қатынастың материалдық құндылыққа емес, өмірлік құндылықтарға негізделгенін көрсетеді. Теңін тапқанды тегін беру – қазақтың әр салт-дәстүрі, ойындары арқылы көрінген адамның өзіндік өмірлік құндылығын мойындағанының жалғасы.

Бұл салт арқылы жастардың шаңырақ көтеруі барысында олардың өзара теңдігі мәселесін алдыңғы орынға қойғандығын көреміз. Себебі бұл туралы мақалдар да жетерлік (мысалы, «тең – теңімен, тезек – қабымен»).

Сонымен бірге, бұл жөн арқылы қазақтың ар мен ұяттан аспағаны көрінеді. Қазақ қызын малға сатып, өз атақ-аыройын төкпеген, саудаласып, арсыздық, тексіздік, көргенсіздік жасамаған, дүниеқоңыздықтан аулақ болған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 59 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: