23:28
Қазақтық

ЖЕҢГЕТАЙЛЫҚ

Қазақтың түп мағынасын жойып, өзінің о бастағы ұлт тағдырындағы, ұрпақ алдындағы ерекше міндетін түбегейлі өзгертіп алған дәстүрлерінің бірі.

Жеңгетайлық – қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпындағы қыз бен жігіт арасына дәнекерлік жасайтын жеңгенің міндеті.

Бір-бірін ұнатып, отбасын құруға дайындалып жүрен жастардың арасында жеңгетайлық жасауды қыздың немесе жігіттің жеңгелері атқарады. Кей уақытта бұл қызметті олардың өзге жақын адамдары да көрсетуі мүмкін. Алайда жеңгенің қайынсіңілісіне немесе қайнысына деген жанашырлығы оның осы міндетінен ақйын көрінеді.

Әсіресе қыз баланың өмірінде жеңгенің алар орны ерекше. Ол өзінің соңынан ерген, әлі отбасылық, жұбайлық өмірді көрмеген жас бойжеткенге өз басынан өткен, жұбайлық өмірдің қыр-сырын, қыз бала болып бой түзеуден, ерлі-зайыптылар арасындағы аса нәзік қарым-қатынастарға дейін тәптіштеп түсіндіріп берген.

Әлеуетті статуста біреуге келін, біреуге жеңге болатын бұл атау иесі айттырылып, бел құда, бесік құда болып, құдалық сөйлесіп, жігіт ұрын келген сәттен бастап екі жастың арасындағы дәнекер, екі жасты жарастырып, алдағы жұбайлық өмірдің сын-қатерлерінен сүрінбей өтулеріне ақыл-кеңесін беріп отырған.

Қыздар аналарынан, әпкелерінен сұрай алмайтын, айтуға ұялатын жағдайлардың көбін жеңгелер арқылы түсінетін.

Екі жас қосылған жағдайда жеңгетайлық жасаушы сый-сыяпат, түрлі құрметке бөленеді.

 

Психологиялық мәні:

Жеңгетайлық кеңестік кезеңде күйе жағылған, екі жастың, әсіресе, бойжеткеннің ырқы мен бостандығына қол сұғатын ескінің қалдығы ретінде танылған дәстүр. Өкінішке қарай, сол жағылған қара күйенің нәтижесін қазіргі кезде де ақтай алмай отырмыз. Сорақысы, жеңгетайлық мәні жас қыздарды жезөкшелікке жығып беретін, олардың арын сататын жымысқы ниетте, пайда табу мақсатында жасалатаны арамдыққа толы қылмыстық әрекетпен шатастырылады.

Биологиялық, физиологиялық тұрғыда дайын болып, жетіліп отырған екі жастың отау құруға ниет етуі, олардың ата-анасының келісуі, жан-жақтан демеу беруі – отбасылық өмірге қадам жасаған жастар үшін маңызды. Сонымен бірге халқымыз өтпелі, алып-ұшып тұрған сезімдері бойын жайлаған жастардың бір-бірімен еркін қатынасы барлық жағдайда жақсылыққа әкеп соқпауы мүмкіндігін ескерген. Сондықтан жас айырмашылығы көп емес, кешегі қыз, бүгін бір отбасының ошағын түтетіп отырған жас жеңгейлер екі жастың арасында ойлы-қырлы емес, жөні түзу жол көрсетуі, бір-біріне деген қарым-қатыасында үлгі көрсетуі, ақыл-кеңесін аямауы, бір-бірімен көңіл жарастыруына мұрындық болуы отау құрғалы жатқан жастардың арасындағы қатынасты нығайтуға бағытталған.

Отбасылық психология маманы Берта Ландау қазіргі таңдағы неке және отбасы институты үнемі қарама-қайшы екі үрдістің, яғни қалыптасу мен ажырасудың жетегінде болатынын алға тартады. Бір жағынан қазіргі жастар еркіндік пен бостандықта өссе, екінші жағынан отбасын құру үшін екеуге ақыл-кеңес қажет. Өзімен-өзі болып келген жалғыздың ендігі өмірін өзге біреумен бірге сүруі, отбасылық өмірге қажетті дағдыларды, бір-бірімен қатынаста  ептілік пен икемді қажет етеді. Бұлардың барлығын үлкендер емес, жас келіншектердің үйретуі, екі жастың көңілдерін жарастыруға ниет етуінің астарында сенім мәселесі де жатыр. Екі жасқа өңі-түсі кеткен, тұрмыс-тіршіліктен шаршаған, қаусаған кемпірден гөрі, шаңырақтың егжей-тегжейін өзі ұғынып, буы басылмаған, қызығушылығы өшпеген, қызуы қайтпаған жас жеңгейлердің тәрбие беруі – олардың бойына сенім ұялатары сөзсіз.

Осылайша, жеңгетайлық – халқымыздың ұрпақ тәрбиесінде екі жастан аттап кетпегендігін көрсетеді. Себебі олар отау құрмай тұрып бір-бірімен білісіп, сіңісіп, өзара шүйіркелесіп, көңілдерін жарастырып, еттері үйренеді. Оған қоса, екі жас арасындағы қарым-қатынасына жеңілтектікпен емес, мұқият болып, жеңгелердің бас-көз болуы жанашырлықтың белгісі. Сонымен бірге, жеңгетай болып жастарға үлгі көрсету арқылы жас келіншек өз бойындағы сезімдерінің маңыздылығын, отбасы ошақ қасында ұмыт болмауын өзі де есіне алып отырған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 56 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: