08:39
Қазақтық

ҚҰДА ТҮСУ

Атастыру салты қыз бен жігіттің жас кезінде, тіпті кәмелетке толмаған уақытында жасалса, құда түсу салты – ұл ержетіп, қыз бойжеткен соң да жасала береді.

Айтар ойын, сұрар бұйымтайын астарлы ой, мәнерлі ишарамен жеткізетін ұлтымыз үшін құда түсудің де орны ерекше болған.

Құда түсуге сөз ұстарлығы бар, тілді-жақты, екі ел, екі ру, тіпті екі әулеттің әлеуметтік, тұрмыстық, рухани жағдайларынан хабары мол, сөзге шешен адам жүретін болған.

Атастыруда екі жақтың ата-анасы, қыз бен жігіт бірін-бірі толық танитын болса, құда түсуде екі жақ бірін-бірі жыға танымайтын, сырттай ғана дақпыртын еститін адамдар болуы әбден мүмкін.

Мысалы, құдалыққа қатысты «қамшы тастау» немесе «қамшы ұмыту» деген салт бар. Қызы бар үйге келген адам ол әулетпен құда болғысы келсе, кетерінде қамшысын «ұмытып» тастап кететін болған. Егер қыз жақ құа болуға келіссе, қамшы иесіне қайтарылмайды. Ал құдалыққа келіспесе, қамшы өз иесіне қайтарып беріледі.

Құда түсу салтынан бөлек осы екі әулеттің құдалық, құдандалық салт-дәстүр, ырым-тыйым, жөн-жоралғылары толып жатыр. Оның барлығы да ұрпақ сабақтастығы мен ел болашағы, тектілік тұрғысынан аса маңызды.

 

Психологиялық мәні:

Құда түсу мен атастырудың психологиялық астары бір. Тек атастыру барысында болашақ құдалар бір-біріне бесіктен, жалпы балалардың есеймеген шағынан бастап бір-біріне ет үйретеді. Ал құда түсу арқылы бірін-бірі танымайтын екі әулеттің жастары үйленбес бұрын танысып, білісіп, араласады.

Құда түсу барысында ата-аналар отбасын құру, шаңырақ көтеру деген адам өміріндегі биік белестерді жастардың иығына арта салмаған. Олармен бірге көтерген. Құда түсу барсында өз балаларының есейгеніне қарамастан, шаңырақ көтеру, отау шығару т.б. қатарлы кез келген тұрмыстық маңызды мәселелерде жалғыз қалдырмай, екі жақ бірдей қамқорлық көрсеткен.

Сонымен бірге, құда болу салтының астарында халқымыздың қарым-қатынас мәселесіне, оның жылы шыраймен орын алуына баса назар аударғанын байқаймыз. Бірін-бірі сыйлау арқылы шаңырақ көтергелі отырған екі жасқа сыйластықпен қарауды үйреткен.

Көріспей, біліспей қызуқандылықпен екі жастың шаңырақ құрып кетуінің салдарын байқап, біліп, алдымен аралас-құралас болуды көздеген. Құда түсу – ата-ананың ересек өмірге қадам басқан екі жастың көңілдері орнында болуына, сенімдерін нығайтуға бағытталған әрекеті.

Қазіргі таңда атастыру мен құда түсуді жаңғыртуда жастардың ырқынан тыс жасалатын дүние ретінде емес, екі жастың сезімдері мен сүйіспеншілігіне қолдау ретінде қарағанымыз абзал.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 71 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: