07:40
Қазақтық

АТАСТЫРУ

Атастыру – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салты.

Қыз бен жігіттің ата-аналары құда болуға келісіп, өз балаларының бір-біріне үйленгенін қаласа, күні бұрын уәделесіп, құдалық жоралғысын жасайды.

Мұндай келісім ұл мен қыздың жас шағында, тіпті бесіктегі кезінде де жасала берген. Егер қыздың ата-анасы ұлдың ата-анасының тілегін қабылдап, өскенде қызын беруге келіссе, қыз бен жігіт атастырылған болып саналып, алдын ала қалың малы төленген.

Атастырылған жастар есейе келе міндетті түрде қосылатын болған. Сыарлғы адамдар сізден қыз, бізден ұл (немесе керісінше) туса, үйлендірейік деп, тіпті тумаған балаларын да атастырған.

Атастырудың бірнеше түрі бар. «Бел құда», «бесік құда», «қалыңсыз құда» т.б. қатарлы құдалық жоралғылардың басында осы атастыру салты тұр.

Атастыру салты кейде «сүйек жаңғырту» дәстүрі үшін де атқарылады. Сүйек жаңғыртуда бұрыннан құдандалы адамдар, тағы да қыз алысып, қыз берісіп қайта құда болады.

Сонымен қатар, атастырудың астарында ежелгі туыстық, құдандалық жақындықты, екі әулет, екі отбасы, тіпті екі ру арасындағы ежелгі алыс-беріс, ағайын-туыстықты сақтаудың маңыздылығы жатыр.

Бар өмірін ұрпағының болашағына арнаған халқымыз атастыруда да сол ұрпақ қамын, келіннің не күйеу баласының текті жерден, көргенді отбасынан шыққанын қалайтын рухани мән бар.

 

Психологиялық мәні:

Атастыру кеңестік дәуірдегі цензура арқылы жазылған кітаптарда жан шошырлық дүние ретінде сипатталған. Қазіргі таңда да психологиялық көзқарастар бойынша атастыру бала ырқы мен қалауын бұзу, бостандығы мен шекарасына қол сұғушылық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда атастырудың педагогикалық және психологиялық астары тереңде жатыр.

Адам өмірінің мәні – тіршілігінде. Бұл дегеніңіз: адам адамзаттың тарихын қайталап, бала болады, өседі, ер жетеді, үйленіп отбасын құрады, өзінің өмірін сүріп, балалары арқылы өмірдің жалғасуына ықпал етеді дегенді білдіреді.

Қазіргі кездегіедй жастардың ел мен жерді еркін көріп, өз өмірін өз таңдауы, өз қалауымен сүруге объективті тұрғыда мүмкіндік болмаған тұста, атастыру арқылы халқымыз өз ұрпағының қамын ойлаған. Үкілеп өсірген ұл-қызының болашағын ойлап, олардың тағдырына бей-жай қарамай, таныс-біліс болған, тәрбиелі отбасына табыстауды көздеген. Бір-бірінің көз алдында өскен балаларға екі жақтың да жылылықпен қарауына, келінді өз баласындай көруіне ықпал еткен.

Атастыру халқымыздың адам табиғаты мен жаратылысына сәйкес өмір сүруін мойындағанын көрсетеді. Адам дүниеге келенде, оның есейіп өз түтінін түтететіндігін ыммен түсіндірген. Сондықтан атастырудың астарында жастарды отбасылық өмірге баулу мен тәрбиелеу жатыр. Атастырылған жастар бала кезден бір-біріне еті үйреніп, отбасын құруға жастайынан дайындалған. Есін белгеннен ауыл арасында емін-еркін өскен қыз бала тұрмыс құрып баратын жерін, болашақ жарын алдын-ала танып біліп, ет үйретіп, жалпы осы әлемнің әрбір бұрышы өзінің өміріне жайлы, қауіпсіз екендігін түйсінген. (жалғас бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 69 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: