23:42
Қазақтық

ЖЕТІ АТАҒА ТОЛМАЙ ҚЫЗ АЛЫСПАУ

Психологиялық мәні:

Қан тазалығының психологиялық астарын іздей отырып, адам мінезінің акцентуациясы, яғни шамадан тыс, шектен шығу сияқты дүниелердің генетикалық себептермен байланысы болатындығына кездестік.

Мысалы, адам бойында педанттық, демонстративтік (қыр көрсету), беймаза, бойын үнемі шаттық билеу, эмотивті, кезектес акцентуациялар генотипке байланысты пайда болады екен.

Егер қыздардың акцентуациясына тұқым қуалаушылық көбірек әсер етсе, ер балалардың акцентуациясына неғұрлым аз әсер етеді.

Яғни адамның туыстық қарым-қатынасы жоқ отбасыда дүниеге келуі – адам болмысының ядросы саналатын биологиялық құрамын, іргетасының мықты болып қалыптасуын, толыққанды дамуын қамтамасыз етеді. Бұл айтылғандар жеті атаны білу мен сақтаудың адам болмысының биологиялық іргетасына әсерін көрсетеді.

Үшіншіден, жеті ата сақталмай жыныстық қатынастың орын алуы қыз баланың бойында психикалық жарақаттардың пайда болуына әкеледі. Ол адамның алғаш қалыптасатын мекені – ана құрсағында, ана бойында өшпе із қалдырады.

Соңғы 2 жыл ішінде психокоррекциялық жұмыстар жасау үшін маманға жүгінген қыздардың біршамасы жеті ата қағидаттарының сақталмауының құрбаны болғандар. Бір сөзбен айтқанда, әкесінен, ағасынан, бауыры мен жездесінен зорлық-зомбылық көрген. 2 жылдың ішінде психокоррекциялық көмекке жүгінген 100 қыздың тең жартысы 5-12 жас аралығында әке, аға, бауыр, жезденің зорлығын басынан өткергені туралы психологиялық құпияларымен бөлісті. Психологиялық құпия болғандықтан, санын да, басқасын да ашық айту мүмкін емес.

Психикалық жарақаттарды басынан өткерген адам ол туралы ұмытып кеткісі келетіндігін, жан жарасына тереңдегісі келмейтінін ескерсек, бұл мәліметтердің растығы күмән тудырады. Яғни шынайы статистика бұдан да сорақы болуы мүмкін.

Ғылымда басынан өткерген сексуалды зорлық-зомбылық туралы жағдайды мойындауға дайындығына байланысты кәмелетке толмағандар 4 топқа бөлінеді.

- қайталап айта беруге дайын емес, ары кеткенде бірнеше адамға айтатындар;

- зорлық оқиғасын жасыратын немесе «болмайды»-ға жоритындар;

- зорлық оқиғасын мойындауға психологиялық деңгейде дайын емес, алайда бұл мәлімет өз ықтиярынсыз ашылғандар,

- зорлық оқиғасы жайлы мүлдем айтқысы келмейтіндер.

Жоғарыда аталғандай, өз басынан өткерген зорлық туралы балалық шағында жариялауға дайын болмаған бала есейгенде бұл туралы жарияға жар салуы – өте мықтылықты талап етеді. Ескерте кетейік, маман алдына емделуге келген қыздардың бір де біреуі басынан өткен зорлық-зомбылықты жариялауға келген жоқ. Психотерапиялық жұмыс барысында кенетен естеріне түсіп, сыр бөлісті.

Қыздардың бойында кездескен басты симптомдар әртүрлі:

- сенген, арқа сүйер аға мен бауырдың қызды жыныстық қатынасқа итермелеуі қыздың жанын ұшырып, тірі өлікке айналуына себеп болған;

- аталастан жылу күтіп отырған қыздың зорлық көруі сенімнің сарқылуына, ешкіммен сыр бөліспеуіне, яғни ішқұсалыққа алып келген. Сонымен бірге, жылу орнына зорлық пен зомбылық алған бейкүнә қуыс кеуде мейірімге зар болып күй кешеді.

Қолданылған диагностикалық әдістер бұл қыздардың өз тәнімен өмір сүруге ұмтылмайтындығын, өз өмірлеріне құндылық деп қарамайтындығын көрсетті. Оған қоса:

- адам бойында қырағылық (қорыққанға қос көріну);

- үнемі қайталанып келе беретін өткен шақ елестері;

- аса сезімталдық;

- орын алған жағдайға сай келмейтін, шектен тыс реакция, тым белсенділік (өлермендік),

- бойын үрей мен қорқыныш жайлауы;

- қорқынышты түстер мен елестер,

 - енжарлық;

- селсоқтық;

- көңіл күйдің құбылмалылығы;

- ашушаңдық;

- стресске тез бой алдыру;

- ұйқысыздық;

- байбаламшылдық;

- құр кеуде және өзін тым жырақта сезіну;

- үнемі бірдеңеден қашып жүру;

- өзгемен қарым-қатынасқа түсуге өзін лайықсыз сезіну;

- ұмытшақтық,

- өз балаларын жақсы көре алмау;

- өлімнен қорқу;

- үнемі өлім «есік сыртында тұрғандай» күй кешу тәрізді симптомдар пайда болған. Бұл симптомдар ғылымда «психикалық травманың салдары» деп саналады.

Қыздардың бойында өмірмен және өзгемен қатынастарында шектен тыс ұялшақтық, себепсізден-себепсіз басқалармен психологиялық арпалыс, өзінің өмірлік немесе ситуациялық міндеттерін орындай алмау, шаршаңқы күй кешу, психосоматикалық, иммундық әлсіреу, депрессияның белгілері, өмірге қызығушылықтың төмендеуі, жыныстық қатынаста тым белсенділік немесе, керісінше, одан қорқу сияқты симптомдар анықталған.

Қыз баланың әлсіздігін жақыны мен туысының инцест жасау арқылы аяққа таптауы – адам өзінің осы өмірдегі орнын білмей, әлемді қауіпті жер деп түйсінуіне әкеледі. Бұл пікір жаңсақ болғанымен, орынды. Осындай қиын жағдайларды адам сана деңгейінде ұмытқанымен, көкірегі елегізуді тоқтатпайды.

Қыздармен медициналық емес экзистенциалдық психотерапия және травмотерапия әдістерімен жекелей де, топтық кездесулер арқылы да психокоррекциялық жұмыс жүргізеді мамандар. Жұмыс барысында алғашында қыздардың барлығы бастарынан өткен оқиғаларға өздерін кінәлі санаса, уақыт өте келе олар өзгенің кінәсі мен күнәсін өмір бойы көтеріп жүрмеу керектігін түсінді.

Қорыта айтқанда, жеті атаға толмай қыз алысу, жыныстық қатынастың болуына жол беру – адам табиғатына жат дүние ғана емес, адамның адамшылығын, болмысын жоюға алып келетін деструктивті құбылыс.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 66 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: