07:37
Қазақтық

ЖЕТІ АТА

Жеті ата – өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан.

Біріншіден, мұның әлеуметтік мәні зор. Екіншіден, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Қазақ бір-бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласы өз ата-тегін білу тектілік әрі ұлттық тәртіп пен жөн білудің бір саласы.

Белгілі этнограф ғалым Сейіт Кенжеахмет жеті атаны әкеден жоғары таратады. Оның дәлелі: «жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деген қазақ даналығына тоқталсақ, әр адам өзінен кейінгі баласының, немересінің, әрі кетсе шөбересінің, атын білер. Одан ары білу үшін адам 100 жылдан астам өмір сүруі керек емес пе? Ал ғасырдан аса жасайтын адам сирек.

Олай болса жеті ата:

  1. Бала.
  2. Әке.
  3. Ата.
  4. Арғы ата.
  5. Баба.
  6. Түп ата.
  7. Тек ата. (Ата-тек деген сөз осыдан шыққан» - деген уәж айтады ғалым.

Ал дәстүрлі жеті ата ұстанымы әкеден төмен қарай тарқайды.

Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Яғни бұлардан тараған ұрпақ бір атаның балалары саналады.

Туыстығы Жеті атадан аспайтын руластар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғаннан кейінгі күннің өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары келісімге келіп, боз бие сойып, баталасып рұқсат ететін болған.

Ата-тек атаулары: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.

Туыстық атаулар: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Соңғы түйіндеуші буын, әдетте, ру есіміне тіреледі. Немесе, керісінше, руынан бастап сатылап өз әкесіне, яки өзіне дейін таратылады.

Өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет болған және сол білігі арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған.

Мұның өзі қазақтардың этникалық ерекшеліктерін танытады. әрі оның қиын-қыстау кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимилияцияға түсіп кетпеуіне себепші болған.

Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген қазақтар үшін өмірлік қажеттілік болды. Жеті атадан Үш жүзге дейінгі біртұтас туысқандық бітім ғасырлар бойы «қазақ халқы – бір атаның баласы, бір тамырдан тараған» деген ұстанымды орнықтырған.

Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақты жүйесі.

Жеті атасын тарата білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын білген, бүкіл қазақтың біте қайнасқан туыстығына көзі жеткен.

Жеті аталық ұстаным қазақ халқының этнобиологиялық, этномәдени, жалпы рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз еткен. Жеті аталық ұстанымға негізделген туыстық байланыс институты әрбір қазақтың білмекке деген ынтасын оятқан. Жеті атасын, руы мен жүзін білген соң, қазақтар туған жерінің кез келген шалғайында өзін туысқандарының ортасында жүрген алып бір әулеттің мүшесіндей сезінген. Нәтижесінде біртұтас әулет секілді ұлттың біртұтас зердесі қалыптасып, жер басып жүргендер ғана емес, есте сақталған баяғы ата-бабалар да тірілердің санасында тірлігін жалғастырған. Халықтың мұндай зердесі әрбір қатардағы далалықтың тарихты айқын елестетіп, жан-жүрегімен сезінуіне себепші болған.

Жеті аталық ұстаным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың құлағына күн сайын бабалары туралы тек жақсылықты құйып, рухани тектілікті дәріптеп, ұлттық сенімін орнықтырған. Бабалар рухы – аруақтың күн сайын желеп-жебеп отыратындығы туралы сенімін тудырған.

Сонымен қатар Жеті ата институты қазақ халқының өткеннен болашаққа деген сенімін мың сан ұрпақ арқылы сабақтастырып отыратын тетік – жүйе ретінде танылған. Жеті аталық ұстаным бабалар рухы алдында әрбір қазақтың іштей жауапкершілік сезімін оятқан. Осы ұстаным аясында қазақ өмірінің моральдық кодексі, салт-дәстүрі мен ырым-тыйымының негізі қаланған. Сол арқылы туыстық қарым-қатынас қалыптары күнделікті моральдық санаттан бірте-бірте заңдық мәртебеге ұласқан. Мұндай құқықтар мен міндеттер жүйесі біртұтас әдеп деңгейінде көрініс тапқан. Әдепті бұзғандар қатал жазаланып, ең ақыры туған жерінен қуылған, яғни гиперәулеттен аластатылған. Дені дұрыс адам үшін мұнан ауыр, масқара жаза болмаған.

Жеті ата ұстанымы бүкіл халықтың бойында еш мәжбүрлеусіз мейлінше тегеурінді рухани бірлік сезімін терең сіңірді. Ол этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы болды. Сол себепті де халқымыз «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» дейді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 81 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: