22:57
Қазақтық

ҚОЛБАЛА

Қолбала көбінде мынадай екі жағдайда болады:

Бірі, ата-анасы мен жанашыр жақыны қалмаған қыз баланы адамгершілігі жоғары, мейір-шапағаты адамдар көпшілік алдында «осы баланы мен қолбала қылып бағып аламын. Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытпаймын, бұған сіздер Құдай алдында куә болыңыздар» деп, ресми өз қолына алады.

Енді бірі, ауыр науқас немесе түрлі жаратылыстық апат салдарынан мүгедек болып, кедейленіп, қыз баласын одан ары бағып-қағып бойжеткізетіндей мүмкіндігі қалмаған адамдар кісілігі жоғары, мейірімді адамдарға балам жоқшылық көріп, қайғы-қасірет шекпесін деген ниетпен: «Осы қызымды сізге тапсырдым, Құдай алдына дейін жақсылық-жамандығы мен обал-сауабы өзіңізге аманат, қолбала қылып алыңыз» деп, өз еркімен береді.

«Қолбаланы» алған адам өз баласындай оны жақсы тәрбиелеп, бойжеткен соң, онымен құрбылас ұлдарының біріне некесін қидырып қосып, келін қылып алады. Кейде өз қызындай етіп басқа бір әулетке ұзатады.

Қазақ салтында «қолбаланы» алған адам оны ерекше қастерлеп, үлде мен бүлдеге бөлеп өсіреді. «Қолбала» бойжетіп, келін болғаннан кейін де ата-енесін өз ата-анасындай көріп еркелеп, басқа келіндерге қарағанда еркін жүріп-тұрады.

Бұл салт адамдарды адамгершілікке, ізгілікке, бауырмалдыққа, жанашырлыққа баулиды. Адамдарды мейірімді, қайырымды, жанашыр болуға жетелейді. Барша адам баласының қиыншылығын өз қиыншылығы, қайғы-мұңын өз қайғы-мұңындай көріп, жетім-жесір, жоқ-жітік адамдарға қол ұшын беріп отыруға дағдыландырады.

 

 Психологиялық мәні

Қолбала ата-анасы мен жанашыр жақыны қалмаған тұл жетім, ауыр науқас немесе түрлі жаратылыстық апат салдарынан мүгедек болып, кедейленген әлеуметтік жетім кейпін киген қыз балаларға қатысты жүзеге асырылған салт. Қазақ жетімін сыртқа теппеген, жылатпаған.

ҚР Статистика комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, еліміздегі жетімдер саны 2010 жылы 38386, ал 2018 жылы 25753 болыпты. Олардың ішінде интернаттық мекемелердегі тұл жетімдер мен әлеуметтік жетімдердің саны 2010 жылы 14052 болса, 2018 жылы 5306-ға кеміген. Оған себеп: жетімдерге қатысты саясатта жетімдердің мемлекеттік интернат үлгілес оқшау мекемелерде тәрбиеленуінен біртіндеп бас тартып, асырап алуға, отбасы үлгілес мекемелерде, тәлімгерлік сияқты институттар арқылы тәрбиеленуіне барынша ықпал еткендігі.

Ал енді, сол сорақы статистикаға қайта оралсақ, жетімдер мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан 5306 баланың 89-ы ғана ата-анасы жоқ жетімдер. Қалған 4615-і, яғни 84%-ы ата-аналары бар «тірі жетім» екен.

Қолбала салтына ұқсас құбылыстар қазіргі кезде жетімдерге қатысты мемлекетіміздің саясатында да көрініс алып, интернатта тәрбиеленетін жетімдер санының азаюына әкеліп отыр деп айтуға болады.

Қолбала салтының ерекшелігі – оның қыз балаға қатысты қолданылатыны. Бұның астарында ер баланың қамқорлықсыз да өсіп жетілетіндігіне сенім мен қыз балаға деген ерекше жанашырлық жатыр. Халқымыз қыз балаға ерекше қарауы оның ұлт тағдырындағы роліне байланысты болуы мүмкін: қыз бала болашақ ана, өмірді жалғастырушы, отбасының отын түтетуші.

Қызды аялап өсіру мен оларды ұзатуға байланысты салт-жоралғыларды сараағанда қызға деген аса мұқияттылық пен жауапкершілікті байқадық. Халқымыздың осы нығметтің тек қана ата-анасы бар қыздардың ғана емес, жетімдердің де басынан өткеруіне мән бергенін байқаймыз. Қолбала етіп алған қыз өсіп бой жеткенде, оны өз қызындай етіп ұзату арқылы халқымыз қызды жылатпағанын көреміз. Қыз өміріндегі жоқтайтын, іздейтін төркіннің, арқа сүйер адамдардың болуын қамтамасыз еткен. Өз баласына келін етіп алғанда басқа келіндерден басқаша қарап, еркіндік берген.

Бұл салт қызға қатысты қолданылуында, халқымызда балаға «әкенің жақындығы жездедей-ақ» екенін ескергіміз келеді. Болашақ жар, ана, әулеттің ұйытқысы болатын қыз баланың жастайынан тағдыр тәлкегін көрмей, жылуы мен мейірімін аямауының астарында болашақ ананың бойындағы адамдық пен мейірімді сақтап қалғысы келгендігін көреміз.

Сонымен бірге, қолбала салтының тек тұл жетім мен әлеуметтік жетімдерге, яғни сұруашысы мен арқа сүйерінен айырылғандарға ғана қолданылғандығы орынды. Ата-анасы бар, толыққанды отбасында өмірге келген балалар өз отбасында тәрбиеленгені абзал. Себебі әрбір бала өз ата-анасымен табиғи байланысқа сүйеніп, бейқам өмір сүруге құқылы.

Қазіргі таңға дейін баланы өзге отбасына ешқандай себепсіз, тек еңбек күші ретінде пайдалану мақсатында беру тыйылмай отыр. Психологоиялық тұрғыда емделуге келген ата-анасы бола тұра көп балалы отбасы болғандықтан басқа отбасыға қолбала ретінде берілген қыздар өздерінің бойындағы отбасы құру, балаларға деген мейірімінің болмауы, бала табудан қорқу, қарым-қатынастағы өзекті мәселелері, үнемі өзін басқалардан кем санау, қуыс кеуде, өмірдегі өз орнын білмеу мен таба алмау, ата-анаға реніш, сол арқылы әлемге реніш, т.с.с. мәселелермен адам жаны амандығының жанашырлары – психологтар ұзақ уақыт жұмыс жасауға мәжбүр. Сондықтан қолбалаға қатысты мәні мен мағынасын ұғынбай асыра сілтеу де әлеуметтік мәселелердің туындауына себепші

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 66 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: