20:39
Қазақтық

АСЫРАП АЛУ

Бала асырап алу – салт емес, дәстүр емес, бұл туысқандық қарым-қатынас пен тікелей ұрпақ сабақтастығына қатысты мәселе.

Бала асырап алудың қазақы ұғымға қатысты және қазіргі зайырлы мемлекеттің заңы арқылы жүзеге асуы қатарлы екі түрлі жолы бар.

Біз, әрине, қазақы ұғымдағы туысқандық қарым-қатынас пен ұрпақ сабақтастығын жалғастыру маңыздылығы тұрғысынан қарастыратын боламыз. Себебі «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» ұлт үшін ең басты мәселе – ұрпақ сабақтастығы болғаны анық.

Қазақы түсінікте бала асырап алудың бірнеше жолы бар. Мысалы, баласы жоқ немесе шетінеп тоқтамаған жұбайлардың өз туысқандарынан тікелей «асырап алуы»; жұбайлардың ата-аналарының жас нәрестені қырқынан шыққаннан кейін «бауырына салуы»; «сатып алуы»; «тонды бала етуі» т.б. қатарлы асырап алу жоралғылары бар.

Бауырына салу – әдетте қарт аталар мен әжелер алғашқы немересін немесе жақын кісілер өз туыстарының баласын қолына алып, өз баласындай тәрбиелеп өсірдеі, қолқанат қылады. Мұны «бауырына салды» дейді. Бауырына салушы адам баланы өз ата-анасынан ажыратпайды. Баланы екі үйге де тең өсіріп әлпештейді. Әдетте үлкен кісілер мұндай баланың тәрбиесіне өте көңіл бөліп, оларды өнегелі азамат етіп өсіруге, халықтық жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге зор ықпал жасайды. Бала ержеткеннен кейін өз отбасына оралуына немесе бауыр басқан үйінде қалуына еркі бар.

Сатып алу – біреудің баласы туысымен шетіней берсе, яғни бала тұрмаса, онда одан кейін туған баланы «сатып алатын» ырым бар.

Бұл ырым былай жасалады. Елдегі бақсы, балгер кемпір үйге келіп, «менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім алам» деп нәрестені ата-анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір-екі күннен кейін баланың әке-шешесі әлгі кемпірге барып «бала сатып алады». Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала «сатып алған» бала болып саналады.

Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей баланың өмірі ұзақ болсын деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады. Бұдан шығатын қорытынды қазақ бала өсіруді бақыт санаған. Балалы болуды армандаған. Мұны «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дегенінен-ақ аңғаруға болады.

Асырап алу – баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар қағида.

Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға ат қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Осыдан кейін сол үйдің әйелі перзентті болса, онда асырап алған баланы бұдан былай «майқұйрық» деп әлпештеп, оны бұрынғыдан бетер жақсы көреді. Алайда бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады.

Тонды бала – ағайындарды жинап, мал сойып, кішігірім той жасап, асық жілікті қолына ұстатып, ақсақалдар бата беріп, жетім жасөспірімді өз кіндігінен шыққан төл перзенттерімен тең құқылы ұлы-қызы санатына енгізу. Кейде бұны «қағай» деп те айтады. Қазақтың «өгей-қағайы жоқ, өз балам» дегендегі «өгей» басқа әке, басқа шешенің баласы болса, «қағай» - асырап алған тонды бала дегенді меңзегені. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 74 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: