10:45
Қазақтық

ТҰСАУКЕСЕР

Тұсаукесер – сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым.

Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұ «ала жіп аттамасын» деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, оны жүріс-тұрысы ширақ әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға баланың тұсауын кестірмейді.

Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушіге кәдесін береді. Тұсау кесу тойының негізгі жабдықтары жарты метрдей ала жіп, өткір қайшы немесе пышақ.

Тұсаукесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды.

Тұсау кесу тойына ауылдың қыз-келіншектері, әжелер шақырылады. Тойға келгендер шашуға құрт, май, тәтті тағамдар, балаға ойыншық, асық, сылдырмақ, т.б. әкеледі.

Бұдан кейін 4-5 жасар балаларды жарыстырып, озғандарына бәйге береді. Балаларға өлең, жыр, тақпақ, жаңылтпаш айтқызады. Той тарқарда әжелер тойдан немерелеріне сарқыт деп қалталарына тәтті, бауырсақ, құрт-ірімшік салып алады. Тұсау кескен әйелге көйлек немесе аяқ киім сыйлайды.

Тұсаукесерде де «Беск жыры» секілді тұсаукесер жыры бар. Бұл жырды баланың тұсауын кескен адам айтатын болған.

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Тақымыңды жаз, балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін,

Қадамыңа қарайын,

Басқаныңды санайын.

Қаз-қаз, балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре ғой, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе!

 

 Психологиялық мәні:

Тұсау кесу арқылы халқымыз баланың өмір жолындағы педагогикалық және психологиялық мәселелердің түйінін шешкен.

Тұсау кесу – халықтың тәй-тәй басқан бала «өз аяғына нық тұрып кетсін» деген тілегі. Тұсау кесу арқылы осынша уақыт жақындарының қолынан түспеген немесе еңбектеумен күн өткерген баланың өз аяғына нық тұрмаған шарасыздығын тән деңгейінде ұғындырады. Тұсау кесу барысында баланың енді қаз басқан аяғы маталып байланады. Ал тәй-тәй басқан бала сол кезде өз аяғын көреді. Аяғы маталған бала аяғының маңызын, өз аяғымен жүретіндігін ерте бастан түйсінеді.

Бала өз аяғының мәнін өздігінен ұғынуы мүмкін емес. сәбидің жүруі біртіндеп болатын дүние. Бала алдымен аунайды, содан кейін отырады, еңбектейді, буыны қатайғанда жүре бастайды. Бала жүре бастағанда құлайтыны, жығылып-сүрінетіні белгілі. Осы тұста баланың аяғын матап тастап, аяқсыз адам шарасыз екендігін түсіндіреді.

Балаға өз аяғының бар екендігін, өз аяғына сүйену қажеттігін тән деңгейінде түсіндіру аса үлкен психологиялық маңызға ие. Бала тұсау кесу арқылы құласа да, жығылса да, өз аяғына сүйеніп өмір сүру керектігін, өз аяғының өзіне берілген үлкен нығмет екенін сана деңгейінде емес, «бесіктен белі шықпай жатып» жан мен тән деңгейінде ұғынады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 96 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: