22:29
Қазақтық

БАУЫРЫНАН ТАБАҚ ЖҮГІРТУ

Туғанына 5-6 ай болып, талпына бастаған сәбиді тез аяқтансын деген мақсатпен туыс-туған көрші-қолаңды шақырып, баланың «бауырынан табақ жүгірту» ырымын жасайды.

Ауылдың өнегелі, инабатты кісілерінің бірі арнайы дайындалған бір табақ асты қолына алып, оны талпынып тұрған баланың оң жағынан сол жағына, сол жағынан оң жағына қарай өткізіп.

- Балапандай талпын да,

Аршында, бөпем, аршында!

Желмаядай желгек бол,

Қас тұлпардай сергек бол! – деген игі тілек білдіріп, табақтағы астан алдымен баланың өзіне дәм татқызып, қалған асты жиналған жұрт бөлісіп жеп, балаға ақ баталарын береді.

«Бауырынан табақ жүгіртудің» де өзіндік мән-мағынасы, ойға алған мақсаты бар. Талпынып тұрған бала бауырын ыстық тамақтың лебі шалғанда, жүйке жасушалары тітіркеніп, бойын тік ұстап, тезірек аяқтануға ұмтылады. «Ас – адамның арқауы» деп, омырау сүтіне қоса нәрлі тағаммен азықтанған бала тез жүріп, буыны тез бекиді.

 

 Психологиялық мәні:

Баланың бауырынан табақ жүргізудің 5-6 айлық балаға қатысты жасалуында мән бар.

Біріншіден, осы кезеңде бала отырып, денесін көтеруге және еңбектеуге әрекет жасайды. Онымен қоса айналасына қызығып, сол қызыққан заттарына ұмтылуды, талпынуды бастайды.

Сәби назарын басқа дүниеге аударып, айналасындағы кішігірім әлемін зерттей бастағанда халқымыз оған ана мен оның омырауынан да басқа әлемдегі құбылыстар мен дүниелерге қызығушылығын ояту қажеттігін түсінген. Бұл әрекет қазіргі кездегі бала психологиясында да бар: осы кезде мамандар балаға түрлі ойыншықтар көрсетіп, сыртқы әлемге қызығушылығын ояту қажеттігін алға тартады, міндеттейді.

Екіншіден, бала осы кезеңге дейін тек емшек сүтімен өсу қажеттігі дәлелденген. Осы кезден бастап, баланың қалыпты дамуы үшін ересектерге арналған тағамдар рационынан қосу қажет. Бұл салттың пайда болу кезеңінде қазіргі таңдағыдай баланың асқазаны мен іш құрылысына сәйкес жасалған тамақтар болмаған. Сондықтан буы бұрқыраған ыстық және иісі мұрныңды жаратын тәтті тамаққа толы табақты балаға ұсыну арқылы оны ересектерге арналған тамаққа еліктірген. Яғни бұл дәстүр баланың тәбетін оятуды көздейді. Халқымызда «ас – адамның арқауы» және барлық тамақтар адам ағзасына сіңімді табиғи болғандығын ескерсек, бауырдан өткізетін табақта бала ағзасына қажетті және құрамы дәрумендерге толы ас болғаны анық.

Осылайша, бала бауырынан табақ тарту арқылы халқымыз сәбидің ата-анасынан өзге де бауырмал, ниеті түзу адамдармен, яғни сыртқы ортамен танысады. Сәби ағзасының ересектер асына дайындығын мойындаған және қызығушылығын арттырған.

Сонымен бірге баланың бауырынан табақ тартуды маңызды деп санап, туыс-туған, көрші-қолаңды шақырып жасауы, баланы қоршаған әлемімен таныстырып, қоршаған ортасына сіңістіруге деген ниетін көрсетеді.

Ас – адам үшін ырыс пен берекенің белгісі. Дана халқымыз бұл дәстүр арқылы баланың осы әлемдегі өз ырыс-несібесінің де мол екендігін көрсеткен сияқты. Балаға табақ тарту барысында оған жеке өзіне арнап, бар тәттіні қосып, тамақ дайындалады. Балаға табақ тартылады. Баланың өз ырыс-несібесінің барлығы және молдығы бұғанасы қатпай жатып түсіндіріледі. Ана әлемінен өз қызығушылығы мен тіршілігінееңбектеу арқылы жаңа қадам жасаған балаға табақ тарту арқылы «қош көргені» жеткізіледі. Бұл жерден балаға деген сый-құрметті де көруге болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 103 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: