20:38
Қазақтық

БАЛАНЫ ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ

Баланы қырқынан шығару – сәби бойындағы тіршілік дамуына қатысты атқарылатын қазақы дәстүрлердің бірі.

Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен қырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезеңді» қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей қадағалап отырады.

Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды.

Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс – адалдықтың белгісі, күміс салынған су – ең таза су (арам су, уланған ас құйылса күміс ыдыс қараяды) боп есептелінеді және оған жын-шайтан жоламайды деген түсінік бар.

Қырқынан шығару кезінде қырық шелпек пісіріп, келген қауымға таратады. Кейбір өңірлерде оның бірнешеуін бесікке тізеді, оны «мыстан кемпір шымшысын» деп ырымдайтын болғандықтан, «шымшыма нан» деп атайды.

Баланы қырқынан шығарған әйелдер білезік, сөлкебайларды бөлісіп алады. Баланы шомылдырып болған соң, «қарын шашын» алып, ақ шүберекке түйіп, баланың оң жақ иығына немесе ьесігіне қадап қояды. Кей жерлерде қарын шашын үйдің табалдырығының астына көметін де ырым бар. Ал «сүт тырнағын» адам баспайтын жерге немесе «ұрпағы көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көміп тастайды.

Осы күні баланың иткөйлегі шешіледі. Иткөйлегіне әр алуан тәті түйіп, бір иттің мойнына байлап қоя береді. Ауыл балалары сол итті қуып жүріп ұстап алып, тәттіні бөліп жейді. Баланың итжейдесін киелі санап, ақсақалдар алыс жолға шыққанда, дауға барғанда қойындарына тығып алып жүрген. бала таппаған, үнемі түсік тастаған әйелдер оны басына жастап жатады екен.

Байырғы орта түсінігінде берілетін әшекейлер баланың денсаулығы мен өмірінің ақысы болып саналатындықтан, баланың анасы немесе әжесі «қырқынан шығару» мерекесіне келен әйелдерді, кіндік шешені ренжітпей, риза қылып, қалауын беріп аттандырған.

 

 Психологиялық мәні:

Ғылыми әдебиеттерде постнаталды кезең, яғни баланы босанғаннан кейінгі кезең 6-8 аптаға созылады. Перинаталды психология саласында постнаталды кезең – адам өміріндегі ең маңызды кезең. Постнаталды кезеңнің маңызы перинаталды психологияда ХХ ғасырда зерттеле бастаса, халқымыз бала жөргегіне түскеннен кейінгі 40 күнді ана мен бала өміріндегі маңызды екендігін атам заманда ұғынған.

Осы кезеңде әйел бойында да өзгерістер болады. Бұл кезең ғылымда жүктілік пен шарананың дүниеге келуіне үлес қосқан әйел органдарының инволюция кезеңі деп саналады. Ананың бүкіл ағзасы жүктілікке дейінгі қалпына қайта келуге әрекет етеді және баланы емізуге дайындық басталады.

Постнаталды 40 күн ананың ғана емес, бала өмірінде де маңызды кезең. Шарананың дүниеге келуі, яғни оның өміріне тоғыз ай бойы ең ыңғайлы болып келген ана құрсағынан үлкен әлемге өтуі бала үшін өте терең және естен тандырар күйзеліске әкеледі. Бұл күйзеліс ғылымда баланың дүниеге келуі мен өткенге қайта оралмайтындығымен байланыстырылады. Сондықтан бала санасы дүниеге келу процесін орасан зор катастрофа ретінде түйсінетіндігі дәлелденген.

Баланың үйреншікті ортасы – түнек құрсақ пен қалыпты температурадан жарық дүниеге келуі, суық пен жаңа тактилді сезінулер, демалу қажеттігі – осылардың барлығы бала үшін күйзеліске толы кезең. Оған қоса бала анасынан тән деңгейінде бөлінгенмен, психологиялық деңгейде тәуелділігін жоғалтпайды. Осы тұста ай-күні жетіп туылған балаға ерекше ыждаһаттылықпен күтім жасалмаса, балада анасынан бөлінуге қатысты үрей басылмай, бондинг қалыптасуына кедергі болады. Бұл сәбидің психомоторлы дамуында кідіріске, ауытқушылыққа әкеледі. Баланың ортаға бейімделу үрдістеріне кері әсер етеді.бұндай жағдай болмас үшін сәби туғаннан кейін холдингпен, яғни ерекше күтім мен айрықша көңіл аудару қамтамасыз етілуі керек.

Осы дәстүрді талқылау барысында психоаналитикалық саланың маңызды ұғымдарының бірі, адам өмірінде терең әсері бар шарана дүниеге келгеннен кейінгі кезеңде болуға тиісті бондинг пен холдинг секілді ғылыми ұғымдарға тоқтала кетуді жөн санап отырмыз.

Бондинг дегеніміз ана мен бала арасындағы бала жөргегіне түскеннен кейін пайда болатын көзге көрінбейтін, олардың біртұтастығын қамтамасыз ететін байланыс. Осы байланыс арқылы ана:

- баланың әрбір іс-қимылын түсінуі;

- қажеттіліктерін әп-сәтте қанағаттандыруы;

- сепарациялық үрейін басуы;

- жаңа ортаға байланысын орнатуға көмектесуі сияқты бала өмірінің іргетасы болар дүниелері орын алады.

Бұл кезеңде ана мен баланы ажыратпай, баланың бар ыңғайын жасау – баланың өзін-өзі реттеу механизмдерінің де жақсы дамуына әкелетіндігі анықталған.

Сонымен бірге баланы тек емізіп қана қоймай, сан алуан әсерлермен қамтамасыз ету, ана мен баланың диада іспеттес (толыққанды бағыныштылыққа негізделген, екеудің бірі бар, бірінің «Мен»-і жоқ қарым-қатынасы) қатынасы холдинг үрдісі деп аталады. Осы үрдіс бала 3 жасқа жеткенше орын алу қажет деп саналады.

Қазақтың баланы қырық күн шашы мен тырнағына дейін тиіспей, иткөйлегі мен анасының бауырынан шығармай, бөтендерге көрсетпей ерекше ыждаһаттылықпен қарауы – бондингтің адам өміріндегі орнын ерекше ұғынғанын көрсетеді. 1970 жылдары батыста анықталған, кеңестік дәуірде мүлдем жоққа шығарылған бондингтің қадірін ғылым мен техниканы білмей-ақ халқымыздың түйсінгені – оның даналығы мен көрегендігін көрсетеді.

Бала жөргекке түскен алғашқы апталарда өте әлсіз болатыны белгілі. Оның көру, сезу, тактилді рецепторлары, қимыл-қозғалысы, демалу, метаболиттік және циркулярлық ритмдерінің үйлесімі, сезім мүшелерінің дамуы қатарлы адами қасиеттерінің жетілуіне аса ұқыптылықпен қарау қажет. Ғылымда шарананың өмірін сақтау үшін және өсуіндегі іркілістерді болдырмау үшін барлық жағдай жасау қажеттігі дәлелденген.

Онымен қоса халқымыз шарананы қырқынан шығарғанша, қарын шашы мен тырнағын алмай, бөтен адамдарға көрсетпей, шарананың ет алып кетуіне 40 күн бойы барынша назар аударуы – сәби өмірінің алғашқы кезеңінде болатын сәбилердің кенеттен өлімі синдромы болатындығын, соған жеткізбей, баланы ерекше күтіммен ұстағанын ұғындырады. Халқымызда баланың шетіней бергені, көп отбасында бала тұрмағаны да жасырын дүние емес. қазіргі таңда медицина бұған дейін жаңа туған нәрестенің кенеттен өлімі синдромы 4-7 есеге көп болғандығын анықтады. Сондықтан баланы қырқынан шығару халқымыздың шарананы адамдар әлеміне «аяқ алысын» тездетпей, бала қамқорлықпен қарап, ет алып, жетілгенін күткендігін көрсетеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 105 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: