14:31
Қазақтық

БЕСІК ЖЫРЫ

Бесік жыры – тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі.

Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар.

Бесік жырын халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды.

Бесік жырының басты қызметі – бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру.

Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни бесікке бөленетін уақытында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады. Әуен-сазсыз бесік жырының мәні де, сәні де келмейді. Қазақ бесік жырының үлгілерін алғаш Ә.Диваев хатқа түсіріп, 1905 жылы жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатыр.

Бесік жырларын мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі бесік жырлары мен суырып салма бесік жырлары деп екі топқа бөлуге болады.

Дәстүрлі бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: «әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!» деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Сонымен қатар ана:

«...Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?!

 

Бармақтары майысып,

Ою-өрнек ойысып,

Ұста болар ма екенсің?!

 

Таңдайларың тақылдап,

Шешен болар ма екенсің?!

 

...Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Қызмет қылар ма екенсің?!

 

Қолымыздан іс алып,

Бақытымызға, жан балам,

Бізді бағар ма екенсің?!» - деп баласының болашағын, ел мүддесін, өз арман-мұратымен астастыра жырға қосады.

Ал суырып салма бесік жырларында айтушы жанрлық түрді пайдалана отырып, кезеңдік жағдайларды, өзінің ішкі мұң-сырын өлеңге қосады. Мәселен, Г.Н.Потанин хатқа түсірген бесік жырының бір үлгісінде:

«Таудан Тоғас түскен жоқ,

Секемен тары піскен жоқ.

Тоғас түссе етекке,

Қой жүреді жетекке.

Жылама, бөпем, жылама» - деп жарты құрсақ жатақтар өмірінің ауыр тірлігі суреттеледі.

Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат ьеретін шалқары кең жанр. Оның осы мүмкіндігін кейінгі жазба әдебиет өкілдері мен сазгерлер де кеңінен пайдаланып келеді.

Қазақтың музыкалық-поэтикалық фольклорындағы тұрмыс-салт әндерінің арасында кең тараған бесік жыры екі түрлі міндет атқарады:

1. Сәбиді жұбату және оның болашағына деген ата-аналық тілегін білдіреді;

2. Ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері айқын көрінеді.

Бесік жырына халықтық сипат, дәстүрлі идеализация, оптимизм тән. Өлеңі 7-8, кейде 11 буынды ән түрінде құрылады.

Ел арасында ең көп тараған бесік жырының бір нұсқасы мынадай:

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем.

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін.

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 111 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: