12:30
Қазақтық

ШІЛДЕХАНА

Шілдехана – өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын той.

Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы адам өмірге келгеннен кейін, жақындарына сүйінші сұрап хабаршы жібереді.

Сүйінші хабарды жеткізгендер ұл туса – «ат ұстар» немесе «жылқышы», қыз туса – «көйлек тігер», «қырық жеті» немесе «сауыншы» туды деп хабарлаған. Одан кейін туған-туыстар, көршілер және алыс-жақын ағайындар шашу шашып келеді.

Шілдехана мәні алғаш нәрестені жын-періден қорғап, «күзету» деген сенімге саяды. Сондықтан оны «Шілде күзет» деп те атайды.

Бұл ғұрыптың түпкі мәні бала мен ананы тіл-көзден сақтау, жын-шайтандардан қорғау дегеннен туындаған.

«Шіллә» («чілле») парсы «қырық» деген мағына береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала үшін туылғаннан кейінгі 40 күн уақыт қауіпті кезең саналған. Оған дейін нәрестеге көп адамды жолатпай, бала мен анасын жақсылап күткен. Әсіресе жас нәресте жатқан үйде үш (кейде 40 күнге дейін) күндіз-түні шам жағылып, «күзетілген». Кейіннен шілдехана ұлттық ойын-сауық кешіне айналған.

 

Психологиялық мәні:

Адамның әлеуметтік келбеті – балалықтағы қарым-қатынастан бастау алады. Бала үшін мына өмірге келу психологиялық тұрғыда оған мамыражай, қуанышты сәт емес.

Адам өмірге «келді» деп айтамыз, шын мәнінде «келтірді». Яғни оның өмірге келуі о бастан өзінің қалауымен болмаған жайт.

Бұл жайтты халқымыз терең түсініп, бала дүние есігін ашқанына той арқылы өз қуаныштарын жеткізеді.

Сүйінші сұрау барысында физикалық тұрғыда әйтеуір біреудің дүние есігін ашқаны туралы емес, шақалақтың өмірін болашақтағы ғұмырлық мәнмен байланыстыруы арқылы адамның өмірінің іргетасы – өмірлік мәні екендігін ұғынған. Бала – қазақ үшін мал мен жанға ие болатын, өмірді жалғастыратын, көйлек тігіп, сауын сауып, найза ұстайтын бір халықтың үміті. Бұл үміттің астарында халқымыздың жойылып кетпеуге әрекеті, балалардың шетіней бергендігінен жалықпай, баланы дүниеге әкелуге қорықпағандығы, баланың өмірінен үміт күтуі жайлы сыры жатр.

Әр шақалақтың мына өмірге жай келмей, сұрауының бары, өмірінің мәнімен бірге туылғандығын әлемге жария етіп той тойлауы арқылы – қазақтың адамды шақалақ кезінен мойындап, оған бас игенін көрсетеді. Баланың дүниеге келгенін қуанышпен қарсы алуынан, дүйім жұрттың көңілі ауып, той тойлауынан – баланың өмірде өз орны бар екенін, оның адам қатарында екенін шыр етіп кіндік тамған кезден бастап басқа адамдардың мойындағанын байқаймыз.

Психоаналитикалық ілімде баланың өмір сүруінің іргетасы, базисі – либидо болса, қазақы болмысқа сай келетін экзистенциялдық психологияда адамның өмір сүруге құлшынысы мен тілегі деп саналады.

Шілдехана арқылы баланың өмір сүруге құлшынысын туа бітті арттыру көзделген. Өмір есігін жаңа ашқан сәбидің ғұмыры мерекелі, берекелі, мошылыққа толы болсын деп барын ортаға салып тойлайды. «Көп түкірсе – көл», баланың өмір есігін ашқанына тек ата-анасы емес, қауым ел жиналып, жақсы тілектер мен әуезді әнін арнау арқылы баланың өмір сүруге құлшынысын барынша арттыруға тырысқан.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 114 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: