16:15
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті

ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІ

Қашанда барша ұлтты бауырына басқан бауырмал қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықта тұруды ежелден серік еткен. Қазақстан – өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, қайтпас қанат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» - деп ойлансақ, бұл - туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі сөзі.

Кезінде ғой Қазақ елі тәуелсіз болса деген арман ұшқын шашса, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы, Қазақ елінің тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы да тұғырлы тұлғасы – тұңғыш Президентіміз, Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды. Ұлы даланың тағдыр-тарихын барлық дем-тынысымен түсініп, елінің ендігі тарихын осынау ұлылар рухында одан әрі жаңғырта, жасарта алып кететін ер, көзсіз батыр, кәусар ар-намыстан жаралған қайтпас-қайсар қайраткер, елін басқарып, хас батырдың ісін істей алатындай ерекше тұлғаны тап басып таңдап, тағдырын қолына бергенінде жаза басып жаңылған жоқ еді.

Әлбетте, Нұрсұлтан Әбішұлы – жер бетіне сөзін өткізіп отырған бүгінгі заманның көрнекті саясаткері, Қазақстанның тәуелсіз мемлекетін құрудың басында тұрған, осы жолдағы небір қилы, тар жол, тайғақ кешуді халқымен бірге өтіп, қиыншылықтарын бөліскен, бүгінде әлем мойындап отырған жаңа мемлекетті қалыптастырған, оған жаңа Астана жасап, жаңа қала тұрғызған, қазір инновациялық индустрияландырудың жаңа жобасын өмірге келтіріп, болашаққа бағыттап бара жатқан ұлы тұлға, төрт құбыланы түгендеп, кемел ойлы, кемеңгер ата-бабаларымыздың жолымен жүрген, қасиет дарыған қайраткер.

Қазір әлем мемлекеттері тарихын зерттеушілердің назарын өзіне аударып, ағылшын жазушысы және публицисі, саяси биограф Дж.Айткен мырзаның «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» атты кітабын жазып, Лондонда оның тұсаукесерін өткізгені Елбасымыздың, шын мәнінде, біртуар азамат, елін ұлы көшке сүйреген көшбасшы екіндігінің айқын дәлелі. Тарихтың тағдыр-талайы шешуші сәтінде мемлекет басына келіп, шексіз ұлтжандылықпен рух биіктігін көрсетіп, елін өрлеу мен гүлдену жолына түсіріп, іркілмей бастап келе жатқан ізгі жан туралы жылы лебіздерді көптеп келтіруге болады. Соның бірі Ресейдің байтақ бір өлкесін билеп, халқының құрметіне бөленіп отырған қандасымыз Аман Төлеевтің айтқаны да айрықша көңіл бөлерлік. Ол: «Нұрсұлтан Назарбаев өте көреген, әріден ойлайтын саясаткер. Ол – жігерлі әрі айбарлы адам. Мен оның көрегендігін ұнатамын. Ол шебер шахматшы секілді, бәрін де алдын ала есептеп, нағыз жүрістерді таңдай алады», - деп әділ бағасын берген.

Зерделесек, Президент боламын деген кісі ақылы мен қайратын, жігерін, ірі саясаткер талантымен, ел басқару ісіндегі мол тәжірибесімен ұштастыра отырып, елдің бірлігі, халықтың тыныштығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қадір-қасиетінің артуы үшін еңбек етуі шарт. Нұрсұлтан Назарбаев бұл шарттардан мүдірмей өтті: елдің, мемлекеттің ақыл-ойын байытуға, абыройын асыруға, ар-ожданын ардақтауға қызмет етті һәм қызмет етіп келеді. Айталық, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сара басшылығымен демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету салаларында ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Еліміздің экономикасын көтеріп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, саяси реформалар жүргізіп, басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру бағыттарында да қомақты шаруалар атқарылды. Республикамыз қазірге дейін бірқатар халықаралық ауқымды шараларға бастамашы болып үлгерді. Әлемдік, өңірлік деңгейдегі құрылымдарды өмірге әкелудің көш басында жүрді. Ел ішіндегі этносаралық татулық пен дінаралық келісім үдерістері өзгелерге үлгі етерліктей дәрежеге көтерілді. Дүниежүзілік, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы күш-жігеріміз де халықаралық қоғамдастық тарапынан оң бағаланып келеді. Жер шарының көптеген мемлекеттерімен достық, ынтымақтастық тұрғысында қарым-қатынас орнаттық.

Кеңес өкіметінің құлаған сарайын күреп тастап, ата-бабамыздың ақбоз үйін тіге қою оңай болған жоқ. Елбасы егемендігіміздің алғашқы күнінен бастап, жатса-тұрса ойлайтыны да, айтатыны да көп ұлтты еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтап қалу болды. Халықты аштыққа, жалаңаштыққа ұрындырмай, қиын өткелден алып шығуының бірден-бір жолы шет елдердің қаржысын Қазақстанның экономикасын өркендетуге жұмсау, өзіміздің теңгемізді тұрақтандыру, дамыған елдермен байланыс жасап, жер бетінде Қазақстан атты мемлекеттің барын таныту болды. Өтпелі кезең қиыншылықты болғанмен, мемлекеттің алдындағы өзекті мәселелерде Елбасы бірден-бір баянды бағыт ұстанды. Мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын қалыптастыруда бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Жаңа басқару жүйесі, оның басқарушы, бақылаушы және атқарушы органдары мен институттары құрылды. Қазақ елінің аумақтық тұтастығының, біртұтас мемлекеттігінің заңды негізі қаланды. Ел егемендігін алысымен, БҰҰ-ға мүше етіп енгізді. Қазақстан осы күннен бастапжер жүзіндегі жүзден астам ел таныған Егемен ел болды.

Президентіміздің ел тәуелсіздігінен кейін ең бір батыл, шешімі – астананы Ақмолаға көшіруі. Қайда жүрсе де, кіндік кесіп, кір жуған туған жерін ойлаған азамат оның ертеңгі өмірін де қамдап ойлайды. Астананы Алатаудың бауырынан Арқаға ауыстыру оңайға түскен жоқ. Арқа төсіне қоныс аударған Елордаға бақ пен дәулет тілеген Елбасы: «Бұл болашағымызға керек, қызығын келер ұрпақтар көреді»,- деген болатын.

Өзіңмен қазағымның бағы ашылды,

Туғызған ел едік қой сан асылды.

Ақмоланы Астанаға ауыстырып,

Аты қандай бүгінгі жарасымды!

деген ақын жырларында Елбасы шешімінің дұрыстығы паш етілді. Сондықтан егемен Қазақстан азаматтары үшін Астана – еліміздің өміріндегі жаңа дәуір белгісі. Есілге қонған аққудай жарқ етіп, аз уақытта қанат жайған асқақ қала:

«Ежелгі арман өтелген,

Нығайды Қазақ елдігі.

Ақталды шаңырақ көтерген,

Елбасының ерлігі», -

деп Кәкімбек Салықов жырлағандай, ақындарға шабыт сыйлады. Астана қазаққа тек қана әлеуметтік, экономикалық һәм саяси маңызы бар қала ғана емес, ол тәуелсіздіктің рухани тұғыры ретінде әр қазақтың жүрегінде елге, жерге, Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігі болып қалады. Өйткені Астанамыз аз ғана уақыт ішінде Қазақстанның ірі қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени және іскер орталығына айналып отыр. Тәуелсіз еліміздің саяси тарихы көбіне жас Астанамен байланысты. Астана Еуропа мен Азия арасындағы байланыс көпірдің қалану мәртебесіне ие болып отыр. Бүгінде әр қазақтың жүрегінде отансүйгіштік деген ұлы сезім ұлғая түсті, көңілге қонып, тамыры терең «Бәйтеректей» шартарапқа құлаш жайды. Қазақ халқының санасына Астана бірлігіміз бен тіршілігіміздің айшықты белгісі-нышаны болып қалыптасты. «Астана – тәуелсіздік тақ-тұғыры, Бар Қазақ арман жолын басқарады» - десек, шын мәнінде, Астана ұлтымыздың, мемлекетіміздің мызғымас тақ-тұғырына айналды. Әр мемлекеттің астанасы – оны биіктерге бастайтын баспалдағы, беделі мен берекесінің діңгегі. Астана – әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алатын киелі мекен. Ғасырға бергісіз он алты жыл ішінде Астана талай іс-шаралардың ордасына айналып, әлем назарын өзіне аударды. Астанада өткізілген форумдар әлемдік саяси тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтауға бағытталса, тарыдай шашылған қазақтар да бас қалада бас қосып елінің дамуын көзімен көріп, жүректерінде қуаныш ұялатуда. Астананың нышаны – «Бәйтерек» монументін бүгінде көптеген мемлекеттердің азаматтары біледі. Президенттің айтуынша, бұл құрылыстың мәні үш негізгі философиялық құрылымды білдіреді: жер, өмір және аспан.

Иә, ел басқарудағы Абылай мен Елбасы арасындағы кемеңгерлік, қайраткерлік бір-бірімен сабақтасып жатыр. Тұс-тұстан ашкөзденіп анталап тұрған алпауыт көршілерді Абылай хан сұңғыла саясаткерлігімен қазақтың табалдырығынан аттатпағаны бүгінгі Елбасымыздың дипломатиялық қайраткерлігіне ұштасып астасып жатқан жоқ па? Тарихи тәлімнен сабақ ала білген Елбасының даналығында да өткенмен сабақтастық тұнып тұр. Міне, осының барлығы айтуға ғана оңай, атқарылуы нар түйенің жүгіндей ауыр жұмыстар екенін айтпаса да түсінікті. Дегенмен, осы бастамалар мен істердің бәрінде де Қазақстан Республикасы абырой биігінен көріне білді.

Ақиқатында, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Президентіміз өзінің туған елін сара жолмен абыройлы бастап келеді. Бұл жолда Елбасы қаншалықты абыройлы болса, халқы да оны құрметтеп, сыйлаумен келе жатқаны баршаға аян. Түйіндесек, Нұрсұлтан Әбішұлының қазақты, Қазақ елін жер шарының бергі бетінен арғы бетіне дейін түгелге жуық таныстырып үлгергеніне қатты риза болады екенсің. Біздің Президентімізді дүние жүзі таниды және оны өз бауырындай, досындай, ақылшысындай, тіпті өздерінің басшысындай көретінін мақтан тұтамыз.

Атан тартқан ауыр жүк мойныңызға артылды,

Түсінген жан едіңіз дәстүрім мен салтымды.

Бір Алла өзі жар болсын!

Бастай бер, баста, халқыңды!

деп ақындар жырына арқау болған Елбасы өмірі мен қызметі елі мен жері, оның болашақ дамуына арналған. Асылында, осынау жолда халқымызды от пен суға түсірмей, алға бастай беріңіз, Елбасы!  Қазақ елінің, Астананың діңгегі мықты, мәртебесі биік болғай!
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 948 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: