11:52
Атбегілік арналары

БИЕ және ҚЫМЫЗ

Ұрғашы байтал құлындаған соң бие деп аталады. Жылқы үйірінің ішінде биенің алатын орны ерекше. Жасы жеткен сақа биелер үйірдің ақылшысы саналады. Қазақта «алып анадан – ат биеден» дейтін аталы сөз бар. Кәнігі жылқышылар мен атбегілер үйірді сапаландыру үшін жақсы биелерді таңдап алатын болған.

Айғырдан шыққан бие орташа есеппен құлынын құрсағында 11 ай, яғни 335 тәулік көтереді. Бұл мерзім нақты қатып қалған уақыт емес. көп жағдайда жайылым құнары немесе климаттың өзгеруіне қатысты бие құрсағындағы құлын 320-349 тәулік аралығында өсіп жетіледі.

Құлындайтын биенің белгісі. Құлындайтын бие құлындаудан бір-екі апта бұрын белгі бере бастайды. Әуелі жүріп-тұру қозғалысы жеделдейді, құйрығын көтереді, желіні үлкейеді, кей жағдайда уыз ағып тұрады, жай тұрғанда екі бүйіріне алма-кезек қарағыштай береді.

Тәжірибелі жылқышылар құлындауы жақындаған биені үйірдің шетіне шығарып бақылайды. Толғағы басталған бие 30-40 минутта туып үлгереді.

Төл алған (айғырдан шыққан) биені тексеру тәсілі:

1. Рефлекс амалы;

2. Сыртқы бой түзеуі.

Рефлекс амалы. Күйіті келген бие толық төл алды ма, жоқ па оны білу үшін, әуелі үміткер биені 20-25 тәулік айғырмен бірге ұстайды. Осы аралықта күйіт белгісі білінбесе, биені қашты (төл алды) деп есептейді.

Сыртқы бой түзеуі. Айғырдан шыққан биені 5-6 айдан кейін күйіті қанғанын, яғни төл алғанын білуге болады. Ол үшін биені теп-тегіс жерге тұрғызады. Артына шығып 3-5 метр қашықтықтан қарағанда, құрсағында құлыны бар биенің қамшылар жақ бүйірі салқы тартады. Егер бие буаз болмаған жағдайда мінер жақ бүйірі салқы (төмен түсіңкі) тартады.

Құлын бағымы. Құлынның алғашқы тамағы енесінің сүті. Сондықтан құлын енесін қалай емуде соны қадағалау қажет. Әсіресе уыз сүт құлынға өте пайдалы. Дені сау құлын енесін бір күнде 30-40 дүркін емеді. Құлын өскен сайын емуді азайтады. Үш айлық құлын күніне 1-2 дүркін ғана емшекке ауыз салады. Алты айдан кейін ембейді.

Жаңа туған құлынның салмағы қалыпты жағдайда енесінің салмағының 10-нан 1 бөлігіне тең болады. Қазақы биеден туған құлын шамамен 31-34 келі болады. Алғашқы 3 айда күніне 690 грамм салмақ қосады.

Таза қанды жылқының құлыны туғанда салмағы 40 келі шамасында болады. Олар алғашқы 3 айда күніне 878 грамм салмақ қосады. Яғни туғандағы салмағынан үш есе артық салмаққа жетеді.

Бие байлау. Бұл қазақ халқының тұрмыстық дәстүрінің ішіндегі салтанатты салты. Ел жайлауға шыққан кезде сауылатын биелерді бөле бастайды. Алдымен желі тарту үшін қазық қағылады. Желі тартқанда әрбір бес құлынның ортасына бір қазық қағылады.

Құлындарды желіге байлаған соң, биебаудың шайын дайындайды. Желінің басында шай жасалып, жиналған жұрт құрт, ірімшік және т.б. тамағымен келеді. Мұны «шашу шай» дейді.

Бие сауу. Сауынға кез келген бие жарай бермейді. Оған дені сау, сүті мол, кең құрсақты сақа биелер таңдап алынады. Жазғы бие сауын маусымы биелердің күйіті келетін мезгіл болғандықтан айғыр үйірінің күйіт жайын да сәйкестірген жөн. Алғаш рет сауынға байлаған жас биені үркітіп-шошытпай жуасытқан тиімді. Көнектен шошынған биені қайтадан үйрету үшін уақыт керек.

Құлынды биелердің құлыны қара құлақ болып, оттығып жетілген кезінде байланып, күніне 4-5 рет сауылғаннан кейін, ағытылады. Жас құлындағандарын бір-екі жұмадан кейін байлап, 2-3 сауылғаннан соң ағытып жібереді. Қазақ биені алты айға дейін сауады.

Биені сауған соң 1,5-2 сағат ішінде қайтадан желініне сүт толады. Жаздың қатты ыстық күндері құлындар шөлдейтіндіктен кейбір сауымды саумай емізген дұрыс. Биелері байланған үйірді таңертең желіге байлаудан бұрын және кешке босатып жіберуден бұрын суарып отырады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 52 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: