08:37
Атбегілік арналары

ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМДАРЫ

Қазақтың төл жылқы тұқымдары

Қазмойын. Қазанаттың 3-ші ұрпағы. Қазанат айғырларды қазақы биелермен будандастырудан пайда болған. «Қазанаттан туған қазмойын» деген Махамбет жырлары ойымызды сабақтай түседі. Бұл тұқымның ерекшелігі – мойны қаздың мойнындай иілген, бойы биік, сирақты, қамыс құлақ, ботакөз, түрікмен тұқымына жақындау, салт жүріске жарамды жылқы.

Жабы. Байырғы қазақ жылқысы. Қазақстанның оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс өңірінде өсіріледі. Басы дөрекілеу, мойны етті, бірақ қысқа, омыраулы, кеудесі кең, жоны жалпақ, сауырлы, жал-құйрығы қою әрі ұзын, денесі тығыз, етті болады, күзде тез семіреді. Денесі ірі, шомбал, тұрқы ұзын, аяқтары қысқа, өте тез қозғалғыш, оңалғыш, қысқа және жұмысқа төзімді, күшті, салт мінуге де, жегуге де ыңғайлы.

Қазақстанның қатаң табиғатына көндіккен. Түсі әдетте торы және жирен: құла, сұр, көк. Қара түстісі сирек кездеседі. Ұшқыр, жүйрік болмағанымен, алыс жолға төзімді. Жайылымда жүргеннің өзінде әр биеден тәулігіне 11-15 л сүт саууға болады. Семірген жабыда 230-250 келі таза ет болады.

Жабының үш шоқысы деген де тұқымы бар. Яғни төбесі, сауыры, шоқтығы биік үш шоқы сияқты көрініп тұраы. Тоғыз жасына дейін талмай шабады.

Шекті жылқысы. Қазақ жылқыларының ішіндегі шомбал, кесек тұрпатты жылқылардың бірі. Шекті жылқысының мойны қысқалау, жуан, басының көлемі орташа, маңдайы кең, көзі үлкен, омырауы кең, бірақ мұрны шағын аздап қырланып келген, басы алдынан қарағанда түзу, бірақ бұлан мұрын емес. арқасының дөңестігі де, ойығы да жоқ түп-түзу, сауыры құйымшағына қарағанда көтеріңкі тұрған сияқты көрінеді. Шекті жылқысының түсі көбінесе ала болып келеді.

Кекілі басын жауып тұратындықтан көзіне қар түспейді. Құйрығы артқы жағын желден қорғайды. Жүні қалың және нәзік, ұяң. Аяқтары діңгектей, бір аяғы ұсақ жылқының екі аяғындай, құйрығы қаба, жерге шұбатылып жүреді. Жалы екі жағына жарылып және алдыға қарай кекіл боп бітеді. Жалы мен құйрығының мықты болуы сүйектері кесек, тұрқының мығымдығы күштілігін аңғартады.

Адай жылқысы. Қазақтың басқа жылқы тұқымдарымен салыстырғанда денесінің құрғақтылығымен және етсіздігімен ерекшеленеді. Басы ұзын, етсіз, маңдайы жетілген, шығыңқы, көздері тым зор, мұрны аздап ойсыздау, шекті жылқысына қарағанда арқасы айтарлықтай ұзын. Аяқтары жіңішке, тұяғы кішкене, тасты жерде жүргендіктен, тұяғы қазақ жылқыларының ішіндегі ең қаттысы. Жалпы адай жылқысы мініске және салт жүруге арналған тұқым. Ұзақ жүріске төзімді, қағылез, безбүйрек. Суық пен ыстыққа төзімді келеді, қысы-жазы жайылымда болып, күтім талғамайды.

Адай жылқысының ішінде «адайдың көкмойындары» деп аталатын бойы биік, сұлу мойны ұзын, аяқтары тік, кесе тұяқ, сымпыс құйрық тұқым бар. Адай жылқысында арғымақ пен қарабайырға қарағанда түрікмен тұқымының белгілері басымырақ. Оған себеп адайлар Маңғыстау түбегін түрікмендерден босатып, қоныстана бастау дәуірімен аталмыш жылқы тұқымының пайда болуы сайма-сай келеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 60 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: