19:26
Атбегілік арналары

ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМДАРЫ

Қазақтың төл жылқы тұқымдары

Қазақ жерінде ертеде жылқының – Қазанат, Арғымақ, Жабы, Қарабайыр, Қазмойын, т.б. тұқымдары өсірілген. Одан кейін, яғни орта ғасырда көрші жұрттармен тұқым будандастыру нәтижесінде жергілікті тұқымдар – адай, шекті, сарыарқа, іле және т.б. жылқылар пайда болды.

Қазақ жылқысы. Ауа райының қандай жағдайына болса да төзімді, жем-шөп талғамайды, үнемі далада, тебінде, жайылымда өсіп-жетілген. Бұл түліктің басы үлкен, сағалдырығы кең, көздері кішілеу, мойны жуандау, тұрқы орташа, шоқтығы биік емес, көкірегі кең, қабырғалары ұзын және тік келеді, аяғының сіңірлері шығыңқы, көрініп тұрады. Алдыңғы аяқтары түзу, ал артқы аяқтары қайқылау, тұяқтары мықты, терісі қалың, жал-құйрығы қою, түсі әртүрлі болады.

Қазақ жылқылары салт мініс пен ауыр-жеңіл жұмыстарға да мықты, жүріске берік, төзімді келеді. Ішінде аяңшыл-жорғасы, желісті, жүйрігі, баяу жүретін шабандары да бар. Оларды күнделікті тұрмыстық қажеттеріне қарай салт мініс көлігі, жұмыс күш көлігі, сауын биесі, т.б. деп бөледі. Осыған байланысты да жылқының толып жатқан атаулары бар.

Қазақ жылқысының түсі әртүрлі, тобылғы торы, кер, қанжирен, күрең, шабдар, қызыл көк, қаракер, құла, құбақан түстілері көп кездеседі. Жүні қалың, суыққа төзімді. Биелері сүтті келеді. Шұрайлы жайылымда бағылған әр сауын биеден құлындағаннан кейінгі алғашқы айларда орта есеппен тәулігіне 35 литр сүт сауылады. Кейбір мама биелерінен тәулігіне 57 литр сүт сауылады.

Қазақ жылқылары мініске өте төзімді. 60-80 келі салмағы бар адам салт мінген аттар бір тәулікте 150-дей шақырым жер жүреді. Ұзақ жол жүру аттың сапасына байланысты болады.

Қарабайыр. Өте ежелгі тұқым. «Қарабайыр» сөзінің мағынасы «қолда туып өскен» дегенді білдіреді. Қарабайыр жылқыларының болмыс бітімі бөлекше, онша ірі емес, еті тығыз, кеуделі, мойны ұзын әрі етті, сауыры жалпақ, сирағы етсіз, жал-құйрығы селдір, желісті, жорғаға тез машықтандыруға болады.

Бұл тұқымды арбаға жегеді, салт мінеді және жүк тасу көлігі ретінде пайдаланады. Қарабайыр жылқының ірі әрі жақсысы Самарқан облысында өсіріледі. Жайылымда бағуға төзімді. Шөлейт аймақтарда жүк тасуға көнбіс. Қарабайыр жылқысы 115-120 келі жүкпен тәулігіне 100-125 шақырым жол жүре алады.

Арғымақ. Мұлу да асыл бұл тұқым қазақ даласының қатаң табиғатына үйлескен, аса күй талғамайтындығымен ерекшеленеді. Оның төзімділігі, алысқа шабуы, күй талғамайтындығы жағынан түркімен жылқысынан асып түскен.

ХІХ ғасырдың аяғында орыстың жылқы мамандары 3 ахалтеке мен 3 қазақ арғымағын жарыстырып сынаған. Жарыс кезінде ахалтекелер бірден озып шыққанымен, ұзай келе арғымақтан қалып қойған. Арғымақ қазір кездеспейді, бірақ халықтық эпостарда жүйріктік пен төзімділік баламасы ретінде суреттелген.

Қазанат. Қазақ батырларының жауынгерлік аты. Бұл тұқым далалық қазақы жылқыларды будандастыру арқылы алынған делінуде. Бірақ бұл пікірді жоққа шығарып, «қазанат байырғы қазақтың төл жылқысы» деушілер де бар. Десек те, Махамбет мұраларындағы «арғымақтан туған қазанат» деп келетін өлең жолдарында қазанаттың айғыры арғымақ екені айтылады.

Қазанат дене бітімі жабыдан ірі, шоқтығы биік, омыраулы, кең кеуделі, күпшек санды, құйма тұяқты, басы онша үлкен емес, кең танаулы болып келеді. Салпы ерінді, күпшек санды, тұяғы үлкен, жалпақ, басы онша үлкен емес, тез семіретін, майды сыртына жинайтын, сазандай дөңгеленіп келген, мойыны жуан, бітімі келісті, мүсінді де, шымыр, мініске берік, шабысқа төзімді жылқы.

Жоғарыдағы бітім-сипаттарына қарағанда қазанат – ауыр сауыт киіп, қару асынған батыры көтеретін, жорықта ұзақ шыдайтын, айқаста найза тіресіне мықты, әскери-жорықта арналған жылқы тұқымы. Жауынгерлік ат болғандықтан қазанатты өсіру, тәрбиелеу, баптаудың да, арнайы әдістері жолдары болады. Ол туралы батырлар жырында көп айтылады.

Қазанат мінген адам ұзақ жолға шаршамайды. Суарып, оталдырмастан тоқтамай таңертеңнен күн ұясына қонғанша жүруге шыдас береді. Бұндай жылқы бап талғамайды, жауын-шашынға, суыққа төзімді келеді. Байтақ даламызды жауынгер ата-бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшы және мықты тұлпарлардың септігімен сақтап қалған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 62 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: