07:34
Атбегілік арналары

БӘЙГЕ және ЖҮЙРІК ТҮРЛЕРІ

Бәйге түрлері

Аламан бәйге. Бұл жүйріктің жасына, жынысына қарамай жаппай бәйгеге жіберетін ат жарыстың түрі. Басқа бәйгелерден ерекшелігі мұнда қатып қалған ереже жоқ. Кей жағдайда кедірлі-бұдырлы таулы-тасты жерлер де таңдап алынуы мүмкін.

Бірақ қазақтар аламан бәйгені көбінесе жазық жерде шаптырған. Аламан жарыс қазіргі таңда қырғыз және моңғолдарда бар. Соған қарағанда көшпелі халықтың тұрмыстық мәдениетіне тән көрініс ретінде қабылдаймыз.

Аламан бәйгенің ежелгі қалыптасу мақсаты: жауынгерлік жорық кезінде жақсы аттарды таңдап алып, ұзақ жорық-шабысқа салу үшін көп жылқының ішінен жорық аттарын іріктеу үшін ұйымдастырылған.

Сондай-ақ, аламан бәйге кезінде ат үстіндегі шабандоз баланың төзімі, тақымының мықтылығы да сынға түсері сөзсіз. Осы арқылы қазақтар атүсті сайысқа мықты жауынгер ұлдарды тәрбиелеген. Жалпы «аламан» сөзінің түп төркініне келсек, «шапқыншылық» ұғымына тән.

Ерте дәуірде аламан бәйге күндік жерден жіберілетіні жайлы ұлттық эпостық жырларда айтылады. Ол үшін жүйріктер бір күн бұрын сөреге (бәйге шабарға) қарай айдалып, шабандоз балалар айран-шалабын ала баратын болған.

Ат айдаушы аламанға шабатын жүйріктерді мәреге қондырады да, таң сәріден тұрғызып, балалардың сусын-шалабын ішкізеді. Одан кейін аттардың бәрін тізіп, түгендеп жарыс жолына шығарады.

Тай жарыс. Бір жастағы жылқы баласының жарысы. Қашықтығы 6-8 шақырымнан аспайды. Қазақ халқы болашақ тұлпар болар жылқы мен батыр болар баланы тай жарысынан бастап танып алатын болған. Көшпенділер дәстүрінде тай жарысы кезінде ең соңынан келген тай мен балаға да сыйлық беретін ұғым бар. Бұл жас баланың көңілін аулайтын жақсы дәстүр.

Құнан жарыс. Жылқы түлігі тайдан кейін құнан шығады. Құнан жарыстың қашықтығы 15 шақырымнан аспауы керек. Одан ұзақ болса сүйегі қатып, өкпесі жетілмеген жас жылқы бұрлығып, беті қайтып қалады. Құнан жарыс кезінде жылқының болашақта қандай дәрежеде бап сүйеді (қоңды, күйлі немесе арық, орташа етті т.б.) соны анықтайды және шабыс ырғағын таниды.

Дөнен жарыс. Жылқы баласын құнаннан шыққан соң дөнен деп атайды. Дөнен жарыстың қашықтығы 20 шақырымнан аспауы тиіс. Дөнен жылқының жарысы кезінде жүйріктің сүйек сыны айқындалады және еркек жылқы болса алдағы уақытта айғыр немесе мініс аты бодыра ма, соны шешеді.

Жорға жарыс. Бұған тек жасы жеткен ірі жылқылар қатысады. Жорғалар 8-10 шақырым қашықтыққа жіберіледі. Бұл жарыстың басты ерекшелігі атты шаптырмайды тек жорғалатып жарыстырады. Жорға жарысы көбінде айналып шауып, күллі көрерменнің көз алдында өтеді.

Жарыс үстінде шауып келген атты немесе шаптырып жіберген иесін үш рет қайталанса жарыс жолынан шығарып тастайды.

Жорға аттың үзеңгісі қысқа болу керек, үзеңгі ұзын болса, кәрі жілік пен жауырынның басына тиіп зақым келіп, қанталап, жорға әлсірейді. Жорғаға үш айыл дұрыс: төс айыл, орта айыл, шап айыл, тізгінді тең бір қолмен ұстап, тік отырады.

Адам бір жағына ауып, екі жағына қисайып отырса, ат жорғалап бара жатқанда жорғасынан жаңылып қалады. Сондықтан қисаймай, шалқаймай, еңкеймей, екі аяғы, екі қолы тең, денесін тік ұстап отыруы керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 75 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: