20:49
Атбегілік арналары

БӘЙГЕ және ЖҮЙРІК ТҮРЛЕРІ

Ат айдаушы. Бәйгеге қосылған жүйріктерді, бәйге шабар немесе ат шығар жерге дейін аман-есен жеткізуге тағайындалған адамды (адамдарды) айтады.

Міндеті – жарысқа қосылатын бәйге аттары мен шабандоздарға бақылау жасап, жол ортада келеңсіз жағдайға ұрынып қалмауын қадағалайды. Бәйге кезінде әртүрлі қаралық, қастандықтардың алдын алады. Сондықтан ат айдаушылар адал адамдардан таңдап алынады. Кейде ат қосқан ру, тайпалар бір-бір кісіден ат айдаушы тағайындайтын дәстүр де бар.

Ат айдаушылар бәйге аттарын жібергеннен кейін соңынан еріп отыруға міндетті. Олар жол бойында жүйріктен жығылған балаларды мінгестіріп келу, оларға көмек көрсету сияқты жұмыстарды атқарады.

Ат ұстаушы немесе кірешілер. Бәйге аттары, яғни жүйріктер көмбеге келгенде, әрбір атқа бір-бір ат ұстаушы тағайындалады. Кейбір өлкеде бұларды кірешілер деп те атайды. Жүйріктер кмөбеге топталып келген жағдайда ат ұстаушы адамдар жаңылыусы мүмкін. Осындай жағдайды бақылап төрелік айтатын адамды кірегі деп атайды.

Ат ұстаушы кірешілер өте адал болуы керек. Жүйрікті дұрыс ұстамаса жанжал туындап, кейін ру мен тайпа арасына жік түсіп, бүлік туындауы әбден мүмкін.

Көтермешілер. Ұзақ шабыстан кейін көмбеге тұмсық тіреген жүйріктер шаршап, қарлығып, соңғы күшін сарқып келеді. Осындай қарлығып келе жатқан жүйрікке тың рух беріп, көмбеден көтеріңкі күймен өтуіне көмектесетін адамдарды көтермешілер дейді.

Бұл іске тағайындалған адамдар шауып келе жатқан жүйрікпен қатарласа шауып, қиқулап ұран салып күш береді. Мұндай дүбірлі қиқуға дағдыланған сақа жүйріктер шабысына шабыс қосып, ауыздық таласып келе жатқан жағдайда басып озып, көмбеден арындап өтеді.

Көмбе. Бәйгеге қосылған жүйрік аттарды ұстайтын межелі жер. Көмбе сөзінің шығу төркініне тоқталсақ: ерте кезде көшпелілер жүйріктер шауып келіп тоқтайтын жерге бағалы зат (алтын, күміс жамбы, тай тұяқ, қой тұяқ алтын бұйым, т.б.) көміп қоятын болған.

Көмбеге қандай зат көмілгенін ешкім білмеуі тиіс. Тек аламан бәйгеден озып келген аттың иесі қазып алады. Нендей зат көмілгенін халық содан кейін барып білетін болған.

Бұл дәстүр бір жағынан бәйгенің құпиялылығымен қызықты болса, екіншіден, сыйлықтың жасырын болуы атбегілердің нәпсісіне қолайлы.

Қарақшы. Көмбе орналасқан орының жер жағдайы жазық, бағыт ұстайтын мүмкіндік жоқ болса, алыстан шауып келе жатқан жүйріктер жаңылып, теріс бағытқа шауып кетпес үшін көмбе жасырылған жерге арнайы белгі орнатады. Бұл орнатылған белгіні «қарақшы» дейді.

Қарақшыға басына құрым киіз немесе жалауша байланған ұзын сырық ағаш таңдап алынады. Оны көмбе маңына шаншып қояды.

Бәйге шабар (ат шығар). Жүйріктер айдалып барған соң сәл тынығып алып, одан соң тізіліп тұрып жарыс жолына шығатын, яғни көмбеге қарай бет алатын жер.

Бәйге шабар жерге барған соң ат айдаушылар шабандоз балалардың дайындығын бір қабат тексеріп шығады. Айыл-тұрман, жүген-қамшы, ер-тоқым қатарлы жүйрік жабдықтарының жарамдылығын байқайды.

Соңында жарыс жолына шығатын жүйріктерді бір сапқа тізіп қояды да белгі береді. Бұл белгіден соң бәйге аттары зымырап жолға шығады.

Жарыс жолына шығарын сезген сақа жүйріктер тыпыршып, ширыға бастайды. Сондықтан тәжірибелі шабандоздар жел жаққа ертерек шығып алады.

Бәйге шабардан ат шыққан кезде көп жылқы ұйлығып шабатындықтан қауіпті жағдайлар орын алуы мүмкін. Әсіресе ат тұяғынан көтерілген тасборанның салдарынан шабандоздардың көзіне құм, тас жауып та жатады. Сондықтан айлалы шабандоздар топтан бөліне шабады.

Жүйрікке бәйге беру дәстүрі. Аламаннан озып келген жүйрікке міндетті түрде бәйге беріледі. Бәйгенің түрі көп. Тарихи деректерде: тоғыз тайтұяқ алтын – тоғыз күміс жамбы немесе тоғыз түйе, тоғыз құлынды бие, тоғыз мауыты кілем, тоғыз торқалы киім, тоғыз мақпал киім, тоғыз тон, тоғыз шапан, тоғыз торпақ сияқты тоғыз түрлі бұйым берілген.

Егер осы бір тоғыздан біреу берілсе, «бір тоғыз» немесе тоғыздан үшеу берілсе «үш тоғыз» деп атаған. Тіпті бай-дәулетті әулеттер тоғыз тоғызға дейін бәйге беретін дәстүр болған.

Көп жағдайда ат иесі үшін бәйге маңызды емес, жүйрігінің топжарып озып келуі маңызды. Өйткені жүйрік аттың арқасында өзінің және руының аты асқақтайды. Сол себепті бәйгені ат иесінің жақтастары қыл үстінде бөілп алысып отырған.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 71 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: