20:56
Атбегілік арналары

БӘЙГЕ және ЖҮЙРІК ТҮРЛЕРІ

Ат жарыс көшпелі халықтың мәдени-дәстүріне енген ат ойындарының негізгі түрі, әрі атбегілердің білімі мен шеберлігі сынға түсетін үлкен оқиға. Қазақ танымында ат жарыстың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: аламан бәйге, үдемелі бәйге, айғыр, тай, құнан, жорға жарыс, т.б.

Ат жарыстар қалыптасқан дағды бойынша ас-тойларда ұйымдастырылады. Оның билігі елге беделді ақсақлдарға жүктелген. Олардың бірі көмбеге, екіншісі мәреге жауапты болған.

Әрі бәйгенің әділ һәм адал болуы үшін әр рудан адамдар бақылап отыруға құқық берілген. Өткізіліп жатқан ас-тойды басқарушыны кіреші деп атап, ол барлық ат ойындарының (бәйге, аударыспақ, көкпар, т.б.) әділ өтуіне жауапты ретінде бекітілген.

Жүйрік аттың тізгінін ұстаған баланы шабандоз немесе ат шабар деп атаса, аттарды мәреге алып барып жіберуші адамды ат айдаушы дейді. Бәйгеден шауып келген аттарды ұстаушы адамдарды даяшы дейді және жүйріктердің шауып жетіп даяғышы қолына ілінетін межені көмбе деп атаған.

Яғни көмбе аттардың шауып келіп тоқтайтын жері. Көмбеге жүйрік аттарды тосып алуға ыңғайлы, биіктеу, айналасы толық көрінетін қыратты жер таңдап алынады.

Ертеде ат жарысы басталар алдында, басына қызыл орамал байлап, қолдарына бақан ұстаған адамдар жар салып жүйріктерді бір жерге жинайды. Бұны ат шығарушылар деп атайды.

Жиналған аттар тізіліп көмбе-төбеде тұрған көпшіліктің алдынан өтеді. Атаққа шыққан дара жүйріктер басқа аттардан бөлек жалғыз-жалғыздан жүреді. Кіреші тағайындаған асаба адам (жаршы) ол жүйріктерді мақтап-мадақтап таныстырады. Қазақы дәстүр бойынша көптің алдынан өткен жүйрікті иесі тіл-көз тиіп кетпеуі үшін кежімдеп (денесін толық жауып) алып өтеді.

Көптің алдынан жүйріктер тізіліп өткен тұста атбегілер бәйге аттарының бабын байқап, аяқ алысын аңдап, қай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін ой мөлшермен табады. Дәл тапқан адамның атбегілік өнері жоғары бағаланады.

Ең соңында көмбеге жауапты адам бұл жолғы ас-тойға қанша жүйрік жиналғанын, сондай-ақ, алыстан ат терлетіп кімдердің келгенін, ат жарыс өтетін қашықтықты, бәйгеге тігілген сыйлықты жариялап, аттарды айдауға ұлықсат етеді.

Көмбеге жауапты адам шабандоз балалардың көзінше көмбенің мәре сызығын белгілеп, оған арнайы қарақшы немесе белгі (басына жалау байлаған ұзын діңгек, т.б.) орнатады.

Көмбе-төбенің басында тұрған қарауылшы жүйріктер кеткен жаққа қапысыз қарап отырады да, жүйріктердің шаңы көрінгенде, «ат келе жатыр» деп жар салады. Сол сәтте барлық ойын-сауық, сайыс түрлері тоқтатылып, көпшілік бәйге төбеге жиналады.

Бәйгенің алдында келе жатқан ат иесінің жақтастары қиқулап, ұран салып жүйрікке дем береді һәм шабандоз баланың рухын көтереді.

Ал ат ұстайтын даяғышылар (төрешілер) саны той иесі тағайындаған жүлде саынмен бірдей болады. Яғни даяғышы ұстаған атқа ғана бәйге беріледі. Қаралықпен жолдан қосылған немесе ат ауыстырылған болса, онда жүйрікті даяғышы ұстамайды. Ұстаса, жамандыққа жақтасқан болып шығады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 72 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: