22:15
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАЙЫЛЫМЫ

Жылқы отары

Жылқы семіруі. Жайылым жағып семірген жылқы үйірін көбір жүнінің өзгерісінен тануға болады. Қара етінің шелі майланып семірген жылқының жүні жұқарады. Қазақ жылқышылары түліктің семіруін үш кезеңге бөліп қараған.

1-кезең. Су семіздік немесе ескі жүнінің түсуі. Бұндай жағдайда жылқы толық семірмейді. Бірақ арқа-жаясы, сауыры, сүбенің етегі толысады. Қабырға сүйектерінің сыртқы тері жолағы кетпей, көзі былшықтанып, жалы жығылыңқы тартып тұрады. Күш-қуаты әлі де толыспағандықтан ықтасын беткейлерді қуалап жайылады. Үйірді қуалап айдағанда жүрісі дүбірлеп дүркіремей, тапырақтап шығады. Өйткені қара етіне май жүгірмеген жылқының аяқ тастасы әлсіз, өлімсіреу келеді.

Су семіздік кезінде жылқы қою, тығыз, жасыл тезек тастайды. Қыстан қоңды шыққан жылқылардың ескі жүні түсе бастайды. Қыстан арық шыққан жылқылар мойын, кеуде жүнін тастағанымен сауыры мен бауыр жүні түсе қоймайды.

2-кезең. Ет семіздік немесе жал майлануы. Жалы майланған жылқының көбір жүні толық түлеп бітеді. Жылқы сергектеніп, үркектеп, сауыры жайпақтана жайылады. Түр-сипаты жылтырап, қыстағы жығылған жалы майланып, көзге білініп тұрады. Қабырға жолағы жоғалып, сан еті толысады.

3-кезең. Май семіздік немесе жауырын тұтасуы. Май семіздік кезінде жылқының қабырғасы бітеуленіп, қазысы толып, арқа-сауырына жыра салады. Сондай-ақ қалғымалы күйге түсіп, үйездеп қасынысады. Толық семірген жылқыны жауырын астында қабырғаларының қарнына қарай ойыстануынан аңғаруға болады. Жалы бүтіндей толысып, жүргенде екі жағына ырғатыла құлайды.

Жылқы етінің пайдасы. Жылқының еті суықта қатпайды, тек тоңазып тұратын биологиялық ерекшелігі бар. Тез сіңімді болғандықтан, адам денсаулығына өте пайдалы. Майында аминдэмнің «А В» құрамы мол. Етінің құнары 2886-3000 ккал. Семіз жылқы етінің құрамында: 69,6 пайыз су, 19,5 пайыз ақуыз, 9,9 пайыз май болады. Майының ертінділігі сиырға қарағанда тез. Тұтынған жағдайдағы сіңімділігі – 95 пайыз.

Жылқы еті тұтынған адамның қан айналымын жақсартады һәм холестериннің көбеюін шектейтін бірден-бір ерекше тағам. Жылқы етінде сиыр етіне қарағанда сүт, аконит, лимон, янтарь сияқты органикалық қышқылдар көп болады. Бұл қышқылдарда заттар алмасуын шапшаңдату, ас қорыту мөлшерінің қызметін жақсарту қабілеті бар. Яғни ол ішек-қарындағы микрофлоралардың құрамын өзгерту арқылы ішектегі ыдырау (шіру) процесін азайтады. Ас қорыту органдары ауырған кезде жылқы етін диеталық терапия ретінде қолдануға болады.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 64 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: