19:12
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАЙЫЛЫМЫ

Жылқы отары

Жылқы күзеу. Жылқыны күземесе ұсқыны кетеді және жайылу, су ішу, құлындау барысында қиындық тудырады. Сондықтан да қазақ халқында жылқы күзеудің жас ерекшелігіне қатысты дәстүрлі тәртібі бар. Мысалы, сәуір айынан бастап тай, құнан, байтал, қысыр биелерді күзейді. Байтал мен үлкен биелерді күзегенде, кекілі мен шоқтығын қалдырып, құйрығы екі кертіле (бунақ сала) күзеледі. Құнанның жалы күзеліп, құйрығы күзелмейді. Тайдың жалын тегіс, құйрығынан шыбын қағар қалдырып күзейді.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, құлынды биелер мен айғырлар, жаз жайлайтын бедеу биелер, мініс аттары сыпыра күзелмейді. Сондай-ақ сәнге мінетін жылқыларды көркем күзейді. Қазақта «жылқы көркі – жал» деген тегін айтылмаған.

Тай күзеу. Тайды еркек-ұрғашысына қарамай тегіс сыпыра күзейді де, соңында уыс толар шоқтық қалдырады. Кекілін көзіне түспейтіндей етіп қысқартады. Құйрығын шонданайына дейін жалаңаштап толық күзеп, дәл ұшына шыбын қағарлық шашақ қалдырады.

Құнан күзеу. Құнанның кекілін шырпып қана теңестіре қырқады. Ал жалы тайдікі сияқты сыпыра күзеледі де, құйрығына қайшы тигізбейді.

Байтал күзеу. Кекілі мен жалын құнан сияқты күзейді. Құйрығының жоғары тұсынан «жол көрсетер» деп аталатын екі кертік қалдырып, ұшына шыбын қағар шашақ жасайды.

Қысыр күзеу. Қысыр биенің бойын түзеу үшін кекілін төгілтіп қояды. Жалын сыпыра күзейді. Құйрығын жоғарыдан үш бунап күзеп, ұшын шырпып тегістейді.

Соғым жылқысын күзеу. Соғымға арнап жіберген жылқыны күзегенде жалын тақырлап сыпырады да, құйрығын тірсектен шорт қияды.

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 85 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: