20:57
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАЙЫЛЫМЫ

Жылқы отары

Отарға ықтасын және қырат-қырқалы төбе-төбешіктері бар, табиғаты жылы райлы, жұмсақ және жазда мал жайылымы болмаған шөбі мол һәм құнарлы өлке таңдалады. Қыс айларында жылқы түлігінің жайылымы: бетеге, түйеқұлақ, қарақұйрық, қазтабан, сарфизен, күзеген, қияқ, бунақ жусан, селеу, қандауыр, қылтан, бозаң, ботажусан, тарлау, теріскен, буылдырық, бұйырған, жуа, т.б. сияқты шөптерге бай болуы қажет.

Күз және көктем мезгілдеріне қарағанда, жылқы қыста көп жайылады. Яғни бір тәуліктің 20-22 сағатында жайылып, 2-3 сағата қана дем алып ұйықтайды. Тәжірибелі жылқышылар қыста жылқы жайылымының шөбін тақырлатпай, көктемге дейін бөліп-бөліп жайып жеткізеді. Өйткені қыста бір желінген шөп қайта көктемейтіндіктен шөп аз шыққан жылдары жылқышылар түлігінің ашығып қалмауын қатты қадағалайды. Ол үшін жайылымды жоспарлы түрде ай-апталарға бөліп пайдаланады.

Қыс айларында жылқы су ішетін даладағы бастау-бұлақтар суы қатып қалатындықтан жылқышылар түлігін қарлатып (қар жегізіп) жаяды. Сондықтан да қыста шұбар қарлы жер жылқы отарына қолайлы. Тәжірибелі жылқышылар отарды алысқа айдап қинамайды. Қыста кенет терлеген жылқы ауырып қалуы мүмкін және қатты жүріс үйірдің табанын тоздырады. Үйірді бір күнде 10-15 шақырымнан артық жүргізбегені дұрыс.

Жылқы жаңа жайылымға тез бауыр басады. Сондай-ақ шөптің сонысын қуалап жайылатындықтан, оны иіріп ұстауға болмайды. Жайылым жақсы болғанда жылқылардың жаясы домаланып, жалы желбіреп, сергек қозғалады. Тай-құнандар шапқылап ойнаса, бұл да жайылымның жақсы болуының әсері.

Аязды күндері тоңбау үшін жылқы ішкі жылауын бойында жақсы сақтайды. Қарды көп жеген жылқының ішкі жылу сақтау әсері босаңсиды. Сондықтан қыс бойы қарлата берудің де кемшін тұстары бар. Құнарлы шөпке жайылған жылқы іш майын жақсы сақтайды да, кездейсоқ болатын үскірік боранды күндері ығып кетпей байырқалайды.

Қысқы жайылымда жоғарыдағы талаптар сақталмаса, жылқы тез ариды және ішкі қуатын жоғалтады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 83 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: