20:36
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАБДЫҚТАРЫ

Қосымша құралдар

Тұсамыс. Бұл заттың да міндеті шідер сияқты жылқыны қолдан шығармай ұстау үшін қажет құрал. Шідерден өзгешелігі аттың алдыңғы екі аяғын тұсау үшін жасалады.

Кісен. Асыл темірден арнайы ұсталар жасайтын жүйрік жылқыларды ұры-қарыдан сақтау үшін қолданылады. Бұл кілтпен ашылып жабылады. Формасы да әртүрлі болады.

Ат арқан. Атты арқандап қою үшін қылдан есіп жасалатын ұзын берік жіптің түрі. Бұның ұзындығы 50 метрге дейін болады.

Қамшы. Атқа мінген адам ұстайтын, бірнеше таспа қайыстармен көмкеріліп, өрілген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, мүйізден жасалған атты жүргізуге арналған құрал. Қамшыны кейде қару ретінде қолданады.

Қамшы: саптан, өрімнен және бүлдіргеден тұрады. Саптың қолға ұстар жері былғарымен қапталады. Қамшының өрімі сабынан бір жарым есе ұзын: алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа, жұмыр, алты қырлы, сегіз қырлы облып өріледі. Өрімдер домалақ, жұмыр, төртқырлы болып келеді. Өрімшілер қамшының таспасын жіңішке не жуандатып, кейде өрімге талшық сымтемір салып өрген. Ондай қамшылар ыңғайына және қамшы иесінің қалауына қарай өріліп отырған. Сәндік үшін сабын сары жезбен орап, әр жеріне алтын-күмістен құйма орнатып ұстайтын қамшылар да болады.

Қамшы қолдан түсіп кетпеу үшін оның сабын тесіп өткізген қайысты бүлдірге дейді.

Қамшының түрлері: ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сарала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, тобылғы сапты қамшы, шашақты қамшы, шыбыртқы қамшы, құрау қамшы, бала қамшы, т.б.

Жасалуына қарай: күміс мойнақ қамшы, жез мойнақ қамшы, ақ мойнақ қамшы, т.б.

Бишік. Ол қамшыға қарағанда қарапайым, өрімі сабынан үш-төрт есе, кейде одан да ұзын болуы мүмкін. Оны мал айдағанда, арба-шанамен жүргенде жиі пайдаланады. Өрім алғашқы басында жуан болып ұшына қарай жіңішкере береді. Бишіктің сүйірілген ұшына әдейі шашақ байланады. Сүйір ысылдап сес көрсетіп тұрса, шашақ бишік жерге сілкіп ұрылғанда мылтық атылғандай дыбыс шығарады.

Құрық. Үйірдегі немесе бос жүрген жылқыны ұстау үшін қажет құрал. Құрықтың сабы ұзын әрі берік жеңіл ағаштан жасалады. Ұзындығы төрт метрге дейін болады. Осы ұзын ағаштың басына берік жіпті (қайыстан, қылдан жасалған) шалма сияқты орнатып, осы бұғалықты жылқының мойнына кигізу арқылы ұтсайды.

Шалма арқан. Жылқыны шалмалап ұстау үшін арнайы қайыстан жасалған ұзын арқанды айтады. Жылқышылар шалма арқанды ердің қапталына орап, тақымына басып жүреді. Қажет кезінде суырып алып шалма құрады да, жылқыға тастайды. Шалманың ұзындығы 10-20 метрге дейін жетеді. Иі сіңіп, әбден иленген қайыстан жасалады. Көптеген шалма арқандардың бұғау тиегінен бастап, алғашқы ыспалы бөлігі өрмелі болады. Басқа арқандардан ерекшелігі шалма арқан аттың басына оралғанда тез сырғиды, әрі жылдам жиналады. Шалма арқанды созып пісіру үшін онымен асау жылқыларды бұғалықтап жаттықтырады.

Жемдорба. Атқа жем беру үшін қолданатын құрал. Кей жерлерде «атдорба» деп те айтады. Ішіне жем салып аттың желкелігіне бекітіп басына іліп қояды. Жемдорбаға салынған сұлы-арпалар жерге төгілмей таза желінеді.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 92 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: