21:00
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАБДЫҚТАРЫ

Ат әбзелдері

Жылқы малын пайдалану барысында: ер-тұрман мен ер-тоқым мініп-түсуге және ат үстінде нық отыруға қолайлы болса – ат әбзелдері атты басқаруға және қолға ұстауға, жүріп-тұруға арналған жабдықтар. Ат әбзелдеріне: жүген, ноқта, құйысқан, өмілдірік, шылбыр, тігін, төсбау, үзеңгі, пыстан..., т.б. жатады.

Жүген. Аттың басына кигізілетін, міндеті – атты иесі ырқына бағындыруға көмектесетін әбзел. Жүген аттың басына ауырлық келтіретіндей болмауы керек. Жүгенді жеңіл иленген қайыстан жасайды. Кейбір жүгендерді күмістеу үшін қайыстың сыртынан жеңіл былғары қаптайды да оған құйма күмістер орнатады. Бұл сәндік үшін жасалады.

Жүгеннің құрылымы: желкелік, кекілдік, қасқалық, сағалдырық, сулық, ауыздық, тізгін, шылбыр, шаужай, жақтау, кеңсіріктен тұрады.

Жүненнің түрлері: күміс жүген, өрме жүген, шашақты жүген, қасқа жүген, үкілі жүген, түймелі жүген..., т.б.

Желкелік. Аттың басына кигізілген жүгеннің ат құлағынан асып желке жалын басып тұрған бөлігі немесе оң жақтаудың ат желкесін ораған ұзын бөлігін айтады. Желкелікті кейде бөлек жасайды, мұндай жағдайда екі жақтаудың жоғарғы ұштарына айылбас қойылады. Желкелік арқылы жүгенді үлкейтіп, не кішірейтіп отырады. Жүгеннің желкелігі басқа бөлігіне қарағанда жуандау мықты болғаны дұрыс. Өйткені ат шылбыр басып сүрінсе осал желкелік үзіліп кетеді.

Ауыздық. Бірдей екі темірден бір-біріне құрастырылып, екі сулыққа шығыршық арқылы бекітіліп жасалған, атты басқаруға, бұруға, әсіресе, тоқтатуға арналған темір құрал. Жүген ауыздықсыз болмайды. Ал жылқы түлігін пайдалану (мініп жүру, жарыстыру, көкпар тарту, қарғыту, секірту) жұмыстары ауыздықсыз атқарылмайды. Ескеретін жайт: ауыздықтың аттың тілін басып тұратын бір-біріне байланған жері кедір-бұдырсыз және еркін қозғалыста болмаса, аттың тілін қанатып жаралауы мүмкін.

Сулық. Ауыздық пен жүгеннің жақтауын біріктіріп тұрған жабдық. Сулықтың шығыршық түрі көп кездеседі. Сулық арқылы ауыздық ат аузында жеңіл, еркін қозғалып тұрады. Сулыққа ауыздық, жақтау, тізгін бекітіледі, егер ат ноқтасыз болса, мінер жақ сулыққа шылбыр қоса тағылады.

Шаужай. Ауыздық пен сулық арасына бекітілген ұзындығы сынық сүйем екі бөлшек жабдық. Ат басына жүген салғанда шаужай екі езуге түсіп, сулық пен ауыздық арасын жарып өтеді. Жүгеннің шаужайлы және шаужайсыз түрі бола береді. Шаужайсыз жүгенді жуас, көмбіс жылқыларға салады. Асау, шәлкес, тарпаң жылқыларға шаужайлы жүген тиімді. Өйткені тізгіннің жақтауын бұра тартқанда шаужай аттың жақ сүйегін қысады. Жағы мен езуі ауырған асау сыңарезулемей жолға түседі. Шаужайдың таяқша, жарты ай, жарты таға, жарты шаңырақ түрінде жасалғандары да кездеседі.

Жақтау. Бір ұшы қамшылар жақ сулықтан басталып, жылқының желкесінен асып мінер жақтағы сулыққа қосылған жүгеннің ұзын бөлігін айтады. Оң жақтау ол жақтаудан ұзынырақ болады, оны ұзын жақтау, сол жақтауды қысқа жақтау дейді. Жақтау жүгеннің негізгі бөлігі болғандықтан оған – сулық, кеңсірік, кекілдік, сағалдырық бекітіледі.

Сағалдырық. Жүген мен ноқтаның аттың басын алқым астынан орап тұратын бауы. Сағалдырық жүгеннің ат басынан сыпырылып түспеуі үшін қажет. Қамшылар жақ сағалдырығы ұзындау болады да ат сағасынан орап келіп, мінер жақ сағалдырыққа доға арқылы жалғасады.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 95 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: