19:34
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАБДЫҚТАРЫ

Айыл-тұрман

Жырым. Айылдың доғадан өткізілетін, доғаның тілі түсіп бекітілетін бөлігі. Бұл екі қабат қайыстан не таспадан өріліп жасалады. Қайыстан жасалғандарына әр жерінен тілше көз жасалады. Өріп жасалған жырымның таспа арасы көз міндетін атқарады. Жырым тек айыл-тұрманға қатысты айтылмайды, ердің екі қапталындағы екі шетінен бекітілген құйысқанның екі ұшы да жырым. Өмілдіріктің, үзеңгі баудың, жүген желкелігінің, тағы басқа айыл басталатын тұстар түгелдей «жырым» деп аталады.

Таралғы немесе үзеңгі бау. Ердің қапталындағы ойыққа өткізіліп, үзеңгіге бекітілген қайыс бауды айтады. Бауды иленген қайыстан екі немесе үш елі етіп тіліп жасайды. Жайшылықта үзеңгі бау бір қабат болса, жаугершілік кезінде сарбаздар үзеңгі бауды бірнеше қабаттайтын болған. Ат үстінде тұрып садақ тарту немесе найзаласу кезінде негізгі күш үзеңгі бауға түседі. Сондықтан да үзеңгі бау немесе таралғының сайыс кезінде маңызы өте зор болған. Қазақтың ауызекі сөзіндегі «тоғыз қабат таралғы, үзілердей болғанда», «үзеңгі бауы сегіз қабат, ат үстінде шіреніп...» деген тіркестер тегін айтылмаса керек.

Айылбас. Айылдың басын айтады, яғни доға мен тілдің біріктірілген тұсы. Міндеті айылды жырымға бекітіп тұратындықтан, берік темірден жасалады.

Тіл. Айылбастың жырым бекітілген жеріндегі қайысты қозғалтпай ұстап тұруға арналған темір істік.

Алақан. Айылдың ат төсі мен шабын орап тұратын бөлігі. Оның бір басына айылбас, екінші басына жырым бекітіледі. Аттың денесін қажамау үшін алақан жұмсақ қайыс немесе ызба құрдан жасалады.

Доға. Айылбастың тілсіз шеңбері. Айылдың алақан жағына бекітілетін жері тік бұрышты келеді. Ал жырым кіретін жағы әртүрлі пошымда жасалады. Мысалы: доғал-шеңберлі, дөңгелек-шеңберлі, доғал-үшбұрышты, тік үшбұрышты, құмырсқа бел, т.б.

Шеттік. Ердің артқы қапталында құйысқанның жырымы бекітілетін қайыс бүлдірге. Кейбір әйел ерлерінің алдыңғы қапталында да шеттік болады. Сол сияқты айылдың міндетін өтейтін пыстанның ортасындағы қайыс бүлдіргені де (бір жағына айыл, екінші жағына жырым байланатын) шеттік дейді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 116 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: