12:27
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАБДЫҚТАРЫ

Ер-тоқым

Ер-тоқым деп – ердің қаңқа басынан басқа барлық жабдықтарын айтады. Ер-тоқымның құрамына: тоқым, тебінгі (қалбыр), ішпек, ішкілік, көпшік, терлік, ат көрпе, мүйет, ойма, желқом, желдік ..., т.б. жатады.

Тоқым. Ердің қос қапталының астында орналасқан, аттың арқасын жауып тұратын жалпақ киіз. Тоқымды нығыз пісіріліп, жақсы иленген тірі жүннен жасайды. «Тірі жүн» деп көктемде туған марқа қозының күзгі қырқымын айтады. Киіз тоқымды көбінде былғарымен қаптап, жиегін қымбат матамен сырып тігеді. Оны сырмалы былғары тоқым дейді. Бұдан басқа көмкерме тоқым деген де бар. Тоқым жұмсақ болуы керек.

Тебінгі. Ердің қос қапталында үзеңгі бау басып тұратын жұқа жабылғы. Оны жұмсақ теріден немесе былғарыдан жасайды. Ол тоқым мен үзеңгі бауды терден сақтайды және үзеңгі аттың бүйірін қажамас үшін қажет. Мысалы, Махамбет Өтемісұлының жырындағы: «Тебінгі терге шірімей, Терлігі майдай ерімей...» деген тіркестер тебінгінің мазмұнын ашып тұр. Тебінгі әртүрлі формада жасалады. Оған мүйізден немесе ырғайдан жасаған мөрлер басылып, неше түрлі өрнек салынып, құйма, шытырма, үзбелермен сәнделеді.

Ішпек. Аттың арқа тері тоқымға сіңе берсе, ол тез шіриді. Сондықтан тоқымды терден сақтау үшін және аттың арқасына ер батпау үшін тоқымның астына қалыңдатып салынған жұқа жабынды айтады. Ішпек қоңыр аңның болмаса серкештің терісінен жұмсақ илеп жасалады. Тіпті жұқа матаның астарына мақта салып жасауға да болады. Ішпек тоқымнан үлкенірек болады.

Ішкілік. Ішпек астынан төселетін, өте жұмсақ, таза көлемі ішпектей жалаң, жұқа төрткүл киіз.

Терлік. Тоқым, тебінгілерді терден қорғайтын әрі аттың денесіне тіке түсетін ең соңғы қабат. Аттың тері сіңетін болғандықтан «терлік» деп аталған. Терлік көбінесе қозы, лақ терісінен, қылқадан, жұмсақ иленген ешкі жарғағынан жасалады. Қозының ұйысқан, шуаш жабағы жүнінен жасалған терлікті «жабағы» деп те атайды. Терліктің ең таптырмайтын бағалысы – қарақұйрық терісі.

Мүйет. Ат арқасына түскен болымсыз жауырды тер қатқан ішпек қажап жараға айналдырмауы үшін, жауырдың маңын қоралай қорғап қойылатын ортасы тесік шағын киіз.

Ойма. Аттың арқасында ірің кеулеген, яғни ұзаққа созылған жауыр-жара болса, оған ішпек батып ат арқасын қимамас ердің қапталына уақытша жасалған ойық.

Желдік. Кейбір қапталы тар немесе қысқа ерлерді керектенгенде ер аттың арқасына тимеу үшін қапталдың астына арнайы (биіктету үшін) қойылған жабдықты айтады. Кейде желдікті «желқом» деп те айтады.

Көпшік. Ердің үстіне салынатын жастық, ішіне жүн салып мата, барқыт, былғарыдан жасалады. Киізден сырып, жүнін жоғары қаратып әбден иленген ешкі, қой терісінен де жасалады. Матадан тігілген көпшіктің кәдімгі төрт бұрыш жастықтан айырмашылығы жоқ.

Ат көрпе. Арасына қой, түйе жүнін салып, шұға, атлас, барқыттан тыстап, астарлап тіккен көрпеше. Ат көрпені кейде мата қиықтарынан құрап, бұрыштарын кестелеп тігеді. Одан кейін үстіне күміс, алтын пыстан тартып мінгенде ерекше құлпырып, көздің жауын алады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 119 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: