21:50
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАБДЫҚТАРЫ

Ер-тұрман

Ердің құрамы: екі басы, қос қапталы, белағаш, оқпан, аттық, үзеңгілік, қанжығалық, шеттік, шегелік, анжы, тығылдырық, т.б. бөлінеді.

Екі қасы. Ерде алдыңғы және артқы қасы болады. Алдыңғы қасы тіктеу келеді де, артқы қасы жайпақтау орналасады. Ердің қасы ағаштан және темір бұйымдардан жасалады. Темір қасты қыстың суығында қолды қарып кетпеу үшін жұмсақ қайыстан қаптама өріп орайды. Қыз-келіншектерге арнап жасалған қайыңды ердің қасына оймыш өрнектер салады немесе жануардың сүйегінен өрнек жонып қастың жиегін көмкереді. Кейбір жағдайда қасы қалың күміс ерлердің қас-маңдайына асыл тас немесе қымбат бағалы бұйым орнататын да дәстүр бар.

Белағаш. Екі қаптал мен екі қастың ортасындағы ашықты жабу үшін ердің оқпан ойығымен бірдей етіп шабылып жасалған ағашты айтады. Белағаштың бірнеше бөлік ағаштан құрастырылып жасалатын түрлері де бар. Басты шарты белағаштың астыңғы жағы аттың арқасына тимейтін болуы керек. Белағашқа көп күш түсетіндіктен ол өте берік болғаны абзал. Сондықтан тұзды суға қайнатып, көлеңкеде кептірілген, бойында дымы жоқ, қатқан ағашты пайдаланады.

Қаптал. Ердің екі жағындағы, яғни аттың арқасын жауып тұратын екі жалпақ ағашты айтады. Бұл ердің негізгі бөлігіне жатады. Қаптал ағаш жақсы жасалғанда аттың арқасына батпайды, жауыр болудан сақтайды. Қапталға ердің қастары бекітіледі. Екі қапталдың ортасына үзеңгілік, қапталдың артына қанжығалық орнатылады.

Оқпан. Ерді шалқалатып қарағанда екі қапталдың ортасында болатын ойық. Аттың қыр арқасына тимеу үшін екі қастың ойығы белағаштың ойығымен сәйкестендіріле бекітіледі.

Шегелік. Қасты қапталға бекіту үшін оны шегелейді. Осы шегеленген жерді «шегелік» деп атайды. Шегелігі мықты ер жақсы ер саналады. Әрі шегелік қапталға өте шебер жымдасуы қажет. Жымдаспаған жағдайда аттың арқасын қажап жүргізбейді. Көп салмақ түспейтін баланың ері мен ашамайға ағаш шегелік жарайды. Үлкен ерлерге темір шегелік пайдаланады.

Үзеңгілік. Екі қапталдың төменгі бөлігіне үзеңгі бау тағу үшін бірдей етіп екі тесік жасайды. Осыны «үзеңгілік» деп атайды. Егер де үзеңгі бау бірнеше қабат қалың болған жағдайда үзеңгіліктің тесігі де үлкен болады. Ерте кезде батырлар жауға мінетін ердің қапталы мен үзеңгілігі арнайы бөлек жасалатын болған.

Қанжығалық. Ердің артқы қапталының шегеліктен асып, ашық көрініп тұрған жеріне 2-3 немесе 4 тесік жасайды. Осы аумақты «қанжығалық» деп атайды. Тесіктен жұқалап тілген таспа өткізеді. Бұл таспаларды «қанжыға» дейді. Қанжығаға әртүрлі бұйымдарды байлап бөктереді. Саят атының ерінің оң жақ алдыңғы қапталына да қанжыға жасайды. Өйткені алдыңғы қанжығаға бүркіттің балдағы байланады.

Шеттік. Артқы қапталдағы қанжыға тесігінен қосалқылап өткізіп бүлдіргеленген тұйық таспаны «шеттік» деп атайды. Оған құйысқанның жырымы байланады.

Анжы. Екі қас пен екі қапталды қосып белағаш орналастырғаннан кейін, ердің ашық қалған бөлігін шикі-шылғи терімен көктеп жабады. Осы шикі таспаны «анжы» дейді.

Аттық. Ердің адам отыратын үстіңгі тұғырын айтады. Кей жерлерде «кісілік» немесе «керсен» деп те атайды.

Тығылдырық. Көп жыл қолданылған ескі ердің қапталы тоқымдықты қажап немесе ердің қапталы басқа бір жылқының арқасына сәйкес келмеуінен тоқымға салмақ түсіп аттың арқасы жауырланған жағдайда, қапталдардың астына қапталдың көлемімен бірдей етіп киіз қапталады. Осы қапталған киізді «тығылдырық» дейді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 94 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: