09:34
Атбегілік арналары

САЯТ АТЫНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ

Саят атының жабдығы

Саят атының жабдығы ең алдымен қарапайым болады. Ер-тұрманы атқа жеңіл орнықты, қаптал-қаңқасы аттың арқасын дәл ұстаған, артық сәндеу болмайды. Сондай-ақ саятшылық кезінде саят аты өр-ылдиға шапқанда айыл-тұрман үзіліп кетпейтіндей берік болғаны абзал. Сол себепті үш айыл (төс, орта және шап айыл) қолданады.

Саят атының ер-тұрманы, ер-тоқымы, айыл-тұрманы әдеттегі мініс атынан көп өзгешелігі жоқ. Бірақ ат-әбзелдеріне қатысты сәндік бұйымдар (өмілдірік, құйысқан, т.б.) аңшылық кезінде қолданылмайды. Сондай-ақ қосымша жабдықтар қатарына: биялай, балдақ, қатыр, жемқалта, жеңсебұрауды қосуға болады.

Биялай. Бүркітші оң қолына киетін, жеңі шынтаққа дейін жалғасқан, берік теріден жасалған қолғаптың түрі. Биялайдың ұзындығы 50 см, ал кеңдігі ішіне қысқы киімнің жеңі сиып кететіндей кең болуы шарт. Оны түйе, өгіз, тау ешкінің қалың мойын терісінен жасайды. Терінің түкті бетін ішіне қаратып, әрі қалың киізбен қоса астарлайды. Құсбегі құсын биялай киген соң барып қолына қондырады. Асау құс биялайды қысып ұстағанда өткір тырнағы өтіп кетпеуі қажет. Биялай жақсы болса, құс орнықты отырады.

Балдақ. Құсты ат үстінде алып жүргенде құсбегінің қолы талып шаршамас үшін пайдаланатын құрал. Оны айыр ағаш немесе мүйізден жасайды. Саят атына арналған ердің басқа ерлерден өзгешелігі қапталының алдыңғы оқпанына қосымша қанжыға немесе шығыршық орналасады. Осы қанжыға-шығыршыққа балдақтың дүмін байлайды да, аша басына құсбегі биялай киген қолын орналастырып, оның үстіне құсын қондырып алып жүреді. Бүркітші екінші қолымен аттың тізгінін ұстайды һәм томаға тартаы.

Қатыр. Қыран құстың ілген аңын жанын қинамай тез өлтіруге, әрі құстың тырнағын жарақаттанудан сақтау үшін қолданатын қарапайым біз тәрізді құрал. Қарақұйрық, жирен, ақбөкеннің сынық сүйемдей мүйізін үшкілдеп қайрап, екінші ұшына бүлдіргі қайыс байлап дайындайды. Саятқа шыққанда көбіне биялайға байлап қояды немесе ердің қасына іле салады.

Жемқалта. Саятқа алып шыққан құсқа беретін жемді салатын жабдық. Ішін матамен астарлап, сыртын таза, қалың киізден қусырып, бау тағады. Сәндік үшін оюлап, кестелеп те жасайды. Қалтадағы жем суықта тоңазымай жібу қалпында таза сақталуы шарт. Әйтпесе жеген құсты ауруға шалдықтырады. Сондықтан құсбегілер аязды күндері жем қалтаны ердің көпшігіне, тақымының астына қыстырып жылы сақтауға тырысады. Ортасына тағылған баумен құсбегі белбеуіне, дәлірек айтсақ, сол жақ мықыны тұсына салбырата байлайды. Оған түлкі, қоянның сирақ, сан-қол еті, малдың ұзын тарамысты бұлшық еттері сияқты, сәл кептірілген құнарлы жем салатындықтан оны кейде «құнарқалта» деп те атайды.

Жеңсебұрау. Аңшылар бүркіттен қашып таяз інге кіріп кеткен түлкі, қарсақ, мәлін сияқты аңдарды жеңсебұрауды пайдаланып іннен алып шығады. Жеңсебұрау айыр ағаштан жасалады. Оны інге жүгіртіп, ішіндегі аңның денесіне тигенде бұрайды. Бұралған айыр ағашқа аңның жүні байланып, сыртқа қарай тартқанда бірге сүйретіліп шығады.

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 113 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: