15:39
Атбегілік арналары

КӨКПАР АТЫНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ

Көкпардың атының жабдықтары

Көкпар атының жабдықтары қарапайым болады. Тізгінді қысқа бос қоя бергенде салбырап аттың аяғына оралмайтын болады, жүгені жұмсақ заттан жасалады, онда артық қатты (темір, т.б.) зат болмайды, сол себепті оны әсемдемейді. Сондай-ақ көкпар атында шылбыр болмайды.

Көкпар атының ері қарапайым берік заттан жасалады. Көкпаршы отырғанда ер орнықты болғаны абзал, әрі қапталы мен алдыңғы һәм артқы қасы мықты, қозғалыс үстінде кедергі келтірмейтіндей ыңғайлы болуы шарт.

Үзеңгі бауы (таралғы) үзілмейтін берік заттан жасалғаны қолайлы. Өйткені көкпарды тақымға басқанда таралғының атқарар міндеті орасан.

Көкпар атының тоқым-терлігі қозғалыс кезінде кедергі келтірмейтін қысқа әрі шағын болады.

Ал, ат айылына келсек, төрешілер бақылауындағы жері жазық спорттық сайыстар кезінде бір қабат жалпақ төс айыл жарай береді. Бірақ таулы, өр-еңісті жердің көкпаршылары үшін өмілдірік-құйысқан өте қажет. Сондай-ақ, тарпа-айылды қабаттап немесе шап айыл қосып тартады.

Көкпаршының қолында қамшыдан басқа артық зат болмайды. Оның өзін сайыс кезінде көбінде көкпаршы ауызына тістеп жүреді.

Көкпар атының жабдықтарына:

Ер, жүген, қысқа тоқым, ішпек-терлік, желдік немесе қаптал қабат, үзеңгі бау, үзеңгі, тарпа-айыл (қажет жағдайда өмілдірік пен құйысқан) жатады.

Ер. Көкпар атының ерін әсемдеп металл бұйымдармен сәндемейді. Салмағы да ауыр болмағаны дұрыс. Қапталы кең, аттың арқасына нық түсуі қажет. Аттың арқасын нық ұстаған қаптал көкпаршы еңкейгенде ерді аудармайды.

Ердің алдыңғы қасы. Көкпаршы еңкейгенде екінші қолымен ердің алдыңғы қасынан ұстайды, себебі жердегі серкені ілгеннен кейін қайта көтеріліп, атқа отыруға бұл әдіс қолайлы. Сондықтан көкпар ерінің алдыңғы қасы қолмен қысып ұстауға ыңғайлы, әрі берік болғаны абзал, сондай-ақ тартыс кезінде көкпаршының кіндігінен тіреп кедергі келтірмейтіндей тік емес, жатаған иінді келеді.

Ердің артқы қасы. Көкпар атына тиесілі ердің артқы қасы мен құйрықбасары тұтасқан жалпақ әрі көтеріңкі болады. Себебі жалпақ ер нық отыруға қолайлы болса, көтеріңкі қасы көкпаршы еңкейгенде ер үстіндегі аяғын орай тіреп алуына мүмкіндік жасайды.

Желдік немесе қаптал қабат. Бұл түтіліп кетпейтін пысқан киізден жасалады. Сырты жұмсақ былғарымен қапталады. Желдіктің міндеті – ердің қапталын аттың арқасына батырмайды және қысқа тоқымға жабысып ерді нық ұстайды.

Қысқа тоқым. Көкпар атының тоқымы тартыс кезінде аяққа оратылып кедергі келтірмес үшін қысқа жасалады. Қалың киізден пішіп алып, шетін жұмсақ былғарымен сырып тігеді. Аттың арқасына батпайтын жайлы болмағы абзал.

Үзеңгі бау. Берік заттан (қайыс, жіп, т.б.) жасалады. Үзеңгі баудың ұшына үзеңгі орналасады.

Тартпа-айыл. Міндеті аттың үстіндегі ерді аудармай ұстап тұрады. Айыл үстіңгі доғаға бекітіліп, астыңғы доға арқылы сыртқы тартпаға жалғасып тартылады.

Жүген. Көкпар атының жүгені жеңіл әрі өте берік болуы қажет. Жүгенде шылбыр болмайды, тек тізгін арқылы басқарылады. Сондай-ақ жүгеннің құрамында: кеңсірік, ауыздық, жақтау, сағалдырық, желкелік, сулық, қанжыға бар.

 
 

жиған-терген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 133 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: