16:02
Атбегілік арналары

ЖОРҒАНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ

Жорға жарысының ерекшелігі

Жорғаларды жүйріктердей көп уақыт баптап, байлап жаратпайды. Аз уақыт етін қатырып, жаратып жорға жарысына қосады. Кейде тойға мініп келген жарау жорғасын иесі табанда жорға жарысына қосып жібереді. Жорға жарысына тек сақа жорғалар ғана қатыстырылады. Тай-құнан, бесті-дөнен жорға жарысы деген болмайды.

Жорғаны шабандоздар емес, көбінде өз иесі ер-тұрманымен мініп, жорға жарысына қатысады. Себебі жорғаны басқа кісі мінсе, жорға жатырқап, жорғаламай қоятын жайттар кездеседі. Жорғаға сүйегі ауыр күміс, алтын ерлерді әдейі ерттейді. Ауыр ер-тұрманмен тайпала жорғалайтын жорғалар кездеседі.

Жорғаны жарысқа шығарарда кекілін буады. Бұл бір жағынан сән болса, келесі жағынан жарысқан кезде кекіл көзін жауып, жазым болмау ға себебі тиеді. Екінші жағынан, жорға жарысқа түскен кезде құйрығы тілерсегіне оралып, бөгет болмау үшін оны да өріп жібереді. Жорғаның жалын да өреді. Қалың жал жорғаның мойынын жауып терлетіп, бөгет етуден сақтандырады.

Жорғаның жүрісі сұлу, көркем болғандықтан оны ел көріп отыру үшін бәйге айналма әдіспен ұйымдастырылады. Яғни көрермендер биік төбеге жиналады да, жорғалар сол төбені айнала жарысады.

Жорға жарысы жүйрік ат жарысындай емес, дауы көп болады. Себебі жарысқа қатысқан жорғаның бәрі су жорға емес, кейбірі шалдыр-бұлдыр жорға болатындықтан жарыс кезінде жүрісінен танып, шауып кетіп жатады.

Шауып кетіп озып келген жорғаны есепке алмайды. Алайда даукес жорғашылар мұны мойындамай дауласады.

Жорғалап келе жатқан аттың үстінде отырған шабандоз қапелімде бір аяғын көтеріп қалса, ат та аяғын көтеріп, жорға үш аяққа түсіп қалады. Сондықтан шабандоз екі аяқты тең ұстап, алдыға қарай көлбеу әрі нық отырады. Өйтпесе шын жорға артқы аяғымен адамның өкшесін қағуға дәс қалып жорғалайтындықтан ырғақ бұзылса жығылып-сүріну қаупі мол.   

 
 

жиған-терген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 146 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: