13:55
Атбегілік арналары

ЖОРҒАНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ

Жорғаны баптау

Жорғаны алдымен жүрісінен жаңылмайтын етіп, жорғалатып үйретеді. Оны жас кезінде үнемі қолға ұстап, жорғасын жетілдіріп отымаса, жорға жылқы тез айнып қалады. Жасы үлкейіп, жорғасы әбден толысқан шақта жылқы қанша жүрсе де, жорғасы бұзылмайтын болып қалыптасады.

Ол үшін жорғаны үнемі мініп, басын тежеп, басқа жүріске түссе, оны күштеп жорғалатып баптайды. Жорғаны көп бос жібермейді. Бос жүрсе жорғасынан танып кетеді деп есептейді. Жаратылысынан жорға туған жылық, үйірде бос жүрсе де жорғалап жүреді.

Осылай жүрісі жаттыққан жорғаны жарысқа баптайды. Ол үшін үйірге жіберіп, тойындырады. Жілік майы толып, ақжіліктенген кезде ұстайды. Етін қатырады. Бірнеше дүркін арам терін алады. Кейбір жорғалар ұшқыр болса, кейбір жорғалар еті қызған соң жүрісі түзеледі. Осының бәрін есепке алып және жарыс жолының ара қашықтығына да байланысты ат иесі жорғасын баптап дайындайды.

Жорғаны жүйрік аттар сияқты күрделі баптамайды. Кейбір жағдайда ат иесі той-томалақаққа мініп келген жорғасын қолма-қол жарысқа қосып жіберетін оқиғалар да болып тұрады. Өйткені жорғаны көп байламай мініп жүріп баптайды.

Жорғаны тек өз иесі ғана мініп жарысқа түседі. Себебі жорғаның жүрісі көп ретте иесіне қатысты. Басқа адам мінсе жорға жатырқап жүрмей қояды.

Кейбір тәжірибелі жорғашылар қыста мұз үстінде жорғаның төрт аяғын бүршікті темір тағамен тағалап, жорғалатып жаттықтырады.

Жорғаны құр жіберіп, ақ жіліктендіріп отырған дұрыс. Үнемі мініске түскен жорға тез қартайып, қуаты азайып, қара кеміктеніп кетеді. Сол үшін құр жіберіп, етін қатырып, мініп, жорғасын есіне түсіріп отырған дұрыс.

Бабына келген жорғаны жорға жарысына қосады. Бастысы: жорға жорғасынан танбайтын, бірқалыпты жорғалап жүріп отыруы шарт.

Жорға иесі атын жарысқа қосардан бұрын өзі мініп бір дүркін терін алады. Терлеген жорғаның тынысы кеңіп, алқымы ашылып, ұзаққа жорғалай алады. Жорғалардың да ұшқыры, қыза жорғалайтыны, шыға сала бірқалыпты жорғалап ырғақ бұзбайтындары болады.

Жорға жарысының ұзақтығы жүйрік аттар жарысатын қашықтықтың үштен біріне сай болады. Сондай-ақ жорғаның жүрістері сәнді-мәнді ырғақты келетіндіктен, барлық көрермендер көріп, сүйсінерліктей көз алдарында, яғни биік төбені айнала жорғалап жарысады.

Кәнігі жорға жаратушы атбегілердің айтуына қарағанда, жорғаны бар-жоғы 10 күн баптайды. Осы уақыттың ішінде: үш дүркін терін алады, төрт дүркін қашықтыққа жорғалатып жүрісін қанықтырады.  

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 140 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: