13:51
Атбегілік арналары

ӘРТҮРЛІ ЖАСТАҒЫ ЖҮЙРІКТЕРДІ БАПТАУ ТӘСІЛІ

Бесті атты баптаудың ерекшелігі: Бесті атты баптау айғыр немесе жуан атты баптаумен бірдей. Бірақ, бесті аттың басқа жылқылардан физиологиялық ерекшелігі: денесіне жуан аттар сияқты қалың май жинамайды, сөйте тұра, қара еті шымыр келеді. Сол себепті сылаң-аяңмен көп жүргізген жағдайда, ет майы тез тарқайды.

Сондықтан бесті атқа көңіл сергіту жұмысын жасағанда, сылаң-аяң мен қатты-аяңды қатар пайдаланған оңтайлы. Ескеретін жайт: бесті атты ыстық немесе жауынды күні айналма-аяңға салмайды. Негізінен бесті аттың кермесі салқын биік, дөңес жерде болғаны жақсы. Әрі жұқа матадан жұмсақ кежім жасап үнемі жабулап отыру артықтық етпейді.

Құнан баптаудың ерекшелігі: Құнан жылқыны баптағанда өте ептілік қажет. Өйткені бұл жастағы жылқының ішкі ағзасының жетілуі мен физиологиялық дамуы күн сайын өзгеріп тұратындықтан оның бәрін біліп, ескермейінше баптау қиын.

Құнанды жаратуға ұстағанда 15-20 күннен асырмаған жөн. Терін ашық алған дұрыс. Қара жарысқа салғанда кіші және орта қашықтыққа ғана жіберу қажет.

Тай баптаудың ерекшелігі: Адам атбегі болу үшін алғашқы ретте тай баптауды меңгерген дұрыс. Тайды жаңа шыққан көкке тойып, бүйірі шыққан кезден бастап баптайды. Әрине, алдымен мініске үйретеді. Ол үшін бала-шаға мінетін шаығн ер ерттеп, ұзын шылбыр-арқан сүйретіп, бастықтырады.

Тайды үйрету барысында ескеретін жайт жас жылқыға әуелден жалтақ-алаң мінез сіңіп қалмау үшін өсіп-өнген үйірді дауыс жетер жерге иіріп қойып, асау тайды қаңтарылған күйі үйірге 2-3 рет жіберіп, қайталап ұстаған нәтижелі болмақ. Одан кейін балаға мінгізіп, қақпайлап жуасытады.

Тай толық жуасыған соң баптайды. Баптау кезінде оны қатты қинауға немесе ашықтырып зорықтыруға әсте болмайды. Жас жылқыны күш түсірмей баптаған дұрыс. Баптау барысында етін қатырып, бойын жеңілдетуді басты қағидат еткен абзал.

Тайды 15 күннен көп асырмай баптайды. Терін 3 немесе 4 дүркін алса жетіп жатыр. Тай баптау кезінде есте болатын дүние бүгінгі тай ертеңгі тұлпарлардың ізін басатын жүйріктің жалғасы есепті оны ә дегенде, дұрыс шаптырып үйреткен жөн. Сондықтан қара жарыс жасағанда теп-тегіс жазық таңдап алынып, шабыс ырғағын бұздырмай ұстап, үйретеді.

Шабыс үстінде тайды қатты қамшылап қинамаған қолайлы. Бұқпа, үркек, жалтақ мінезге бойын үйретпеген абзал. Әрі аяқ-қолына қан түсіріп, немесе тыныс жолын булықтырудан сақтанған дұрыс.

Тайдың жарыс жолы 10-12 шақырымнан аспайды. Бұл аралықты қазақ халқы «тай шаптырым» деп атайды. Тайдың қара жарысын 8 шақырымнан асырмай 1-2 рет жасайды.

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 141 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: