16:21
Атбегілік арналары

ӘРТҮРЛІ ЖАСТАҒЫ ЖҮЙРІКТЕРДІ БАПТАУ ТӘСІЛІ

Жүйрік жылқыларды баптаудың жастық ерекшеліктері де бар. Мысалы, тай кезінде жүйрік болар деп үміт еткен жылқыны құнанында баптап, бәйгеге қосып байқайды. Ондағы мақсат – жас жылқының қолтығын жаздыру, жер таныту, таластырып үйрету болып табылады.

Ал құнанында шылбыр ұстатып үміттендірсе, дөненінде қоңды шығарып піштірген соң қанын толтырып, сол жылы бәйгеге қоспай өткізеді. Бестісінен бастап баптайды.

Айғыр баптау: Көшпелі халықтарда арнайы айғыр жарысы болған. Мысалы, моңғол жұрты осы үрдісті күні бүгін үзбей сақтап келеді. Айғыр жарыстыру үшін оны жарату керек.

Айғырды жаратуға байлау мезгілі биелер көктемде құлындап, айғыр үйірден шығатын мезгілде байланады. Айғырды үйірден ұстап жаратуға байлағанда ол жалығып немесе қорланып қалмас үшін алғашқы 3-4 күн үйірдегі жас бие, байталдарды қасына бірге байлайды. Үйірді басқа айғыр айдап кетпейтіндей оңаша бағады.

Айғыр баптау мерзімі қоңына байланысты болады. Көп жағдайда 25-30 күн жаратады. Күндізгі баптау ісі аяқталған соң айғырды үйіріне жіберіп, бабымен жайылтады. Кешке қайта ұстап байлайды.

Есте болатын дүние: айғырды жаратуға ұстаған күні төрт дүркін (сиыр сәске, шаңқай түс, күн енкейгенде, іңірде) көңілін сергіту, яғни, рухын ояту жұмысы жасалады. Ол үшін айғырдың құрық-жалын шарт түйіп (өріп), үстіне бәйге тоқымын жауып, шабандоз баланы мінгізеді де, кермені айналдыра қиқу салып сылаң жүріспен аяңдатады.

Әрбір айналым-аяң 30-40 минуттан асапағаны жөн. Бұрын бапталып үйренген сақа айғырлар дереу рухы оянып, желпінеді. Оның белгісі: соңғы қиқуда айғырдың аяқ-қолы жеңілдеп, қос құлағын қайшылап, сауырын шайқап, қайта-қайта тезек тастайды.

Осы сәтте жерге түскен айғырдың жас тезегін сарғайып кепкенге дейін орнынан қозғамай сақтайды. Себебі жылқы малының біз біле бермейтін табиғи сипаты: басқа қылқылар иісі кеппеген лғалды айғыр тезегін иіскеп, өзінің ара боғын тастайтын ерекше құпиясы бар.

Жоғарыдағы айналым-аяңды аяқтаған соң кешкі салқын түсе айғырды ерттеп мініп, желге қарсы шоқыратқтатып екі шақырым жүргізген дұрыс. Аяқ-қолының сіңірі жазылып, бұлшық еті ширайды.

Сақа жүйрікті баптаудың ерекшелігі: Көп жыл бапталған сақа жүйріктер жыл сайын баптау мерзімі жеткенде табиғи түрде ішін тартып, психологиясы дайын жүреді. Сондықтан көп жыл бір атты баптап әбден кәнігіленген атбегілер қиналмай аттың қоңына қарап, тиісті шараларын атқарады.

Дегенмен сақа жүйріктерге тән ортақ дүние: үлкен қар жарысқа екі дүркін шаптырады да, тыныс ашу, шапқын жарыс жасау, қырлау тәсілдерін уақыты келгенде атқарады. Үлкен қара жарыстың бірін дәл бәйге болатын күннен 3 күн бұрын өткізген дұрыс. Ал кіші қара жарысты арасына 6-7 тәулік салып ұйымдастырған абзал. Жалпы алғанда жуан атты 30-35 күн баптайды.

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 169 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: