10:46
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІК БАПТАУДЫҢ МАУСЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Көктемде ат баптау ерекшеліктері

  1. Наурыз айының алғашқы күнінен бастап, күн сайын кешке 3-4 шақырым қашықтыққа аяңдатып жүріп қайтады. Кейін жүйрікті таң асырып суытады. Таң асып суып тұрған жылқы жерге жатпас үшін оның шылбырын биік мам ағашқа қысқа етіп байлайды.
  2. Таң асып суыған атқа алдымен аздаған таза нәрлі шөп беріп, содан кейін оны суарады, артынан екі қадақ сұлу береді де шөпке байлайды. Кешке таман 3-4 шақырым қашықтыққа сылаң-аяңмен жүргізу керек.
  3. Сәуір айы туғанда дейін жүйрікті 2-3 күнде бір суытып отырған дұрыс. Бірақ тұрақты беріп отырған жем-шөпке өзгеріс енгізбеген жөн.
  4. Көктемде жүйрік суытудың пайдасы – біріншіден, ескі шөптен қарыны тазарады, екіншіден, көкөзек шақта қуат жинап, жазда болатын баптау кезінде қиналмайды. Яғни, жілік майы үзілмейді.
  5. Сәуір айының алғашқы екі аптасында жүйрікті бұрынғы аяңдап баратын жеріне желдіріп, жүргізген қолайлы. Бірақ, жем-шөбін тым көбейтпей немесе азайтпай бұрынғыдай беріп тұрған дұрыс.
  6. Сәуір айының ортасынан асқанда 3-4 шақырым қашықтықтың алғашқы жартысын желдіріп, қалғанын шоқырақпен алып отырған тиімді. Жем-шөпке ептеп өзгеріс енгізу керек. Яғни, бұрынғыша суып, таң асқан жүйрікке нәрлі шөп беріп, суарады. Суарғаннан кейін бұрын беріліп келген екі қадақ жем берілмейді де, кешке суытуға шығар алдында береді.
  7. Кейбір бапкерлер бәйге аттарына көктемде көк тістетпейді. Себебі, жаңа шыққан көкті жеген жүйріктің еті бусанып, тыныс жолы қабынып, еті көбеңсиді. Сол үшін даланың шөбі әбден жетіліп, шешек жарғанға дейін қолда ұстаған дұрыс. Одан соң, яғни, маусым айында үйірге жіберіп, ішіне май жинатпай ұстап баптау керек.
  8. Егер жүйрік қыстан тым семіз шыққан жағдайда мамыр айында көк шалғынға 15-20 күн жіберіп, көк тістетіп, бойын жайдырып, майын таратып, қазысын арылтып барып, баптауға ұстайды.
  9. Жүйріктің еті ояздау, яғни күйі төмен болса, жаздың басында мамыр айынан бастап 30-40 күн қоя беріп, еті көтерілгенде қолға ұстап баптап, жілік майын шынылайды.
  10. Көктемде жүйрік баптаудың басты ерекшелігі – оның ішінде қыстан қалған шөп-шалаңды толық түсіру керек. Сол үшін тәжірибелі атбегілер жүйрігін көктемде өкпек желдің өтіне 3-14 тәулік (жылқының жасына және күйіне байланысты қанша тәулік ұстауды атбегі өзі шешеді) ұстағаны тиімді.
  11. Ескеретін жайт. Көктемде жүйрікті арқандап баптаған қолайлы. Сақа жүйріктерді жел қақтырып, таңертең және кешке су ішкізіп байқайды. Оның пайдасы: жүйріктің ішкі майы мен дене қуатының табиғи үйлесімі орнығады және төзімді болады. Бұл тәсілді бес жасар жүйрікке әлбетте жасау керек.
  12. Жүйрік жылқыны алғашқы көкке тойған күні ұстап мініп бір дүркін терлеткен дұрыс. Бұның пайдасы: жылқының өңі тез түрленетін болады.
  13. Қыстай ескі шөп жеген жылқының ас қорыту жолдарында қортылмай шөп түйіліп қалатын жайттар көп кездеседі. Бұл өте зиян. Өйткені, ол жылқының қартасын қажап шаптырмайды. Осындай түйілген шөп жүйріктің ішінде бар немесе жоғын аңдау үшін тәжірибелі атбегілер бауырын алдынан артына қарай сыпыра тарайды. Шөп байланған жылқының белгісі – құйрығы шошаңдап, сауырын көтереді. Осы шөпті түсіру үшін жылқыны көктемде жас көкке әбден тойдырып тышқақтатады.
  14. Қыстан күйлі шыққан семіз жүйрікке көктемде таңертең және кешке дүркін-дүркін су берген дұрыс, іш майы қатаяды.
  15. Жазда бәйгеге қосу үшін жоспарлаған жүйрікті мамыр айы туғанда киізбен жабулап, терін алған дұрыс. Терін алған соң жетектеп әрлі-берлі жүргізуді ұмытпаған жөн. Терлетудің алдында бір келідей сұлы берген тиімді.
  16. Мамырдың аяғына таман жүйрікті күнаралатып желе-жортып бсандырған дұрыс. Қатты қинауға болмайды. Бұның пайдасы – жылқының іш майы қатып, шыныланады.
  17. Бәйге аты қыста жемде тұрған семіз болса, мамыр айынан бастап 20-30 күн қоя беріп, көкке аунатып, көк тістету арқылы етін жайдырып, майын таратып, қазысынан арылтып, аяқтарын бір мезгіл көк шалғынға соқтырғаннан кейін ұстап баптайды.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 169 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: