17:11
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІКТІҢ ЖАБДЫҚТАРЫ

Жүйрік аттың басты жабдығы – өте жіңішке өрілген жеңіл ноқта-жүгендер. Бұдан кейінгісі кежім. Шабандоз ер-тоқыммен шабатын болса, онда жүйрікке арналған жеңіл ер ерттейді.

Қазақ атбегілері жүйріктерді жайдақ шапқызатын болған. Жайдақ шабатын жағдай туындаса, шабандозға үлкенірек балаларды таңдап алған. Кей жағдайларда атқа шапқан баланың құйрығы ойылмас үшін жүйрікке жеңіл шағын киіз шүберек тоқым таңып, оны бір айылмен басып беретін тәсілдер де кездеседі.

 

Жүйрік жабдықтарына қатысты шаралар:

  1. Жүйріктерді жұқа немесе қасаң тағамен тағалайды. Ертеде мүйіз таға пайдаланған.
  2. Жүйріктің қамшысы жеңіл, өткір, қырлы келеді.
  3. Жүйріктің басындағы жүген жеңіл әрі сағалдырығы тыныс алуға қолайлы кең болғаны жөн.
  4. Тоқым жүйріктің қапталын соғып тұрмауы үшін көтеріп байланады.
  5. Жүйрік жылқының жабдығында құйысқан, өмілдірік болмайды.
  6. Айылды төсінен, яғни бір жерден ғана тартады.

 

ТОП ЖАРАТЫН ЖҮЙРІКТІ ТАНУ

Қазақ ғұрпында бәйге болардан бір күн бұрын жүйрік танитын сыншылар жарысқа түсіру үшін бапталған жылқыларды бір-бірлеп қарап шығып, бұл жолы қандай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін тап басып, айтып беретін болған. Әрине, олар көріпкел емес, бірақ бабы сәйкесіп, озып келетін жүйрікті белгі-бітімдеріне қарап ажырата алған.

 

Озып келетін жүйріктің белгі-бітімі:

  • Сыртынан қарағанда көбір жүні мақпал кілемнің түгі сияқты көрініп, әртүрлі мең ойнап, құбылып тұрады.
  • Қайта-қайта тілін жалап, құйрығын дүркін-дүркін тастап, есіней береді.
  • Сіңірі семіп қалған ат сияқты тартылған садақтың иініндей бүктетіліп тұрады.
  • Тісіне аппақ қақ пайда болып, таңдайына қаралтым қал қонады.
  • Жағын керіп есінейді.
  • Таранып саңлақтанады.
  • Иесіне иегін артып еркелейді.
  • Бәйге жолына шығуға асығады.
  • Көмбеге барарда жолға таласып жүреді.
  • Дамыл-дамыл тезек тастайды.
  • Кейбір жүйріктердің көз шарасына мөлдіреп жас толады.

Осы жайды білетін атбегілер «мына ат бәйгеден бірінші келеді екен» деп топшылайды.

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 146 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: